Сәби дүниеге келгенде жасалатын сүннет амалдар

Баланың өмірге келуі әрбір адам үшін маңызды кездердің бірі. Олай болса, сәби туылғанда жасалатын амалдар сүннетке сай болса нұр үстіне нұр болады.

Жаңадан туылған балаға (ана сүті берілмей тұрып) құрманы шайнап, оның шырынын не болмаса, сол сияқты тәттіні, мысалы балды, таңдайына (не тіліне) жағу рәсімін тахник деп атайды. Яғни, құрманы сәби жұта алатындай шайнап, немесе балды баланың аузына саусағымен абайлап салады.

Сахаба Әбу Муса әл-Ашғари былай дейді: «Менде ұл туылған еді. Мен оны Алланың Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келгенімде оған «Ибраһим» деп ат қойды да құрманы шайнап тахник жасады. Артынан оған берекет берсін деп дұға етті.

Бала дүниеге келгеннен кейін алғашқы күндерде күн тәртібінде азан шақырып, ат қою мәселесі тұрады. Халқымызда жарық дүние есігін шыр етіп ашқан сәбиге есім беру рәсіміне қатысты өзіндік дәстүрі мен салт-жоралғысы бар.

Мәселен, азан шақырып, ат қояр кезде кішкене сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, сәбидің ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады. Жақын-жұрағат жиналып, ат қоятын адам сәбиді қолына алып, «Аллаһу әкбар» деп азан шақырып, сәбидің оң құлағына есімін үш рет қайталап айтады.

Бұл баланың есінде сол есім қалсын, құлағына сіңсін деген ниетпен жасалады. Сондықтан азан шақырып, ат қою қазақ халқының мұсылмандық жоралғысының қалыпты қағидаларының бірі болған. Әкесі өзі азан шақыра алмайтын болса, имам-молдаларды шақырып, баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азанын айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «мұның аты пәленше …, сенің атың пәленше …» деп, үш мәрте айқайлап айтатын болған.

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатима Әлиұлы Хасанды босанған кезінде оның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқан». Сондай-ақ тағы бір хадисте: «Кімнің баласы туылғанда, оның оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге «умму сибян» (сәбиді ауру ететін жел немесе жынның кесірі) әсер етпейтін болады» – деп айтылған.

Ислам шариғатында жаңа туылған баланың құлағына азан шақырудың тағы бір мән-мағынасы – оның бойына иман сөзін жастайынан сіңіру.

Өйткені азан мәтінінде адам баласының Алла Тағалаға деген сенімі мен мұсылмандығын айғақтайтын куәлік сөздер қамтылған. Яғни «Әшһәду ән лә иләһә илла Алла уә әшһәду әннә Мухаммадан абдуһу уа расулуһу» калима шаһадат сөзі мен «Лә иләһә илла Алла» калима таухид сөздері келтірілген.

Бұл сөздер мұсылманның шыр етіп дүние есігін ашқандағы еститін алғашқы да сөзі әрі дүниеден өтер сәтінде оған айтылатын соңғы да сөзі болып табылады. Нәрестенің құлағына айтылған азан сөздері оның жүрегіне жетіп, иманды ұрпақ болып өседі.

Жаңа туған нәресте үшін атқарылатын игі істердің бірі – ақиқа құрбанын шалу. Ислам шариғатында ақиқа деп нәрестенің шашы алынғанда сойылатын құрбандық малға айтылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Әрбір бала өзінің ақиқасына тәуелді, оның атынан жетінші күні сойылып, оның (баланың) шашы алынады және есімі қойылады».

Дүниеге келген нәресте ер бала болса, екі қой сойылғаны абзал, ал қыз бала болса, бір қой жарамды. Баланың туылған күнінен бастап балиғат жасына дейінгі уақыт ішінде ақиқа құрбандығын шалуға болады. Десе де, жаңа туған нәрестенің жетінші күні басындағы балапан шашы алынып ат қойыла салысымен  құрбан шалу – мұстахаб, яғни ұнамды іс.

Сонымен қатар, жетінші күні баланың балапан шашы алынып, соның салмағындай күміс беру, не оның құнына шақтап ақшалай садақ беру мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немересі Хасан туылғанда бір қой құрбан шалып, қызы Фатимаға: «Шашын ал да, алынған шаштың ауырлығындай күміс садақа бер» деген.

Нұрберген КӘДІРБАЕВ,

Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің азаншысы.