Шариғаттың авторлық құқықты қорғауға көзқарасы қандай?

Ислам дінінде әркім өз еңбегінің жемісін көруге құқылы. Жазушы жазған кітабының, өнертапқыш ойлап тапқан туындысының иесі атануы тиіс. Бұл олардың мүлкі болып есептеледі. Сондықтан ешкімге оны көшіруге, басып шығаруға және сатуға рұқсат берілмейді.

Мұсылман адам өзгенің мал-мүлкіне аманат ретінде қарайды. Өйткені Ислам дінінде біреудің сөзін, еңбегін немесе туындысын өзінікі секілді иемденуге және пайдалануға тыйым салынады. Ол аманатқа қиянат ету, шынайы иелерінің құқығына зұлымдық жасау, зарар беру болып есептеледі. Шариғат бойынша, ондай адам жазаға тартылады, ал тапқан табысы харам саналады.

Алла Тағала: «Бір-біріңнің мал-мүлкін харам жолдармен жемеңдер», – деп бұйырады («Бақара» сүресі, 188-аят). Тағы бір аятта: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға және пайғамбарға опасыздық жасамаңдар. Егер олай істесеңдер, араларыңдағы аманаттарыңа да біліп тұрып қиянат жасайтын боласыңдар», – деген («Әнфәл» сүресі, 27-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы (халал, таза, күмәнсіз) ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген», – деп айтқан (Бұхари). Және бір хадисте: «Мұнапықтың белгісі үшеу: сөйлесе – жалған сөйлейді, уәде берсе – уәдесін бұзады, аманат тапсырылса – оған қиянат етеді», – делінген (Бұхари, Мүслім).Абдул Фаттах Әбу Ғұдда өзінің «Қиматуз зәман индәл уләмаи» атты кітабында: «Ғылыми сөйлем мен сөздерде оның айтушысына немесе жеткізушісіне сілтеме жасау – аманат», – деп жазады.

Ғалымдардың айтуынша, бұрынғы басшылар, әсіресе халифа Мәмүн кітап жазатын ғалымдарға және аудармашыларға еңбегі үшін сол кітаптың салмағындай алтын беретін болған. Сол ақы кітапқа жұмсалған қағаз бен сия және кітаптың бағасынан едәуір көп еді («Ғаср ул-Мәъмүн», 1/377).

1988 жылдың 10-15 желтоқсанында (һижридің 1409 жылы, жұмадул әууәл айының 1-6 күндері) Кувейт мемлекетінде өткен Ислам Фиқһ академиясының бесінші отырысындағы «Мүліктік емес құқықтар туралы» қарарында: «Мүшелер мен сарапшылардың «Мүліктік емес құқықтар» жайындағы ізденістерін қарап шығып, ол туралы пікірлерді тыңдап болған соң мынадай қарар қабылдайды: Үшінші тармақ: шығармашылық, жаңалық және өнертабыс құқықы заң жүзінде қорғалады.

Иелері оны қалағанынша пайдаланады. Оған қол сұғу дұрыс емес. Алла – білуші» – деп баяндалған. Қазақстан Республикасы «Авторлық құқық жəне сабақтас құқықтар туралы» заңында бекітілгендей, авторлық жəне сабақтас құқықтарды бұзғаны үшін еліміздің заңдарына сəйкес азаматтық, қылмыстық жəне əкімшілік жауапқа тартылады. Мұсылман қауымы да осы заңға бағынуы міндетті.

Хасан АМАНҚҰЛ

«Мұнара» газеті, №1, 2021 жыл