Рамазан – мейірім мен береке айы

Рамазан – жүректер жұмсаратын, рухтар жаңаратын, күнәлар кешірілетін ай. Бұл ай келгенде мұсылман әлеміне ерекше тыныштық пен нұр төгіледі. Таң сәрідегі сәресі, кешкі ауызашардағы шүкіршілік, түнгі тарауихтағы төгілген көз жасы – бәрі де құлшылықтың хош иісін сездіреді.
Рамазан – тек аш жүру емес, нәпсіні тәрбиелеу, тіл мен көзді, жүректі күнәдан сақтау айы. Бұл айда жасалған әрбір ізгі амалдың сауабы еселенеді. Жақсылық жасауға құлшыныс артып, адамдардың бір-біріне деген мейірімі күшейеді.
Сондықтан да Рамазанды «жылдың рухани мектебі» деп атаған. Бұл – сабыр мектебі, тақуалық мектебі, шынайы құлшылық мектебі.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
يَـٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُواْ كُتِبَ عَلَيۡكُمُ ٱلصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى ٱلَّذِينَ مِن قَبۡلِكُمۡ لَعَلَّكُمۡ تَتَّقُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» (Бақара сүресі, 183-аят).
Бұл аят арқылы Алла Тағала оразаның тек таң атқаннан кеш батқанға дейін ашығып жүру ғана емес, керісінше адамды тақуалыққа бастайтын ұлы жол екенін ұғындырып тұр.
Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде:
مَن صَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ
«Кімде-кім Рамазан оразасын иманмен және сауабын Алладан үміт етіп ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.
Рамазан айы – Алла Тағаланың құлдарына нәсіп еткен үлкен нығметі. Бұл айды бос істермен өткізу – мол сауаптан мақұрым қалумен тең. Ұлы ойшылымыз Абай Құнанбайұлы айтқандай:
«Ораза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс».
Бұл айда мұсылман адам тек ораза ұстап қана қоймай, басқа да құлшылықтарын көбейткені абзал. Алла Тағаланың кәләмі болған Құран Кәрімді көбірек оқып, хатым жасап, Алланы жиі еске алып, одан кешірім тілеу қажет. Рамазан түндерін құлшылықпен, түнгі намазбен өткізу – үлкен сауапқа жетелейді.
Рамазан – тағдырлар өзгеретін ай. Бұл айда Алла Тағаладан тағдырымызды жақсы жаққа өзгертуді тілеп, Рамазаннан кейін де сол игі халімізді сақтап қалуға тырысуымыз керек.
Алла Тағала баршамызға Рамазан айының қадіріне жетіп, оразаны шынайы ықыласпен ұстауды нәсіп етсін. Тозақтың есіктері жабылып, жәннаттың есіктері ашылатын осы қасиетті айда Алла Тағала баршамызды кешіріміне бөлеп, жәннатын нәсіп етсін. Ұстаған оразаларымызды қабыл етіп, жүректерімізді тақуалықпен нұрландырсын! Әмин.

Мұстафа Салауатұлы

Бақтыгерей молла мешітінің наиб имамы