Мұсылман қоғамы үшін қарым-қатынас әдебі тақырыбы қашанда өзекті, оны сыйластық әдебі деп те атауға болады.
Ислам тәрбиесі әр мұсылманға өзге мұсылманмен араласып, қатынас жасаудың өзіндік әдебін үйретеді. Бұл қалыптасқан нормалар Құран мен сүннет негізінде анықталған. Онда сыпайылық, байыптылық, ұстамдылық, қарапайымдылық, әдеп, сыйластық пен құрмет негізге алынады.
Ардақты Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) өзі «Мен әлемге адамгершілік қасиеттерді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деген болатын. Тағы бірде ол кісінің бойындағы жұртпен қарым-қатынас әдебіне сүйсінген сахабаларына «Мені раббым тәрбиеледі, ол маған ең жақсы тәрбиені берді» деген. Осы себепті мұсылман кісі қоғамда өзін қалай ұстауды білуі тиіс.
Ол ислам ұстанымының бейбітшілік пен тыныштық, татулық пен тұрақтылықты, достық мәмілені сақтау екенін қаперде ұстай отырып жақындарымен араласады. Ата-ананы сыйлау, ағайын-туғанның татулығына қызмет ету, көрші-қолаңмен жақын туыстай араласу, үлкенге құрмет, кішіге ізет, әйелді сыйлау, досқа адалдық т.с.с. бұлардың бәрі де қазақ қоғамында орны бар құндылықтар.
Мұсылман кісі осылардың әрбіріне тиісінше көңіл бөліп отыруы тиіс. Мұсылмандардың бір бірімен қарым-қатынасы әрдайым сыйластық пен өзара түсіністікке негізделуі тиіс. Себебі сыйластық, түсіністік, кешірім, жанашырлық, жәрдемсүйгіштік жоқ жерде ынтымақты өмір болуы қиын. Ислам бейбітшілік діні ретінде әрдайым татулық пен сыйластықты жоғары бағалайды.
Бір ғана туыстық қатынас дұрыс болу үшін мына жағдайларға көңіл бөлу керек: үйіне арнайы іздеп бару, хал-жағдай сұрасу, хабарын алып тұру, хат жазу, ауырса көңілін сұрау, қуанышын бөлісіп, қайғы-мұңына ортақтасу, басына іс түскенде жанынан табылу, сапарға кетсе, бала – шаға, мал-жанына қарайласу т.б.
Ал бүгін осы қарым – қатынас әдебі жастарға қаншалықты насихатталып отыр? Осы тұрғыдан келгенде тақырыптың көтеретін рухани моралдық жүгі жеңіл емес.
Құран Кәрімде жоғарыда айтқан ата-ана, туыс, бауыр, көрші, доспен, әйелмен сыйластық әдебі туралы мынандай аяттар бар:
﴿ وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ …
«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар» (Ниса сүресі, 36-аят.
﴿ يَسْأَلُونَكَ مَاذَا يُنْفِقُونَ قُلْ مَا أَنْفَقْتُمْ مِنْ خَيْرٍ فَلِلْوَالِدَيْنِ وَالأقْرَبِينَ وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَابْنِ السَّبِيلِ
«(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар; Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі де» (Бақара сүресі, 215-аят.).
وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚإِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا
«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» (Исра сүресі, 23-аят.).
وَاتَّقُوا اللَّهَ الَّذِي تَسَاءَلُونَ بِهِ وَالْأَرْحَامَ إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبًا
«Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы» (Ниса сүресі, 1-аят).
﴿وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاء بَعْضٍ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاَةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللّهَ وَرَسُولَهُ أُوْلَـئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللّهُ إِنَّ اللّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ﴾
«Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-бірлеріне көмекші. Олар жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыяды, намаз оқиды, зекет береді, Аллаға, Оның Елшісіне мойынсұнады. Міне, соларды Алла рахымына бөлейді. Расында Алла үстем әрі дана» (Тәубе сүресі, 71).
Тақырыбымыз тұрғысынан бұл аяттарда айтылған мазмұн терең-ақ. Бұл тақырып хадистерде де жеткілікті түрде қамтылған.
عنعبد الله بن مسعود ـ رضي الله عنه ـ قال : سألت رسول الله ـ صلى الله عليه وسلم ـ أي العمل أحب إلى الله ؟ قال : الصلاة على وقتها . قلت : ثم أي ؟ قال : بر الوالدين . قلت : ثم أي ؟ قال : الجهاد في سبيل الله.
Абдулла ибн Масғуттан (Алла одан разы болсын) айтты: Алла Елшісінен (с.а.у) сұрадым: «Алла алдында қандай амалдар абзал?» – деп. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Уақытында оқылған намаз» деді. «Сосын қайсысы?» дедім. Ол кісі: «Ата-анаға жақсылық», – деді. Содан кейінгісін сұрағанымда: «Алла жолында жасалған жиһад» деп жауап берді (Бұхари, Мүслім).
« من أرضى والديه فقد أرضى الله ، ومن أسخط والديه فقد أسخط الله ».
«Кімде-кім ата анасын риза қылса, Алланы риза қылғаны, егер ата-анасын ашуландырса, Алланы ашуландырғаны» (Ибн Нәджардың хадисінде).
فعن أنس بن مالك -رضي الله عنه- قال: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:من سرَّه أن يُبسَطَ له رزقُه، وأن يُنسَأَ له في أثرِه، فلْيَصِلْ رَحِمَه
«Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бухари);
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : » مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ ، وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ ، وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ » .
«Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари, Мүслім).
«Мұсылманның бауыры алдында алты міндеті бар. Олар: оның берген сәлеміне жауап беру; шақырылған жерге бару; егер бауыры кеңеске мұқтаж болса, онда оған шынайы кеңес беру; егер бауыры түшкіріп, «әл-хамду лиллә» (Аллаға шүкір) десе, оған «ярхамука Алла» (Алла сені жарылқасын) деп жауап беру; егер ол ауырып қалса, оны зиярат ету; бауыры қайтыс болса, оның жаназа намазына қатысу» (Мүслим).
عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا زَالَ جِبْرِيلُ يُوصِينِى بِالْجَارِ حَتَّى ظَنَنْتُ أَنَّهُ سَيُوَرِّثُهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.
Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» − деген (Ахмет риуаят еткен).
«Сендердің ең жақсыларың – өзінің жанұясына жақсы болғандарың. Мен жанұяма жақсы қараймын. Әйелдерді ардақтылар ғана ардақтайды, нашарлар ғана нашарлатады» (Ибн Асакир риуаят еткен)
Тақырыпқа қатысты қиссалардың біріндеАлқама есiмдi сахаба туралы айталды. Ол үнемi мұқтаж жандарға қол ұшын берiп жүретін. Бiр күнi қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалғанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) халiн сұрауға бiрер сахабасын жiбередi. Олар келгенде: «Кәлима тауһид пен калима шаһадатты айт», – дейдi. Сонда Алқаманың тiлi күрмелiп, ештеңе дей алмайды. Осы хабарды естiген Пайғамбарымыз (с.а.с.): Алқаманың ата-анасы бар ма? – деп сұрайды.
– Иә, қарт анасы бар, – деп жауап бередi қасындағылар.
– Әй, Бiләл, маған Алқаманың анасын шақырып кел, – дейдi Алланың соңғы Елшiсi. Анасы келгенде: «Сiз Алқамаға ренжiп жүрсiз бе?» – деп сұрайды.
– Иә, мен оған қатты ренжулiмiн, – дейдi.
Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.):
– Түсiнiктi. Анасын өкпелеткенi үшiн тiлi кәлимаға келмей жатыр екен. Имансыз қалпы өлiп кетпесiн. Отын жинап әкелiңдер. Алқаманы отқа жағамын, – дептi. Сонда байғұс анасы:
– О, Алланың Елшiсi! Сен ұлымды көз алдымда қалай отқа тастамақсың? Менiң жүрегiм бұған қалай шыдайды? – дейдi.
– О, Алқаманың анасы, Алла Тағаланың азабы, оның ақыреттегi жалындаған оты бұл дүниедегi оттан әлдеқайда күштi. О дүниеде балаңыздың жанғанын қаламасаңыз, разылығыңызды берiңiз. Разылығыңыз болмаса, балаңыздың оқыған намазы, берген садақасы тозақ отынан құтқара алмайды, – дегенде, дереу анасы қолын жайып:
– Иә, Алла, Өзiң және қасымдағылар куә болсын! Ұлым Алқамаға разымын, ақыретте одан ақымды сұрамаймын, – дептi. Осы оқиғадан кейiн Алқамаға барғандар оның тiлiнiң кәлимаға келiп, сөйлеп жатқанын көредi. Сол кезде әлгi сахабалар қуанып:
– Аллам, соңғы демiмiз бiтер кезде бiздiң де тiлiмiздi кәлимаға келтiрудi нәсiп ет, – деп жамырай дұға жасапты.
Имам ағзам Әбу Ханифаның да сыйластық әдебі турасында жақсы оқиғасы бар. Ол кісінің маскүнем бір көршісі бар еді. Күнде дабырлап сөйлеп, жанұясына жанжал шығарып, түнімен ұйықтамай ел-жұрттың да, имамның да мазасын алатын. Сол көршісі бірде абақтыға қамалады. Имам болған мән-жайға қаныққан соң, қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатып алыпты. Екеуі бірге қайтып келе жатқанда, өзінің бұл қылығына ұялған жігіт: “Өзіңізге жамандығы болмаса, жақсылығы жоқ адамды неге босатып әуреледіңіз?” – деп сұрапты. Сонда имам ағзам: “Жігітім, сен қандай адам болсаң да, менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау – мұсылмандардың міндеті. Мен өз міндетімді ғана орындадым. Қайта кешірек естіп, кештеу қамдандым ба деп өкініп келемін” – деп жауап беріпті. Мұны естіген әлгі жігіт тәубаға келіп, имамның шәкірті болған деседі.
Иә,Ислам діні қоғамдық қарым-қатынас әдебіне ерекше көңіл бөледі, өйткені ол қоғамда татулық пен бейбітшілік, сыйластық пен құрмет салтанат құрғанын қалайды. Бұл тұрғыда Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) қалдырған өнегесі аз емес: жұбайларымен жарасымды ғұмыр кешкені, әрдайым өзара түсіністік пен сыйластықты жоғары қоя білгені, ауырған көршілерінің қалын сұрағаны, туыстарына қарасқаны т.б. Бұның барлығы қоғамдық қатынас тұрғысынан мұсылман үмбеті үшін үлкен өнеге екені анық.
Ендеше, Алла Тағала көркем мінезбенмаңайымызда әрдайым жақсылықтың жаршысы болуды, жақынымызға жанашырлық танытып, жұртпен мәмілелі болып, сыпайы қарым- қатынас жасай білуді, бес күндік сынақ өмірде сыйласып өтуді нәсіп еткей!
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысының Бас имамы.