Сурет салудың үкімі қандай?

Сурет – әртүрлі бояулармен: акварельмен (қағазға немесе картон), майлы бояумен (холстқа, картонға, ағашқа), пастельмен (ерекше түрлі-түсті қарындаштармен қағазға немесе картонға) салынатын өнер түрі[1].

Ғалымдар сурет салудың үкімін екіге бөліп қарастырады:

  1. Жансыз заттардың суретін салу. Төрт мәзһабтың (ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали) ғалымдары жансыз нәрселердің суретін салуға рұқсат етілгендігіне бірауыздан келіскен[2]. Ибн Аббастан жеткен риуаятта сурет салушыға: «Бұдан басқа жұмыс жасай алмасаң, мына ағаштың суретін немесе кез келген жансыз затты бейнеле» [3], – деген.
  2. Тірі жанның суретін салу. Бұл – ғұламалардың арасында тартысты мәселе. Жұмһур (ханафи, шафиғи, ханбали) ғалымдары тірі жанның толық бейнесін салуға тыйым салған[4]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қиямет күні қатты азапқа тартылатындар – суретшілер»[5], – деген.

Мәлики мәзһабының[6] және заманымыздың көптеген ғалымдары көлеңкесі жоқ жаны бар нәрселердің суреттерін салуға рұқсат береді[7]. Себебі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде көлеңкесі жоқ суреттерді қолданғаны туралы риуаяттар келген[8]. Тек оны кейбір себептерге байланысты ғана құптамаған[9]. Ал сурет салуға тыйым салынған хадистерді көлеңкесі бар суреттерге қатысты келген деп түсіндіреді[10].  

Десе де ғалымдар сурет салуға тыйым салынған хадистердің құрамына жаны бар нәрсенің бейнесіндегі ойыншықтардың кірмейтінін айтқан[11]. Себебі оның баланың жақсы өсіп, қалыптасуына және бала тәрбиесіне пайдасы мол[12].

Осы ретте заманымыздың ғалымдары ойыншыққа салыстыра отырып білім беру мақсатында жаны бар нәрсенің суретін салуға рұқсат берген[13]. Сондай-ақ тәрбиелік мәні бар, пайдалы, шариғаттың қағидаттарына қайшы келмейтін мултьфильмдерді шығаруға да рұқсат етіледі[14].   

ШЕШІМ:

  1. Жансыз заттың суретін салуға рұқсат етіледі.
  2. Білім беруде, ғылыми мақсатта жаны бар нәрсенің суретін салудың оқасы жоқ.
  3. Тәрбиелік мәні бар, шариғаттың қағидаттарына қайшы келмейтін мултьфильмдерді шығаруға болады.
  4. Пайғамбарлардың бейнесін бейнелеу – харам.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

[1] https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A1%D1%83%D1%80%D0%B5%D1%82

[2] «Хашияту ибн Абидин», 1/436. Әл-Айни, «Әл-Бинәя», 2/458. «Әл-Фәтәуә әл-Һиндия», 5/359. Әд-Дәрдир, «Әш-Шәрху әл-кәбир», 2/337. «Мәнәху әл-жәлил әлә мухтасар халил», 3/297. Нәуәуи, «Рәудәту әт-талибин», 7/335. Бәһути, «Кәшшәфу әл-қаннағ», 1/280. Мәрдәуи, «Әл-Инсаф», 1/474. «Әл-Мәусуғату әл-фиқһия», 12/97.

[3] Бұхари, №2225. Мүслим, №2110.

[4] Ибн Нужәим, «Әл-Бәхру әр-райық», 2/29. «Әл-Фәтәуа әл-Һиндия», 5/359. Нәуауи, «Рәудәту әт-талибин», 7/335. Ширбини, «Муғни әл-мухтаж», 3/247. Әл-Буһути, «Кәшшәфу әл-қаннағ», 1/280. «Әл-Иқнағ», 1/92. 

[5] Бұхари, №5950. Мүслим, №2109.

[6] Мәлики мәзһабы бойынша сурет салуға рұқсат болуы үшін төмендегі шарттар табылуы тиіс: 

  • Адам немесе жануар секілді көлеңкесі бар мүсіннің бейнесі салынбауы;
  • Өмір сүре алатындай толық денесі болмауы;
  • Темір, тас, ағаш секілді ұзақ уақытқа шыдайтын заттан жасалмауы («Әл-Мәусуғату әл-фиқһия»», 12/101-102.).

[7] Ибн Абдулбәр әл-Мәлики, «Әт-Тәмһид», 1/301. Әд-Дәрдир, «Әш-Шәрху әл-кәбир», 2/337. «Мәнәху әл-жәлил әлә мухтасар Хәлил», 3/529. Әл-Мутиғи, «Әхкәму әт-тәсуир фи әл-фиқһ әл-исләми бәйнә әл-ибәһә уә әл-хәзр», 22, 35, 60. «Әл-Хәләлу уә әл-хәрәму фи әл-исләм», 102. Шейх Хасанәйн Мухаммад Мәхлуф, «Фәтәуә шәрғия», 1/165.

[8] Бұхари, №5958. Мүслим, №2106.

[9] 1) Суреттің намаз оқушының алдында тұруы; себебі бұл адамның ойын бөледі. Хадисте: «Мына пердеңді алдымнан ал. Себебі ондағы сурет намазыма кедергі келтіріп жатыр», – делінген (Бұхари, №374.).

2) Қабырғаға ілінуі; Айша анамыздан жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шайқасқа кеткенде суреті бар матаны есікке іліп қойдым. Қайтып келгенде ілулі тұрған суретті көріп, ұнатпағаны жүзінен байқалды. Оны шешіп алып былай деді: «Алла бізге тас пен лайды (қабырғаны) безендіруге бұйырмады». Айша анамыз: «Ол пердені кесіп жастықтың тысын жасап, ішін құрма ағашының қабығымен толтырғанымда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ісімді айыптамады», – деді (Мүслим, №2107.).

3) Алланың жаратушы сипатына ұқсауы; бұл сызылған суреттерге емес, көлеңкесі бар мүсіндерге қатысты. Себебі кейбір сахабаралардың жүзігінде атап айтқанда, Ән-Нуғман ибн Муқриннің, Хузайфаның т.б. жануардың суреті болған («Шәрху мағани әл-әсар», 4/263. «Әл-Мәусуғату әл-фиқһия»», 12/109.).

[10] «Мәнәху әл-Жәлил», 3/529.

[11] «Әл-Мәусуғату әл-фиқһияту», 12/112. «әд-Дурру әл-мухтар», 5/226. «Умдәту әл-қари», 12/40, 11/70. «Мәуәһибу әл-жәлил», 4/267. «Тәфсиру әл-Құртуби», 14/275. «Муғниә әл-мухтаж», 4/247-248» Шәрху ән-Нәуауи әлә сахихи Муслим», 11/82.

[12] Әл-Хуләйми, «әл-Мәнхәжу фи шуғби әл-имәни», 3/97. «Әл-Мәусуғату әл-фиқһияту», 12/121. «әл-Муфассал фи әхкәми әл-мәрати уә әл-бәйти әл-муслим», 3/461.

[13] «Әл-Мәусуғату әл-фиқһия»», 12/113.

[14] https://aliftaa.jo/decision/163/%d9%82%d8%b1%d8%a7%d8%b1-%d8%b1%d9%82%d9%85-161-27-2010