Атырау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров жаңадан ашылған «Қайтпай Сұлтан» мешітінде жұма уағызын айтты.
«Тәңіршілдік дін бе?» тақырыбында жұма уағызын айтқан Ершат Ағыбайұлы тәңіршілдік дін санатына жатпайтынын атап өтті.
» Тәңір түркілерден күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды, құлшылық жасауды талап етпейді. Күнделікті құлшылығы мен ғибадатханасы болмаса, қасиетті кітабы мен пайғамбары, пайғамбардың ізбасарлары болған ресми дін адамдары болмаса, діни мереке күндері мен жерлеу рәсімдері болмаса, ол қандай дін болмақ? Тек құдайды еске алып қою дін емес, жай ғана наным. Оны дін ретінде таныту – адасушылық. Исламды, Құранды, Мұхаммед пайғамбарды қабыл етпеу – күпірлік.
Бір дінді дін деп атау үшін мынандай шарттар болуы қажет:
Құдай түсінігі (Алла туралы сенім)
Пайғамбары болу (адамзатқа тура жол көрсететін жол басшы)
Періштеге деген сенім
Қасиетті кітабы болу (жазба мәтіндер)
Моральдік қағидалар, заңдар жиынтығы болу (кітабы)
Орындайтын құлшылықтары болу (намаз, ораза, қажылық, құрбандық, садақа, неке, ғибадатхана т.б.)
Қасиетті күндер мен мейрамдары болу
Дін қызметкері немесе діни басшысы болу.
Ал, мұндай шарттар болмаса, онда ол дін ретінде танылмайды», – деп нақтылады наиб мүфти Ершат Оңғаров.
Жұма уағызының толық нұсқасын www.muftyat.kz сайтынан оқи аласыздар.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.