Құранда не үшін Алла Тағала уақытпен ант етеді?

Уақыт – біздің өміріміз, адамға Алланың берген сыйы, Қиямет күні сұралатын аманаты, біз иелік етіп отырған нәрсенің ең қымбаты. Алланың пенделеріне берген көп нығметінің бірі. Қарызға алуға және беруге болмайды, сыйға тартылмайды, мұра ретінде қалдырылмайды.

Сіз бен бізден сұрамастан келіп, өтіп жатыр. Адам дүниесін, мансабын, денсаулығын, тағы басқа нәрселерді жоғалтса артқа қайтаруы мүмкін. Ал өткен уақытты қайтару мүмкін емес.

Алла Тағала қасиетті Құранда бірнеше жерде уақытпен ант еткен. Уақытқа серт етіліп басталған «Ғасыр» сүресі, күн, түн, сәске, таң, т.с.с уақытқа байланысты ант еткен аяттар көп. Алла Тағала немен ант-су ішсе одан кейінгі келетін нәрсенің маңыздылығын көрсетеді.

Алла Тағаланың Өзі біздің назарымызды аударып отырған уақытқа немқұрайлы қарау – нағыз ғапылдықтың белгісі.

Сондықтан да ақылды адам уақытының қадірін біледі. Бұл дүниеге не үшін келгенін, қайда баратынын да біледі. Өйткені пенде Қиямет күні уақытын қалай өткізгені жайында сұралмайынша, тұрған орнынан қозғалмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні пенде төрт нәрседен сұралмайынша, аяғы тұрған жерінен тапжылмайды. Өмірін қалай өткізгенінен, жастық шағын
қалай және немен өткізгенінен, дүние-мүлкін қайдан тауып, қай жерге жұмсағанынан және білімін қалай қолданғанын», – деген. Бұл хадиске қарар болсақ адам өмірінің әрбір сәтінен сұралатыны, сондай-ақ жастық шағынан сұралатыны айтылған.

Уақыттың үш түрлі ерекше қасиеті бар: Бірінші – өткен уақыт қайтып келмейді. Екінші – өткізген уақытқа есеп береміз. Үшінші – уақыт сатылмайды, сатып алынбайды. Сондықтан уақытқа сай міндетті болатын нәрселер: Уақытты босқа өткізбей, өзіңе пайда беретін нәрселермен өткізу, қанша жасасаң да бір күні дүниеден өтетініңді білу, дүниең үшін өлмейтіндей қызмет ету, ақырет үшін ертең өлетіндей амал ету, дүниеден өткен соң артыңда саған барып тұратын нәрсе қалдыру.

Ибн Масғуд (оған Алла разы болсын): «Мен өмірім қысқарып, сауапты амалдарсыз өткізген күніме өкінгенімнен артық өкінген емеспін», – деген. Сондықтан әр уақытымызды ғанимет тұтып, әсіресе жастық шағымызды Алла разы болатын игі амалдар жасауымыз қажет. Иманды, мүминдердің ерекшелігін сипаттаған бір аятта: «Олар бос және пайдасыз істерден аулақ жүреді», – делінген («Муминун» сүресі, 3-аят). Осылайша мұсылмандардың уақытын босқа өткізбейтінін баяндаған.

Қорыта айтқанда, Алла Тағала немен ант-су ішсе, одан кейінгі келетін нәрсенің маңыздылығын көрсетеді. Уақыт – адамның өмірі. Имам Шафиғи: «Уақыт – өткір қылыш іспеттес, егер сен оны кеспесең, ол сені кеседі», – деген. Кім уақытының құнын білмесе, өмірінің қалай өтіп жатқанына мән бермейді. Сондықтан ақылды адам уақыттың маңыздылығын ескере отырып, өзінің дүниесіне және ақыретіне пайдасы тиетін амалмен айналысады. Алла Тағала әрбір сәттің қадірін түсініп, оны босқа өткізбей, екі дүниемізге пайдасы тиетін амал істеуімізді нәсіп етсін!

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №12, 2024 жыл