Сөздің құдіреті: дұрыс сөйлеудің мәні неде?

Азхаб 70: «Әй иман келтіргендер! Алладан қорқыңдарда дұрыс сөз сөйлеңдер».

Хумаза 1: «Әрбір жамандаушы мен жәбірлеушіге қандай өкініш!»

Хадис: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін».

Хадис: «Адам бір сөзді жай айта салады, сол себепті Алла оның дәрежесін көтеріп жәннәттық етеді. Басқа бір адам жай бір сөз айта салады, Алла оны сол себепті жаһаннамдық етеді».

Ғалымдар бұл хадисті былай ашықтайды. Бірінші айтылған сөз адамның көңілін көтеріп, разы ететін сөздер. Ал екіншісі адамның намысына тиіп, қор ететін сөздер. Демек адамды қуантып, жақсылық әкелетін сөздер Алланыда разы етеді, керісінше ренжітіп, жамандық әкелетін сөздер Алланың ашуына тиетіні түсінікті болады.

Аллаһ елшісі с.а.у.: «Сендер өздеріңе, балаларыңа, және дүние-мүліктеріңе қарғыс айтпаңдар. Өйткені айтқан қарғыстарың Алланың дұғаны қабыл алатын уақытына дөп келсе, қарғыстарың қабыл болады.»

Бұл аят пен хадистерден көретініміз Алла Тағала әлемді жаратқанда барлық нәрсені сөзге тәуелді еткен. Тағдырымызға әсер ететіндей дәрежеде құдіретті етіп жаратқан. Сол себепті Алла елшісі с.а.у. жаман сөйлеп, қарғауға қатаң тыйым салған және әрдайым жақсы сөйлеп, балаларына әдемі есімдер қоюды бұйырған.

Ғалымдар сөздің әсер ету күшін зерттеп сөз арқылы адамды әрі емдеп әрі өлтіруге болатындығын зерттеген. Қарғыс сөздер адамның жолын байлап, ауруға душар етсе, шабыт беретін сөздер адамның қабілетін ашып имунитетін күшейтетінін дәлелдеген. 1927 жылы Американ антропологтары Джон Хоманс пен Уильям Диксон колледждердің бірінде ерекше тәжірибе жасаған.

Білімгерлерді екі топқа бөліп оның біреуіне өкіметтің тапсырмасы бойынша олардың құпия тексеруден өтіп, дарындылық тестінен өткендігін, енді оларды ерекше бағдарламамен америкадағы ең үздік ұстаздар оқытатындығын айтып сендіреді. Нәтижесінде бұл топ жарты жылдың ішінде мектеп бағдарламасымен қоса он университет пәнін меңгеріп шығады. Негізінде  құпия тексеру, дарындылық тесті барлығы социологтардың ойдан шығарған нәрсесі болатын, алайда тәжірибе басында айтылған сөздер қарапайым балаларды нағыз дарынды балаларға айналдырды. Бұл таңқаларлық нәрсе.

Атақты жаңашыл ойлап тапқыш ғалым Томас Альва Эдисонның оқиғасы осыған ұқсас. Бала кезінде мектеп директоры анасына  баласының ақыл-есі кем болғандығы себеп оны мектепте оқыта алмайтындығын жазып хат жолдайды. Бұған қатты намыстанған әрі баласына жаны ашыған анасы хатты баласына керісінше мағынада оқып оның дарынды екенін айтып үйден өзі оқытады. Нәтижесі белгілі Алланың қалауымен ғылымда адамзатқа көп пайдасын келтірген жаңалықтар әкелген дарынды ғалымға айналды.

Алла елшісі (с.а.у): «Шынында амалдар ниетке байланысты және адамдарға ниет еткені беріледі», – дейді.

Сөздер ойдың нәтижесі. Ой түзу болса сөз түзу болады, сөз түзу болғанда ісіміз түзу болады. Алла Тағала баршамызға дұрыс ойлауды, дұрыс сөйлеуді және дұрыс амалдар жасауды нәсіп естін. Амин.

Нұргүл ЖОЛДАСПАЕВА,

«Иманғали» орталық мешітінің ұстазы.