Қырық жыл бойы Құраннан басқаны сөйлемеген әйелдің ғибраты

«Күнә істеп қойып жүрермін» деген қорқынышпен Құран Кәрім аяттарынан басқа ешқандай сөз сөйлемеген мына бір тақуа әйелдің халі қандай ғибратты еді.

Осы ғибратты оқиғаны жеткізген Абдулла ибн Мубарак былай деп әңгімелейді:

Алланың қасиетті үйіне (қағбаға) қажылық жасап болып, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қабірін зиярат ету үшін жолға шыққан едім. Жолда келе жатып алыстан қарайған бір нәрсеге көзім шалды. Жақындап келіп қарасам, үстіне жүннен тігілген киім киген, басына жүн орамал таққан жалғыз әйел екен. Оған:

  • Ассаламу алейкум уә рахматуллаһи уә бәрәкатуһ! – деп сәлем бердім.

Ол «Ясин» сүресінің: «(Бұл да) Аса жарылқаушы Раббыларыңның сәлемі!» (Ясин сүресі, 58-аят) – деген аятын оқып, сәлемімді алды.

Мен одан:

  • Алланың жақсылығы болсын. Сен бұл жерде жалғыз не істеп жүрсің?- деп сұрағанымда ол: « Алла кімді адастырса, оны ешкім тура жолға сала алмайды…»– деген Ағраф сүресінің 186-аятын оқыды.

Бұдан оның жолынан адасып қалғанын түсіндім. Сосын одан:

  • Қай жерге баруың керек еді? –деп сұрадым. Ол Исра сүресінің 1-аятындағы: «Бір түні құлын Мешіт Харамнан алып Мешіт Ақсаға апарған…»– деген жерді оқыды. Оның жауабынан қажылық жасап, Құдыс шаһарына қайтып бара жатқанын түсіндім. Одан:
  • Бұл жерде жүргеніңе неше күн болды?- деп сұрадым. Ол Мариям сүресінің 10- аятындағы: «Аман –сау күйіңде үш тәулік…» -деген жерді оқыды. Мен:
  • Жаныңда жейтін азығыңда жоқ екен!- дедім. Ол: «Маған жегізген де, ішкізген де Ол (Алла)»- деген Шұғара сүресінің 79- аятын оқыды. Мен одан:
  • Мына шөл далада немен дәрет алып жүрсің?- деп сұрадым. Ол Ниса сүресінің  43-аятындағы: «Егер су таба алмасаңдар, таза топырақпен тәйәммум алыңдар!..»-деген жерді оқыды. Мен:     
  • Менде жейтін бір нәрселер бар, соны ішіп-жеп ал!-дедім. Ол Бақара сүресінің 187-аятындағы «…Содан соң күн батқанға дейін оразаларыңды тәмамдаңдар…» – деген жерді оқыды. Мен оған:
  • Қазір Рамазан айы емес қой?- дедім. Ол Бақара сүресінің 158-аятындағы: «…Кімде- кім шын көңілімен (нәпіл) бір жақсылық істесе (сыйлығын алады). Өйткені, Алла ғибадаттардың сауабын беруші, әрі (барлық нәрсені) толығымен білуші»-деген жерді оқыды. Мен:
  • Сапарда жүргенде ауыз бекітпесе де болады ғой,- дедім. Ол Бақара сүресінің 184- аятындағы: «Егер білсеңдер (қиын болса да), сендер үшін ораза ұстағандарың әлде қайда жақсырақ» -деген жерді оқыды. Мен:
  • Менімен неге мен секілді (қарапайым тілде) сөйлеспейсің? – деп сұрадым Ол Кәһф сүресінің 18 –аятындағы: «Адамдардың аузынан қандай сөз шықса да, оны қалт жібермей жазып тұратын бақылаушы періште бар»-  деген жерді оқыды. Оған:
  • Сені түйеме мінгізіп, керуеніңе дейін жеткізіп салайын,- дедім. Ол Бақара сүресінің 197- аятындағы: «Сендер қандай жақсылық істесеңдер, Алла одан хабардар…» – деген жерді оқыды.
  •  Оны мінгізейін деп түйемді шөктірдім. Ол Нұр сүресінің 30 –аятындағы:  «Мүміндерге айт! Көздерін харамға қараудан сақтасын» – деген жерді оқыды.

    Түйеге мінгеннен соң ол: «Осыларды бізге бағынышты қылған Алла өте пәк! Әйтпесе, бұған біздің шамамыз жетпес еді. Күмәнсіз біз Раббымызға қайтарыламыз» – деген Зұхруф сүресінің 13-14- аяттарын оқыды.

    Жолда келе жатқанымызда Мүззәммил сүресінің: «Енді Құранның өздеріңе жеңіл келетін жерінен оқыңдар…» – деген 20- аятын оқыды. Мен де:

    «Енді даналық (хикмет) берілсе, күмәнсіз оған мол игілік беріледі… »-деген Бақара сүресі, 269- аяттан шабыт ала отырып: 

  •  Саған мол игілік беріліпті, -дедім. Ал ол болса, осы аяттың жалғасындағы: «…Мұны тек нағыз ақылдылар ғана түсінеді»– деген Бақара сүресі, 269- аятындағы жерді оқыды.

   Ақырында оның керуеніне де қуып жеттік. Сосын мен оған:

  • Мынау сенің керуенің. Оның ішінде туыстарың бар ма?- дедім. Ол: «Мал мен балалар- дүние өмірінің сәні» -деген Кәһф сүресінің 46- аятын оқыды. Керуенде оның балалары бар екенін түсіндім. Кейін:
  •   Олардың керуендегі қызметтері қандай?- деп сұрадым. Ол:«Бұдан басқа да қаншама белгілер жаратты. Олар жұлдыздарға қарап жол табады» -деген Нахл сүресінің 16-аятын оқыды. Бұдан балаларының жол көрсетуші екендігін түсіндім.

     Керуен жақты нұсқап:

  •   Сенің балаларың анау тұрғандардың қайсысы?- деп сұрадым. Ол: «…Алла Ибраһимді өзіне дос етті», «Алла расында да Мұсамен сөйлесті» және «Ей Яхия Кітапты бар күшіңмен ұстан»– деген Ниса сүресінің-125,164 және Мариям сүресінің 12- аяттарын оқыды. Сосын мен:
  •  Ей Ибраһим, Ей Мұса, Ей Яхия!- деп оларды шақырдым. Алдымнан жүздері толған айдай нұр шашқан үш жігіт шыға келді.

  Аналары оларға: «…Қазір араларыңнан біреуіңді мына күміс ақшамен қалаға жіберіңдер. Байқап көрсін! Кімнің тағамы таза болса, содан азық сатып әкелсін…»– деген Кәһф сүресінің 19- аятын оқыды.

  Олардың бірі қалаға барып, азық әкелді де оны менің алдыма жайды. Ол әйел: «Бұрын істеген жақсылықтарыңның қайтарымы ретінде көңіл рахатымен ішіп-жеңдер»– деген Хаққа сүресінің 24-аятын оқыды. Мен әйелдің балаларына:

  •  Маған аналарың туралы айтып бермесеңдер, тағамдарыңнан дәм татпаймын,- дедім. Олар:        
  • Біздің анамыз «Аллаға ұнамайтын қандай да бір қателік жасап қоямын ба?» -деген қорқынышпен қырық жылдан бері Құран Кәрім аяттарынан басқа ешнәрсе сөйлемей келеді, -деді. Мен оның бұл әрекетіне дән риза болып Жұма сүресінің: «Бұл – Аллаһтың қалаған құлына беретін артықшылығы. Аллаһ үлкен кеңшілік иесі» [1] – деген 4-аятын оқыдым.  

Біләл САҒЫНДЫҚОВ,                                                                                

«Мақат аудандық» мешітінің бас имамы.