Рамазан – адам өміріне серпіліс беретін ай

Хижри жыл санауы бойынша 1441 жылдың қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Осындай берекелі күнге жеткізгені үшін Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын!


Берекелі Рамазан айы – асыға күткен мұсылман жұрты үшін Алланың шексіз мейіріміне бөленетін үлкен мүмкіншілік. Бұл айда пенде отыз күн оразасын ұстап, құлшылыққа құлшына кірісетін болса, Алланың нұры жаумақ. Отыз күн ораза парыз болған осы Рамазан айы – тура жолға бастайтын қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің түсе бастаған уақыты.


Құран Кәрім – адамдар үшін тура жолға сілтейтін және xақ пен жалғанның арасын ажыратып беретін ұлы кітап. Бұл жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: «Рамазан  айы – адамзатқа жолбастаушы болған һәм тура жолғасалатын, ақиқатпен жалғанның ара жігін ажырататын ең айқын дәлелдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай». (Бақара сүресі, 185-аят).


Рамазан – өзінің ішкі жан дүниесімен сыр бөлісіп, пенденің шын ықласымен тәубеге келу айы. Бұл айда Алланың раxымынан үміт ете отырып ауыз бекітіп, құлшылық жасаған адамның тәубесі қабыл болып, жапырақтары төгілген күзгі ағаштай күнәлары төгіледі. Рамазан араб тілінде «әр-Рамад» сөзінен шығып, «өте қатты ыстық» деген мағынаны білдіреді.

Рамазан деп аталуының себебі бұл ай күнәларды жағып, өртеп жібереді. Осыған байланысты бір xадисте Әбу Хурайра (р.а) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан күтіп ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі»,- деп айтты»- делінген (Бұxари, Саум-6, Мүслім, Cиям-203).


Сонымен қатар, осы қасиетті айда адамзат үшін әу бастан дұшпан атанған Ібіліс пен оның әскерлері әлсіреп, адамдарды адастырудан қалады. Тіпті шайтанның кісенделетіні туралы мына xадисте айтылған: Әбу Хурайра (р.а) жеткізген xадис: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Рамазан айы келгенде, жәннәттың қақпалары айқара ашылып, тозақтың қақпалары түгелдей жабылады. Шайтандар кісенделеді»,- деп айтты»,- делінген. (Бұxари,Саум-5, Мүслім,Сиям-1)


Рамазан оразасы – Исламдағы бес парыздың біреуі. Бұл ораза айы һижри (мұсылман күнтізбесі) бойынша 2-ші жылы парыз қылынды. Парыз болуы турасында Құран мен сүннеттен дәлел. Құранда Алла Тағала: «Уа, мүміндер! Сендерден бұрынғы қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де, ораза ұстау парыз етілді» (Бақара сүресі, 183-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдай жоқ екеніне, Мұxаммедтің Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, рамазан оразасынұстау, шамасы жеткендерге қажылыққа бару» (Бұxари, Иман-34).
Отыз күн ораза ғибадаты мұсылман кісі үшін тек белгілі бір уақыт ішіп жеу және нәпсі қалауларынан ғана тыйылумен шектелмеуі тиіс.

Ораза сондай-ақ, адамды көркем мінез-құлық,басқалармен жақсы көркем қарым-қатынасқа соның ішінде сабырлы болуға тәрбиелейтін, Алла Тағалаға құлынан анағұрлым жақындата түсетін құлшылықтың түрі. Себебі,  ораза ұстаушы күні бойы қарны аш, нәр татпастан жүреді. Бұл жағдайды қазақшалап айтқанда «адамның сіркесі су көтермейді».

Міне, осы кезде пенде өзінің ораза екенін әрдайым естен шығармауы тиіс. Кез-келген жағдайда әдептілік пен сабыр сақтап, жалпы жаман сөз, жағымсыз қылықтардан аулақ болғаны жөн. Өйткені, оразаның арабшада «әл-имсәк» сөздік мағынасы– алыстау. Сондықтан мұсылман адам оразаның,  яғни белгілі бір уақыт ішіп жеу және нәпсі қалауларынан тыйылу жағын алмай, екінші тұсында ескеруі қажет.

Осы орайда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ораза иесін күнәлардан, тозақтан қорғайтын қалқан. Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын, әрі ешкімге дауыс көтермесін. Егер оған біреу тіл тигізсе, не болмаса онымен ұстасып, төбелеспек болса, оған: «Менің ауызым берік!», -деп ескертсін»,-деген (Бұxари, Саум-9, Мүслім,Сиям-163).


Рамазан айының оразасы пендені ерекше есепсіз сауапқа кенелтеді. Себебі адам оразаны Алла тағала әмір еткені үшін ұстайды. Осыны ұмытпауымыз керек. Кез келген құлшылық асыл дінімізде ең алдымен, оны Жаратушымыз Алла тағала әмір еткені үшін жасалады, міне Рамазан оразасы да дәл осындай. Сондықтан оның сауабы ерекше.  Яғни, ораза сауабының молшылығының ерекшелігі, оны тек Алла Тағала біледі.

Имам Бұxаридың риуаятында Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Ұлылығы шексіз Алла Тағала: «Құлым ас-ауқаттан, сусыннан және нәпсінің қалауларынан тек Мен үшін бас тартады, сондықтан оның сауабын Өзім беремін. Әрбір жақсылыққа он есе сауап жазамын», – деп айтты» – десе (Бұxарисаум 3), Имам Мүслімнің xабарында: «Алла Елшісі (с.ғ.с.)  «Адам баласының барлық амалдарының сауабы еселенеді. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», – деген.

Құдіреті шексіз Алла Тағала: «Оразаның жөні бөлек, өйткені ораза тек қана Менің разылығы мүмін ұсталады.  Сондықтан оның сауабын Өзім беремін. Құлым ас ауқаттан, сусыннан, нәпсінің басқа да қалауларынан тек мен үшін бас тартады»,- деп айтты», – делінген (Мүслім сиям 164).
Осы айтылған xадистердің әрі қарай жалғасын оқитын болсақ, мұсылман үшін отыз күн оразаның әр күнгі ауызашардан көреміз.

Сол сияқты қарын ашқанда адамның ауызынан шығатын иістің мәртебесінің қандай екені туралы Алла Елшісі (с.ғ.с) «Мұxаммедтің жаны құзырында болған Алланың атымен ант етейін! Ораза ұстаушының аузынан шыққан жағымсыз иіс Алла тағаланың жанында мисктен (xош иісті әтірден) де жұпарлы болып табылады. Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанда, ауыз ашқаны үшін қуанады және Раббысымен (Алламен) қауышқанда ораза ұстағаны үшін қуанады»,- деп айтты (Бұxари, Саум-9, Мүслім,Сиям-163).


Негізінде Рамазан –  адамның өміріне серпіліс беретін бір ай. Өйткені адам баласы белгілі бір уақытта белгілі бір нәрселермен шектеліп қалуы мүмкін. Сондықтан отыз күн оразада бастаған ізгі амалдарды Рамазанның бітуімен тоқтатпауы тиіс. Келесі Рамазанға дейін Алла есендік берсе жалғастыруы керек.


Келе жатқан Рамазан айы барша мұсылмандарға құтты берекелі болсын! Алла Тағаладан тілеп жүрген дұға-тілектерімізді, құлшылықтарымызды қабыл еткей! Әрқашан аспанымыз ашық, жүзіміз жарқын, xалқымыз аман, еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болсын! Әмин!

Имам Ержан ҚУАНЫШҰЛЫ,
«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы.