«Сөз – жанның дәрісі,
Жақсы ой – жүректің тынысы.»
Халық даналығы
Адамзат баласы сансыз ғасырлардан бері тән ауруына шипа іздеп қана қоймай, жанның жарасына да ем іздеп келеді. Қайғы, уайым, торығу, үмітсіздік – бұлар көзге көрінбейтін, бірақ жан дүниені қажытып, өмірден мән кетіретін сырқаттар. Міне, дәл осындай рухани дағдарыс кезінде тәлім терапиясы – жанға нәр, санаға сәуле болатын ем.
Тәлім терапиясы – жүректің тілін түсінетін, жанмен сөйлесе білетін, терең ой мен ізгі сөз арқылы адамды қайта тірілтетін рухани кеңес.
Қазақ халқы ерте заманнан-ақ тәлім мен тәрбиеге үлкен мән берген. «Жақсы сөз – жан семіртер», «Сөз сүйектен өтеді» деп бекер айтпаған. Тәлім терапиясы – осы сөздің қасиетін жаңа деңгейге көтеріп, оны терапиялық құралға айналдырады.
Абайдың: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады,» дегені – бүгінгі тәлім терапиясының темірқазығы іспетті. Яғни, жақсы сөз – жақсы ойға, жақсы ой – жақсы әрекетке, ал жақсы әрекет – жарқын өмірге апарады. Қазіргі қоғамда рухани шаршау, күйзеліс, өмірдің мәнін жоғалту секілді көріністер көбейіп келеді. Адамдар смартфонға қарап жымияды, бірақ жүрегі мұңға толы. Міне, осындай кезде жанға қарайтын терапия қажет.
Тәлім терапиясы – адамды асықтырмайды, сынамайды, жазғырмайды. Ол тек тыңдайды, түсінеді, тебірентеді. Жүрек түкпірінде тұншығып жатқан сезімді жарыққа шығарады, үміт отын үрлейді. Бұл – психологтың емес, парасат иесінің сөзімен емделу.
Тәлім терапиясы – Батыстың ғана емес, Шығыстың рухани даналығына, қазақтың бай мұрасына сүйенетін бағыт. Біздің ата-бабаларымыз «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» екенін ерте түсінген.
Балаға бесік жырынан бастап ертегімен, мақал-мәтелмен, әңгімемен тәрбие берген. Сол сөздердің әрқайсысы – қазіргі замандағы рухани терапияның алтын кілті. Тәлім терапиясы – тек жеке адамды емес, тұтас қоғамды емдейтін тәсіл. Себебі рухани сау адам – мейірімді, сабырлы, әділетті болмақ. Ондай адам отбасына да, ортасына да шуақ шашады. Егер әрбір адам өзінің жанын тәрбиелеуге, жүрегін тазартуға уақыт бөлсе, қоғамымызда зұлымдық азайып, ізгілік көбейер еді.
Тәлім терапиясы – бұл жай ғана әдіс емес, өмір сүрудің жаңа мәдениеті. Бұл – өз болмысыңа үңілу, сөз арқылы емделу, өмірдің мағынасын жүректен іздеу.
Жақсы сөз – жанға жарық. Ізгі ой – санаға сәуле. Ендеше, тәлім терапиясы – осы екеуін үндестіріп, адамның ішкі әлемін үйлестіруге бағытталған рухани шипа жолы.
Нұркен Мағриденұлы