«Қытайдан болса да, білім ал» деген мағынадағы хадис ел арасында кең тараған. Бұл хадиске кейбір хадисші ғалымдар әлсіз десе, кейбірі «негізсіз, тоқыма» деп баға берген.
Жалпы бұл хадистің мәтінінде, тізбегінде хадисші ғалымдар арасында жоғарыдағыдай көзқарас болғанымен, мағынасы дұрыс. Өйткені білім іздеу – әрбір мұсылман ерге де, әйелге де парыз. Құран Кәрімде де, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шәріптерінде де білім іздеуге ерекше мән берген. Құранның ең алғашқы аятының өзі «Оқы!» деп, бұйрық райында келіп, білім алуға үндеп тұр. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу – әрбір мұсылман ерге де, әйелге де парыз», – деп білім ізденудің әйелдерге де қатысты екенін айтқан.
Шариғатымызда білім дүние және ақыреттің жақсылығына жеткізетін болғандықтан, білім алуға ерекше мән берген. Ал «Қытайдан болса да, білім ал» деген тіркес Қытай мен оның халқының артықшылығына дәлел болмайды. Себебі Қытай ол уақыттағы арабтар жерінен шалғайда орналасқан еді. Сондықтан бұл сөз «Қытай сияқты алыс жер болса да, білім ізденіңдер» деген мағынада айтылған. Мұндай хабарларды анық Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені Алла елшісі айтпаған нәрсені Пайғамбар айтты деп айтудың күнәсі ауыр.
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы, №5, 2024 жыл