РАМАЗАН: АЛҒАШҚЫ ОНКҮНДІКТЕ АУҚЫМДЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫ ӨТТІ

Рамазан айының алғашқы он күндігі қарсаңында Атырау облысы мешіттерінде жамағатқа арналған ауызашарлар мен қайырымдылық шаралары кең көлемде ұйымдастырылды.

Аталған кезеңде өңір мешіттерінде 15 280 адамға ауызашар дастарханы жайылды. Игі шаралар жамағаттың бірлігін арттырып, қасиетті айдың рухани мәнін терең сезінуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар «Рамазан сыйы» жобасы аясында және Жұмысшы мамандықтар жылына орай әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, 670 отбасыға қайырымдылық себеттері табысталды. Оның ішінде еңбек адамдары, жетім балалар және көп балалы отбасылар қамтылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қайырымдылық бастамалар Рамазан айы бойы жалғасып, қоғамда мейірім мен жанашырлықты арттыруға бағытталады.