Бүгін Астана қаласындағы діни басқарма ғимаратында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ІІ Халықаралық Құран жарысының әділқазы мүшелерімен кездесті.
Кездесуге Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Файсал Ханеф Әл-Кахтани, сондай-ақ төрешілер құрамынан Осман Сахин (Түркия), Насер Әл-Құтами (Сауд Арабиясы), Насрулла Искандаров (Қырғызстан), Махер Фарамауи (Мысыр Араб Республикасы) және әділқазылар алқасының төрағасы Ерсін Әміре қатысты.
«Құран – адамзат баласына тура жол көрсету үшін түсірілген мәңгілік мұғжиза. Ал оны жаттап, үйреніп, насихаттап, әділ бағалай білу – үлкен жауапкершілік пен рухани мәртебе. Бұл мәртебе осында отырған Өздеріңізге беріліп отыр. Аллаға сансыз шүкірлер болсын!
Шет елден арнайы келіп, халықаралық Құран жарысының әділқазылары қатарында қызмет етулеріңіз – бұл жарыстың халықаралық деңгейдегі беделін көрсетеді. Сіздердің Құран іліміндегі терең білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз, риясыз ықыластарыңыз жарысқа қатысушыларға ғана емес, барша көрерменге де өнеге болады деп сенемін», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесу барысында шетелдік әділқазылар қазақ жерінде өтіп жатқан мұндай айтулы жарысқа қазылық ету – өздері үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін атап өтіп, жылы лебіздерін жеткізді.


