Құранмен қаншалықты доспыз?

Әлемдердің Раббысы Аллаға барлық мақтаулар, Оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедке және оның сахабаларына Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Жаратушы Алла Тағаланың адамдарға деген шексіз рақымдылығының айқын көрінісі – Құран Кәрімнің адамзатқа тура жол көрсету үшін түсірілуі. Ақиқатында Құран оқу басқа да құлшылықтар секілді Алла алдында пенденің абыройын өсіреді.  Құран оқу адамның жүрегін тыныштандырып, шынайы өмірдің мәнін сездіреді.

Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай табады. Естеріңде болсын! Алланы еске алумен жүректер тынышталады»
(Рағд сүресі 28 – аят).


Құран оқығанда ләззат алуды қалаған пенде оқыған аяттарының мағынасына шамасы келгенше түсінгені абзал. Құран аяттарының мағынасына үңілген жындардың өзі ерекше сезімге бөленіп, иман келтірген.

Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Сонда жындар: «Шынында бір ғажайып Құран тыңдадық» деді. «Құран бізді тура жолға салады. Енді соған иман келтірдік»
(Жын сүресі, 1-2 аяттар).


Құран Кәрімнің ерекшеліктерінің бірі – Алла Тағала оның қиямет күніне дейін сақталуына Өзі кепілдікке алады. Құранның қиямет күніне дейін аяты, сөзі, әріпі өзгеруі мүмкін емес.

Алла Тағала дәлел ретінде:
«Расында Біз Құранды түсірдік және Біз Оны сақтаймыз» – деген.
(Хижр сүресі 9 аят)
Құранның мәртебесі жайында Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) көптеген хадистері бар.
«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендері»
(Бұхари хадис жинағы)

Айша анамыздан келген риуаятта:
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):  «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды кекештеніп қиналып оқыса, екі сауап алады» –  деген. (Мүслім хадис жинағы)
«Қандай да бір қауым Алланың үйінде жиналып Алланың кітабын оқып, араларында үйренсе. Оларға тыныштық түседі. Алланың мейіріміне бөленеді, оларды періштелер қоршайды»  (Мүслім хадистер жинағы)


Әбу Муса р.а айтады; «Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Құран оқушы момын – тамаша иісті және дәмді тәтті лимон тәрізді. Ал Құран оқымайтын момын – иісі жоқ, бірақ дәмді құрма секілді. Құран оқитын екіжүзді – хош иісті, бірақ ащы райхан тәрізді. Ал Құран оқымайтын екіжүзді – иісі де жоқ, дәмі де ащы колоквин секілді» деген.


Мінеки Құранды үздіксіз оқудағы мақсат – Құран аяттарының мағынасына үңілу, ой жүгірту, Алланың бізге бұйырғанын орындап, тыйымдарынан алыс болу. Құран – қиямет күні, оқыған адамына шапағатшы болады. Алланың соңғы сөзі әрі заңы болған Құран Кәріммен біз қаншалықты жақынбыз? Әлде үйіміздің бір түкпірінде сөрелереміздің бірінде шаң басқан күйі жатыр ма?
Ойланайық ағайын!

Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,
«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы.