Дүние және ақырет тіршілігімізге байланысты мәселелерде Қасиетті Құран аяттарында, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм) хадистерінде жан-жақты қамтылған.
Соның ішінде жақсы амал мен жаман амалдарды да ажыратып, жақсы амалға ұмтылу, жаман амалдан аулақ болу бұйрықтар жетерлік. Әлбетте, жақсы амал өзімізге пайдалы болған соң, оны жасауды бұйырды, ал жаман амалдардың өзімізге зияны бар болған соң олардан тыйды.
Бүгінгі мақаламызға жаман амалдардың қатарына жататын амал, оңай олжа табу, еңбексіз күн көруге жетелейтін құмар ойыны арқау болады. Өйткені, аталмыш дерт бұл күндері шындығында да қоғамға үлкен зиянын тигізуде. Қаншама жастарымыз құмар ойындарына құмартып, ата-анасының еңбектеп,тірнектеп тапқан табысын оп-оңай құмар ойындарына салып жатыр.
Қаншама отбасы осы құмарлықтың салдарынан ойрандалып жатыр десеңізші?
«Құмар» – негізі арабша сөз, аятта құмар сөзі емес «майсир» сөзі келген. Жеңіл жолмен нәпақа табу мағанасын білдіреді. Нәпсі қалауына беріліп құмар ойындарын ойнау шариғатымызда қатаң тыйым салған.
Құмар ойындарын ойнау үлкен күнә болып есептеледі. Қасиетті Құранда Алла Тағала : «Мәида» сүресінің 90-аятында былай дейді:
«Ей, мүминдер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұттарға (тас мүсіндерге) шоқыну, бал оғымен бал алу – жиіркенішті қылық, шайтанның ісі. Тілекке жетеміз десеңдер, бұл істерден аулақ болыңдар».
Бұл аятта, яғни спирттік ішімдіктер ішу, құмар ойындарын ойнау шайтанның амалынан саналатын ластық екені, яғни нағыз арам іс екені туралы түсірілген үкім. Осы үкімге байланысты мас қалатын ішімдіктер ішу және құмар ойындарын ойнау арам етілді.
Алла Тағала «Мәида» сүресінің 91-аятында былай дейді: «Шайтан арақ, құмар ойыны арқылы араларыңа дұшпандық, араздық салмақшы және сендерді намаздан, Алланы еске алудан тоспақшы болады. Сендер әлде де тыйылмайсындарма?” -деп құмар ойындарын адамды мас қылатын ішімдіктермен бір қатарға қойып, олардың адам баласына, отбасыға, қоғамға тигізетін кесірі ауыр екендігі анық айтылған. Сонымен қатар, бұл құмар ойындары дос-жаран, ағайын, туған-туыстың араларына іріткі салатын амал.
Өйткені, құмар ойнына берілген адамның көзін тұмандатып, дос-жараң, ағайын-туысты ұмыттыратыны анық.
Құмарға берілген адам барлық дүниені ұмытып, есіл-дерті ақшаға ауып, қалай ұтып алуды ғана ойлап, оның мақсаты құмарға тігілген ұтысты жеңіп алу ғана болады.
Ойынға керіскен барлық құмар ойнаушының көздегені -тек қана ұту. Ал, ұтыстың тек бір адамға ғана тиесілі екені белгілі. Ұтылған жандар болса ашу-ызаға булығып, шайтанның арбауына түсіп,түрлі арам ойларға ерік береді.
«Жығылған күреске тоймайды» демекші, ұтылған жерден айналшықтап кете алмай басы ауырады. Қайтсе де ұту үшін қалтасындағы барын салады, жоқ болса қарызға ойнайды, нәтижесінде тағы ұтылады. Соңында отбасын, бала-шағасын нәпақасыз, аш жалаңаш қалдырып, азып-тозып, күнәға белшесінен батады.
Ал құмар ойынында ұтқан кісі ше? Ұтып алған ақшасына қанағаттана алмай ақша көбейген сайын көбейе түссін деп құмар ойынын ары қарай жалғастыра береді. «Өгізге туған күн бұзауға да туады»,-демекші, дүние алма-кезек, күндердің бір күні ол да ұтылады. Нәтижесінде отбасын, бала-шағасын нәпақасыз, аш жалаңаш қалдырады.
Күнә –адам баласының өмірінің берекесіз болуына апарып соғады. Өйткені, Имам Ахмад ибн Мажадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм): «Расында құл жасаған күнәсымен ризық-несібеден мақұрым етіледі». Адамның бойында күнә істері көп болса ризық несібесінің аз болуына әсер етіді.
Адамның қас дұшпаны шайтан малғұн адамдарды осындай жаман қылықтарға, әдеттерге үйір етіп, адамдық қасиеттен жұрдай етіп, құрдымға апарады. Біздер шайтанның алдауына түспеуіміз керек. Өйткені, Алла Тағала біздерге ой-сана, ақыл-парасат берді. Ақылға салатын болсақ, құмар ойындары адамға жақсылық әкелмеген.
Құмардың тағы бір үлкен кесапаты алтын уақытын, жастық шағын, нағыз елге, отбасына, ата-анасына қызмет жасайтын сәтте екі дүниесінде де зияны бар құмар ойынын ойнап, өмірін өткізіп алатын жандар бар.
Денсаулықтың қадірін, уақыттың қадірін ұғып, уақытымызды тиімді пайдаланып, оны жақсы амалдарға, Алла Тағаланың алдындағы міндеттерімізді орындап, халқымызға, отбасымызға еңбек ету.
Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу аләйһи уәссәлләм) хадисінде:
«Көп адамдар қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет-денсаулық және бос уақыт»,- деген.
Денсаулық пен уақыт -шын мәнінде,үлкен нығмет. Оны бос, пайдасыз құмар ойындарына емес, игілікті іске, жақсы амалдарға жұмсау қажет.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм) тағы бір хадисінде:
«Нағыз байлық-дүниенің ағыл-тегіл көптігі емес. Нағыз байлық-жан-дүниенің байлығы. Яғни, барға қанағат етіп, әрі ешкімге мұқтаж болмай күн кешу» еңбек етіп аз болсын, көп болсын қанағат тұтып, адал жүру.
Шын мәнінде, Ислам шариғаты адам баласына зиян келтіретін құмар ойындардың бәріне тыйым салған.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм) өзінің хадис шәрифінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін»,- дейді. Демек, ол пенде күнәсінен садақа беріп қана құтыла алады деген сөз. Хадисте құмар ойынын ойнаудан бөлек, құмар ойынын ойнауға ұсыныс жасаудың өзі күнә боп табылатынын меңзеп тұр.
Садақа беріп күнəдан құтылады екенбіз деп, қайта істей беруге əсте болмайды.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм): «Күнә жасағанның ақылы жоғалады, ол қайтадан оралмайды»,- деп айтқан. Нәпсіге құл болып, күнәсін шыбын құрлы көрмейтін базбір пенделер бар. Ал, оның отбасыға, қоғамға тигізер кесапаты шаш-етектен.
Күнәға мән бермеудің ақыры апатқа апарары анық. Құмар ойынның кесірінен пенденің бойында арсыздық орын алып, адами құндылықтар түбегейлі жоғала бастайды.
Сондықтан Ислам дінімізде құмар ойындарына тыйым салынған.
Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм) хадис- шәрифінде; «Күнә істеген кезде көңілде бір қара нүкте пайда болады. Егер тәубе етілсе,ол дақ өшеді. Күнә істеуін жалғастырса,ол дақ үлкейіп көңілді толығымен қаптайды»,-деген.
Ал, шын тәубе жасаған пендеге ізгілік бар. Мейрімі кең – Алла Тағала тәубе еткенді, ізгі іс жасағанның күнәларын сауапқа айналдырады. Қасиетті Құранда:
«Кімде-кім тәубе қылса,сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейрімді»,-делінген(«Фуақан»сүресі,70-аят).
Пендені күнәдан тазартып, жүректі жұмсартатын амалдардың бірі-истиғфар.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм): «Кімде-кім истиғфарды аузына тастамаса, оған Алла Тағала кез-келген тығырықтан шығу, әртүрлі қайғыдан құтылу жолдарын көрсетеді және оған күтпеген жерден ризық береді»,- деп өсиет еткен.
Басқа бір хадис шәрифте былай дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм): «Күнәдан жиіркеніп және ғибадаттан ләззәт алатын адам-шынайы мұсылман»,- деп айтқан.
Жалпы, құмар ойындарының кесапаты қоғамға, отбасыға кері әсерін тигізіп, адамның өміріне, денсаулығына, зияны анық екендігін ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзейік десек, Алла Тағала қайтарған құмар ойындарынан, күнә атаулыдан, жаман амалдардан аулақ болайық.
Жайлыбек КЕНЖЕАЛИЕВ,
«Хан Ордалы Сарайшық» мұсылмандар мешітінің имамы