Республика күніне орай бабалар рухына Құран хатым бағышталды

Республика күніне орай Атырау қаласында ел руханияты мен тәуелсіздік құндылықтарын ұлықтауға арналған тағылымды шара өтті. Игі бастама аясында бабалар рухына арналып 10 Құран хатым оқылып, дұға жасалды.

Шараға қала имамдары мен қарилар қатысып, қасиетті Құранның аяттарын оқып, елдің амандығы мен тыныштығы, егемендіктің мәңгі болуы үшін дұға тіледі.

Облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы арнайы қатысып, тәуелсіз ел болу жолында аянбай еңбек еткен ата-бабалардың рухына арнап құран бағыштап, жамағатқа насихат айтты. Ол өз сөзінде:

“Бүгінгі бейбіт өміріміз – бабалардың ерлігі мен Алланың нәсібі. Рухани бірлік пен тәуелсіздікті сақтау – әрбір азаматтың парызы,” – деді.

Жиынға мешіт жамағаты, ақсақалдар мен ауыл тұрғындары қатысып, өткенге тағзым етіп, бүгінге шүкіршілік білдірді.

Бұл шара – ел тарихын қастерлеу мен рухани сабақтастықты сақтау жолындағы маңызды қадам болды.