Рамазан айының алғашқы онкүндігінде Атырау мешіттерінде 297 мыңнан астам адамға уағыз-насихат айтылды
Атырау облысы мешіттерінде қасиетті Рамазан айының алғашқы онкүндігінде ауқымды рухани-ағартушылық жұмыстар жүргізілді. Осы кезең ішінде өңір мешіттерінде 460 мәрте уағыз-насихат ұйымдастырылып, жалпы саны 297 800 адам қамтылды.
Аталған насихаттар Атырау облысы аумағындағы барлық мешіттерде тарауих намаздары барысында, ауызашар дастархандарында және жамағатпен кездесулер кезінде жүргізіліп келеді. Имамдар мен дін қызметкерлері Рамазан айының рухани мәні, сабыр, мейірім, қайырымдылық, бірлік пен ізгі амалдардың маңыздылығы жөнінде кеңінен түсіндірме жасауда.
Сонымен қатар, «30 күнге – 30 амал» жобасы аясында күн сайын тақырыптық насихаттар әлеуметтік желілер арқылы да тұрақты түрде таралып отыр. Бұл жоба арқылы жамағатқа әр күнге арналған өнегелі амалдар ұсынылып, қоғамда ізгі құндылықтарды кеңінен насихаттау көзделген.
Айта кетейік, Рамазан айындағы рухани шаралар мен насихат жұмыстары алдағы күндері де жалғасын тауып, жамағатты имандылыққа, бірлік пен татулыққа үндей береді.




























