Атырауда «Мәуліт» кешіне «Өнер қырандары» келді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Атырау облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен, елімізге белгілі «Өнер қырандары»  театрының қатысуымен «Мәуліт» кеші өтті.

Мерекеге Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, имамдар мен қала тұрғындары қатысты.

Мәуліт кешін құттықтау сөзімен ашқан Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Алла елшісінің (с.ғ.с) ғибратты өмірінен мысалдар келтіре отырып, тағылымды насихат айтты.

«Адамзаттың ардақтысының өнегелі өмірі, күллі мұсылман жұртшылығы үшін өнеге. Күн-түн демей құлшылық етіп кейінгі үмметі үшін Жаратқаннан медет, жақсылық тіледі. Қасиетті Құранда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәрежесінің жоғары екендігі турасында аяттар бар. Біз соңғы пайғамбардың үмметі болғанымыз үшін мақтанамыз.

Аллаға шүкір, азаттықтың ақ таңы атқалы мешіттеріміз көбейіп, осындай зәулім ғимараттарда біз үлгі тұтатын абзал жанның мәулітін үлкен деңгейде атап өтіп келе жатырмыз. Аллаға сансыз шүкірлер, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с)  сансыз салауаттар болсын деп,-атап өтті Бас имам.

Сондай-ақ, қарилар мәуліт жырын оқып, өнер қырандары театры өмірден алынған өнегелі қойылымдарын көпшілікке ұсынды.

Мәуліт кеші бүгін кешке сағат 18.00-де «Жастар» мәдениет үйінде қайта жалғасатын болады.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.