Қазақта қандай бір жақсы жаңалық болса сүйінші сұрау әдеті бар. Қазақ жақсы жаңалықты бөлісуге әрқашан да дайын тұрған. Әдетте қуанышты жаңалықты жеткізуші айтарын «Сүйінші!» сөзімен бастайды. Жақсы хабар жеткізушіге әрқашан сыйлық берілетін болған.
Әсіресе бір отбасы көптен бері бала көре алмай, араға уақыт салып, үйіне бақыт нұры шашылса, сүйінші сұраған. Мұндай қуанышты хабарлардың сұрауы да құнды болған. Ата-бабаларымыз сүйіншінің ақысын сұраған адамның ешқашан да бетін кері қайтармаған. Керісінше олар: «Қалағаныңды ал», – деген. Сүйіншіге сыйлық сұраудың еш әбестігі жоқ.
Сүйіншінің мән-маңызы
1890 жылдары Томас Аллен және Уильям Сахтлебен есімді америкалық саяхатшылар әлемді велосипедпен аралап шыққан болатын. Олар Солтүстік Америкадан бастап, Еуропаны, Азияны велосипедпен шарлаған. Велосипедшілер 1892 жылғы мамырда қазіргі Шымкент, Тараз, Алматы қалаларында болған. Саяхатшылар кейін осы сапары жайлы «Азияны велосипедпен аралағанда» деген кітап жазды. Осы кітабында олар қазақтардың жақсы жаңалық жеткізген адамға ақы ұсынатынын, яғни сүйінші сұраған жанға қалаған затын беретінін көріп, таңғалыспен жеткізген. Шынында солай, ата-бабамыз қуанышты хабарға ерекше мән беріп, жеткізушіні құр қол қалдырмаған. Қазақ үшін жақсы жаңалықтың бәрі үлкен-кіші демей сүйінші сұрауға лайық. «Сүйінші, сәби дүниеге келді!», «Сүйінші, баламыз алғаш рет атқа отырды!», «Сүйінші, ұлымыз келін әкелді!», тағысын тағылар.
Жаппай сүйінші сұрайтын кездер де болған. Қазаққалмақ соғысындағы шешуші Аңырақай шайқасында, кешегі Екінші дүние соғысы аяқталғанда, жұрттың бәрі бір-біріне «Сүйінші, соғыс аяқталды!» деп қуанышын бөліскен. Сүйінші көлемі хабаршының көрсеткен қызметіне және жоғалып-табылған заттың құнына байланысты анықталған. Мысалы, ұрланған малды тауып әкеліп берсе, одан әлгі малдың құнынан жиырмадан бірін, ал ұрыдан тартып алса, бестен бірін, ал ұрының өзін әкелсе, ұрланған малдың жарты бағасындай сый алған.
Егер хабаршы жоғалған малды көрмей, оның қайда екенін естуі бойынша жеткізсе, құлақ сүйінші алған. Ал сүйінші хабарды жеткізуші баратын жер қанша алыс болса да, жолға шығуға дайын тұрған. Төрт қыздан соң дүниеге келген, қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы туғанда хабарды жеткізуші алпыс шақырым жерге атымен шауып барғаны туралы жазушының «Ұшқан ұя» атты кітабында былайша баяндалады: «Әкем ол күні Әулиеата шаһарында екен. Мен туған соң Имаш бабам жан-жаққа кісі шаптырып, әкеме де хабаршы жіберіпті. Біздің ауылдың Байтоқ деген кісісі алпыс шақырым Әулиеатаға ат сабылтып жетіп, әкем жатқан үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтуға дәрмені келмей, Момышты құшақтап жылай беріпті. Әкемнің қарындасының үй-іші үрпиісіп, бір жаманат хабар жеткен екен деп, қорқып қалады. Ақыры Байтоқты жұлмалай: «Не боп қалды, айтсаңшы», – деп тақақтағанда ғана Байтоқ: «Жеңешем ұл тапты», – депті. Үрейден үрпиіскен жұрт енді мәзмәйрам болып, қуаныштары қойындарына сыймай, Байтоққа сүйіншісін беріп аттандырыпты».
Сүйіншіге – бір үйір жылқы
Жалпы қазақ халқында сүйінші – жақсылықтың нышаны. Беті балбұл жанып сүйінші сұрай келген адамға қалағанын беріп, қолын қақпаған. Қазақ тілін зерттеуші ғалым, алғашқы профессор атанған Құдайберген Жұбанұлының қызы Мүслима әкесі туғанда атасы сүйінші сұрай келген құрдасына қандай сыйлық бергені жөнінде жазғаны бар. Жұбан да барлық қазақ секілді немере көрсем деп армандаушы еді. Ұлы Қуан он беске тола салысымен Тағыберген деген кісінің бүкіл аймаққа сұлулығымен белгілі Бибішынар деген қызына құда түсіп алып береді де тойды керемет етіп өткізеді.
Тоғыз ай өткен соң келінінің ай-күні жақындағанда қобалжығаны соншалық, таудағы жылқысына кетіп қалады. Тауға бара жатып жеңгесі Ақбөпеге: «Қыз туса, маған хабарламай-ақ қойыңдар», – дейді. Жайлауға жетіп, сұлу сәйгүліктерге қарап, көңілін аулағысы келгенімен, бір орында тыпыршып тұра алмай, уайымдаумен болады. Бір кезде жалғыз шапқан жалқының дүбірі естіліп, қолдарын кезек сермеп шауып келе жатқан салт аттыны көреді. Бұл Жұбанның досы әрі құрдасы еді. Ол да Жұбанды көрді де, балаша қуанып бүкіл даланы басына көтеріп: «Сүйінші! Ұл, ұл!» – деп айқай салып келе жатты.
Жұбанның көз алдында дүние дөңгеленіп жүре берді. Құшағына құлаған құрдасына: «Сүйіншіге қалағаныңды ал!» – деді қуаныштан есі шыға. Құрдасы қулана жымиды да: «Несі бар алам десем алам. Бересің бе? Мүмкін бүкіл үйірді қалармын?» дейді. Жұбан болса: «Айттым, бітті. Бәрін ал!» – деп жауап қатады. Досы: «Жылқы алмаймын. Осы насыбай атқаныңды тасташы!» – деп қолқа салады. Жұбан құрдасының айтқанын екі еткен жоқ. Қалжыңы жарасқан құрдастар ауылға қарай шаба жөнелді. Жұбан ақсақал немересіне Құдайберген деп есім қойды».
Сүйінші, көрімдік және байғазы
Бүгінде жастарды айтпағанның өзінде үлкендер жағының өзі сүйінші мен көрімдіктің айырмашылығын біле алмай жатады. Сүйінші – жағымды жаңалықты көпшілікке тарату. Қуанышты хабарды жеткізген адам алыстан «Сүйінші, сүйінші» деп келіп, «сүйіншіге не бересің?» деп сұрайды. Жақсы жаңалықты естуші екінші тарап не сұраса, соны берген: ақша не болмаса бағалы зат.
Ал көрімдік пен байғазы – кәде, сыйлық. Екеуі де жаңа нәрсеге сұралады, беріледі. Айырмашылығы байғазы – жансыз затқа, ал көрімдік – жандыға, яғни адамға және жан-жануарға ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң тарапынан берілетін кәделі сый. Мысалы, жаңа туған нәрестеге, жас келінге, мал төлдегенде алғашқы сәтте көрімдік сұралса, жаңа киім немесе бұйым, жиһаз, баспана, көлік сатып алынғанда байғазы сұралады. Байғазы бала алғаш рет атқа мінгенде де беріледі. Байғазы – кішкентай балаларға, жасөспірімдерге үлкендердің беретін сыйлығы.
Салтымызды сақтайық!
Салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз асыл дінімізден алшақ болмағаны ақиқат. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келгенде оның немере ағасы Әбу Лаһаб сүйіншіге өзінің бір құлын азат еткен. Ал Алла елшісі 10 сахабаны жәннатпен сүйіншілеген. Олай болса сүйіншінің ең кереметі екі дүниенің бақытына жеткізетін мұсылман болып туып, соған лайық амал еткеніміз деп түсінуге болады. Міне, шариғатымыздағы осындай амалдар ұлтымыздың бағзы заманнан бергі кез келген жақсылығына сүйінші сұрайтын дәстүрінен-ақ қуанышты бөліссе көбейетінін меңзеп тұр емес пе? Осы үрдістен жаңылмаған бүгінгі ұрпақ та қандай да бір жақсылығы болмасын, ағайын-туыс, дос-жаранына тезірек жеткізіп, сүйінші сұрап жатады.
Уа, зор сүйінші айтпайын,
Мұсылман болып туғанға.
Ләббәйкә деп рухым,
Хаққа мойынсұнғанға.
Шүкір айттың жарандар,
Жақсы мал шалып құрбанға.
Дүниеге айналып,
Тәңір берген дәулеттен,
Маһшар күні құр қалма, – деп шежіреші-ақын Әбубәкір Кердері осыдан бір ғасыр бұрын жырына арқау етіп, мұсылман болудың соншалықты бақыт екенін сүйіншілеген.
Құдайға шүкір, қазір – техниканың дамығаны заманы. Қандай қуаныш болса да, ұялы телефонмен не әлеуметтік желі арқылы сүйінші сұрай саламыз. Оны естіген келесі жақтағы туысыңыз, әлде танысыңыз жақсылығыңызға ортақ екенін білдіріп: «Сүйіншіңді беремін», – деп қуанышыңызды бөліседі. Кейде осы уәдеміз сөз күйінде қалып, аяғы ұмытылып жататыны рас. «Айтылған сөз, атылған оқ» екеніне мән бермей, көпшілік сүйіншісін бермей жатады. Бұл, әрине дұрыс емес. Баяғы бабаларымыз сияқты мәрттік танытып, дер кезінде бергенге не жетсін!
Атадан балаға жеткен сүйінші дәстүріміз қазіргі таңда көп жағдайда тілдің ұшында ғана қалған секілді. Қалай дегенде де, сүйінші сұрау, сұрағанын беру ағайынның арасын бұрынғыдан да жақындатып, туыстықтың іргесін беріктей түседі. Кішкентай ғана қуанышын сүйіншілеу арқылы ұлан-асыр тойға айналдырып жіберу қазақы кеңпейілділіктің белгісіндей. Олай болса алысты жақындатып, танысты туысқа айналдырып жіберетін игі дәстүрімізді жас ұрпақтың санасына да сыналай сіңдіре білгеніміз жөн. Бір қарағанда «Сүйінші сұрады, біреуі берді, енді бірі бермеді, онда тұрған не бар» деуімізге болады. Бірақ сүйіншінің астарында қаншама жақсылықтың бастауы жатқанын ұмытпайық!
Кеулімжай ҚҰТТЫ
«Иман» журналы, №11, 2024 жыл