Бұл топтың шығуына өткен ғасырда 1965 жылы Мысыр елінде «Мұсылман бауырлар» ұйымының идеологы Сәйд Құтып пен оның біраз жақтастарының президент Жамал Әбіднасырдың бұйрығы бойынша өлім жазасына кесілуінен кейінгі түрмелерде орын алған толқулар себеп болды. Ел басшылығы ол толқуды басу үшін күш қолданды.
Сол кезде адамдардың біразы, тәубаға келіп, ел саясатын мойындады, бір тобы бейтараптылық танытса, үшінші топ өкілдері өз ұстанымдарынан бас тартпай, ел басшылығын кәпір деп жариялады. Олардың жетекшісі Әли Ысмайыл деген кісі болды. Осылайша Мысыр түрмелерінде басталған тәкпіршілдік бертін келе жастар арасында кең тарап, мұсылмандар арасында өріс ала бастады. Қазіргі таңда олардың көпшілігі әлемде лаңкестік әрекеттер жасаумен танылған саяси ұымдарға айналды.
Аты да айтып тұрғандай, олардың негізгі ұстанымдары мұсылманды кәпірге шығару. Олардың түсінігінде үлкен күнә жасаған адам – кәпір. Үлкен күнәларды істеген, бастан аяғына дейін күнәға батқан адам – кәпір. Оның тәубесі қабыл болмайды. Олар тек қана шариғат мемлекеті болу керек деп, өзге барлық билік түрлерін мүлдем мойындамайды. Зайырлы елдердің заңдарын «тағұт заңдары» (табынатын пұт) деп санайды. Олар өздеріне қосылмаған кез келген адамды кәпір дейді, ал қатарынан шығып кеткен адамды муртад деп, оны өлтіруге үкім береді.
Олар жұма намаздары мен жамағат намаздары Мекке, Мәдинә, Құба мен Ақса мешітінде ғана оқылса қабыл болады деп санайды. Сонымен қатар, оның имамы да өздерінің жамағатынан болуы тиіс. Өздерінің көсемі Шүкри Мұтафаны мәһди ретінде көреді.
Олардың екінші негізгі ұстанымы – хижра. Яғни шариғатпен басқарылмайтын елден көшу керек дейді. Қазақстан елі олар үшін – кәпірістан. Сондықтан ол жерден көшу керек. Олар «әт Тәкфир уәл хижра» ұйымы ретінде аталады. Олар өздерін «Дағуат және хижрат жамағаты» деп атайды.
Олардың көпшілік бөлігін діннің негіздерін жақсы білмейтін радикал жастар құрайды. Өздерінен басқаның бәрін кәпір деп жариялап, олардың жаны, мал-мүлкін өздеріне адал санап, қазіргі таңда көптеген бейкүнә жандарды өлтіріп, әлемге үрей салуда.
2013 жылы тәкпіршілердің адасқан топ екенін жариялаған ҚМДБ пәтуасы шықса, 2014 жылы Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімі бойынша «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымы экстремистік деп танылып, Қазақстан Республикасындағы қызметіне тыйым салынды.
Сонымен қатар Египеттік саясиланған «Александриялық сәләфилер» де біздің елімізде кездеседі. Осы тармақтардың да негізгі ақидалық ұстанымдары бірдей. Тек қана идеологияларын тарату тәсілдері ғана бөлек.
Өздерін сәләфиміз деп атағандарымен бір-бірін діннен шығушылықпен айыптап, харижит деп атайды. Мадхалилер мен сурурилер намаз оқымаған адамды бірден кәпірге шығармайды. Әуелі оған намаздың парыздығын түсіндіру керек, егер сол кезде де намаз оқымайтын болса, онда кәпір болады дейді. Түптеп келгенде, үш топ та намаз оқымаған адамды кәпірге шығарады.
Отақ ерекшеліктері – дінді үстірт түсінулері. Шариғатты кең түсіне алмағандықтан көбіне радикалдық әрекеттерге барып жатады. Олар өз ұстанымдарына сай келген хадистерді ғана негізге алып, өзге хадистер мен ғалымдардың оларды кең, жан-жақты түсіндірулеріне назар аудармай, өз шейхтарының айтқанын ғана шындық деп қабылдайды. Мужтахид имамдарға тақлид жасау дұрыс емес дей отырып, өз шейхтарының көзқарастарына ғана бағыну арқылы, мәзһаб ұстанбау керек деген ұстанымдарына қайшы келеді. Алайда, кейбір уаххаби топтар өздерін ханбали мәзһабын ұстанушылармыз дегенімен, Ахмад ибн Ханбалдың көптеген көзқарастарына қайшы келіп жатады.
Мадхалиттер мен суруриттерді қаншалықты байсалды ретінде танытқанмен түптеп келгенде олардың радикалдануы әрі қарай террористік әрекеттерге баруы қиын шаруа емес. Оны Қазақстандағы тәжірибеден байқауға болады.
Жалпылай алғанда псевдосәләфилік қозғалыс көп тармақты. Осылай болуы да – заңды құбылыс. Неге десеңіз олардың барлығы «сәләфилікті» ұрандату арқылы ислам мәдениеті мен өркениетінің маңызды элементі саналатын мәзһаб имамдары мен ғұламаларының мұраларын мойындамайды. Соның нәтижесінде олар ұдайы тармақтарға бөліне береді. Сондықтан «сәләфи»-уаххабилік ағымдардың барлығының елде үгіт-насихат жасауларына мейлінше тосқауыл қою қажет.
Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ, Сұлтан Бейбарыс мешітінің имамы