Салауат айтудың сауабы мен артықшылықтары жөнінде білу – адамның салауатты жиі әрі тұрақты түрде айтуына себепші болады.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады», – деген (имам Муслим).
Бір күні Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінен қуаныш байқалады. Сол кезде сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Жүзіңізден қуаныш байқап тұрмыз», – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Раббың: «Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте салауат айтса, Мен оған он салауат айтамын. Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте сәлем жолдаса, Мен оған он сәлем жолдаймын. Осыған разы боласың ба?» – деді». Мен: «Әрине разы боламын»,– деп жауап бердім», – деген».
Тағы бір хадис шәріпте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді әрі оның дәрежесін он есеге көтереді», – деп айтылған (имам Насаи).
Салауат айтудың артықшылығы мен сауабы жайында бұдан да өзге хадистерде көптеп айтылған. Бұл хадистердің барлығы салауат айтуға адамның немқұрайлық танытуға болмайтындығын, салауатты жиі айту – Раббымыздың разылығына, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына кенелуімізге себепші болатындығын көрсетеді. Сол себепті де салауат айтуға бұрынғы өткен ізгі адамдар мен ғалымдарымыз арнайы уақыт белгілейтін болған. Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы ықыласпен салауат айту күнәларды судың кірді кетіргенінен де артық жойып жібереді. Алла Тағалаға мақтау айтып, ардақты Пайғамбарымызға салауат айту жомарттық танытып, қолындағы дүниені таратқаннан әлдеқайда жақсырақ», – деген.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінбердің бірінші баспалдағына шығып бара жатып: «Әмин» деп айтады. Екінші баспалдағына шығарда тағы да: «Әмин» дейді. Үшінші баспалдағына аяғын қойып тұрып, тағы да: «Әмин» деген сөзді айтады. Бұған куә болып тұрған сахабалар, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш мәрте «әмин» сөзін айтуының мәнісін түсінбей: «Уа, Алланың елшісі! Мінберге шығарда неліктен үш мәрте «әмин» деп айттыңыз?» – деп сұрақ қояды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де: «Кімде-кім Рамазан айына жетіп, кешірімге ие бола алмай өмірден өтсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді.
Осы кезде мен: «Әмин» дедім. Екінші баспалдаққа аяқ басқанымда: «Кімде-кімнің қарт ата-анасы болып, оларға қызмет ету арқылы Алла Тағаланың разылығына кенелуді көздемесе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен де: «Әмин» дедім. Ал үшінші баспалдаққа аяқ басқанымда: «Кімде-кім сенің есімің аталғанда салауат айтпаса, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен тағы да: «Әмин» дедім», – деп жауап береді.
Саламат Иманғалиев,
«Иманғали» орталық мешітінің азаншысы.