Белгілі бір тақырыптар аясында Құран Кәрімді тәпсірлеу тәсілі соңғы ғасырларда пайда болған тәпсір саласындағы жаңа бағыт.
Мұны ғылымда «Тафсир әл-мудуғи» дейді. Яғни, тақырыптық тәпсір. Бұл мақалада біз тақырыптық тәпсірдің пайда болу себептері мен оның өзге тәпсірлерден ерекшелігін сөз ететін боламыз. Уақыт өткен сайын кейбір түсініктер өзгеретіні, әр ғасырда ақыл-ойдың, пәлсапаның дамуы мен құндылықтар жүйесі қалыптасатыны белгілі. Сондықтан да Құранды жаңадан тәпсірлеу мәселесі аталмыш өзгерістерді қаперде ұстау арқылы жүзеге асуы тиіс.
Мұсылманның ең жақсы білуі тиіс кітабы – Құран. Бүгінгі таңда мұсылмандардың біразында Құрандағы тақырыптардың бәрін қамтып түсінуге уақыты да, мүмкіндігі де болмай жататыны белгілі. Бұған экономикалық, әлеуметтік жағдай-шарттар әсер етеді. Сондықтан ғалымдар Құрандағы белгілі бір тақырыптарға қатысты аяттарды жинақтап, тәпсірлеуге тырысқан.
Жалпы Құранды және оның тәпсірін оқып үйрену игілігі мол, өте шарапатты іс. Себебі, ондағы басты тақырып – Алланың сөзі. Тәпсір ілімінің мақсаты Алланың сөзіндегі мәнді мағына мен хикметті түсінуге талпыну.
Қазіргі таңдағы ғалымдар өткен ғасырлардағы ғалымдар секілді Құранды тек тіл мен әдебиет тұрғысынан, методика (услуб) мен мағына тұрғысынан ғана тәпсірлесе өзге салалардағы адамдарға біз Құранның кереметін қалай жеткіземіз? Мүмкін болғанынша біз Құранды физика, география, математика, астрономия т.б. ғылымдары тұрғысынан тәпсірлеуге ұмтылуымыз керек секілді.
Бұған қатысты әйгілі ғалым имам Шағрауи былай дейді: «Құран мұғжиза болғандықтан өзгелерді пікірталасқа шақырады. Ол түскен кезеңде өзінің шешендік стилі арқылы арабтарды бәсекелесуге шақырды. Ислам барша адамзатқа түскен дін. Сондықтан, Құран өзі түскен кезеңдегі араб еместерді де, одан кейін келетін ұрпақтарды да бәсекеге шақыратыны сөзсіз. Егер олай болмаса мұғжиза болмас та еді» [1]. Міне, сондықтан әр кезеңнің ерекшеліктері мен жағдай-шарттарын негізге алу керек болады.
Тақырыптық тәпсір тәпсір саласындағы жаңа бағыт деуге болады. Тақырыптық тәпсір әртүрлі сүрелерде айтылған белгілі бір тақырыптарға қатысты Құран аяттарын жинастырып, Құранның тұтастығы аясында – мүмкіндігінше аяттардың түсу реттілігін негізге алып – жіктеп, топтап тәпсірлеу және сол аяттардың практикалық қырын зерттеп ашу. Мұнда тек тақырыпқа қарай аяттарды жинақтап шығу ғана емес, сол аяттардан шыққан мағыналарға терең зерттеу жасалады. Демек, тақырыптық тәпсірдің шығу себебі Құранның жалпы тәпсірлерінің бүгінгі таңдағы адамзаттың қажеттіліктеріне жауап бере алатын, пайдалы бағыт ұсына алатын тәсіл тудырауы.
Әр тәпсірші өзінен бұрынғы тәпсіршілер секілді Құранды бастан аяқ аят-аят, сүре-сүре етіп тәпсірлейтін. Бұл көп жағдайда бір тәпсірді екінші тәпсірдің қайталауы секілді мәселені тудырды. Классикалық риуаят тәпсірлердің көп тұсы бірдей боп келетіні де содан.
Міне, осындай жағдайларды ескере отырып бірқатар тәпсір ғалымдары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Құранды тәпсірлеудің жаңа тәсілдерін іздеп, зерттеу жүргізе бастады. Бүгінгі таңда болып жатқан проблемаларды Құран елегінен өткізіп, оған шешім ұсыну жолында пайда болған бағыт – тақырыптық тәпсір болды. Бұл әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдарының арнайы сала болып жеке-жеке қалыптаса бастаған кезеңі болатын. Бұл кезеңнің ерекшелігі сол бір тақырыпты жалпылама білумен шектелмей, оның ұңғыл-шұңғылын зерттеп, тереңінен қаузап, оған қатысты ең нәзік мәселелерді де білу еді. Мұнда сараптау мен синтездеу әдістері арқылы тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеу, индукция әдісі арқылы белгілі бір нәтижелерге қол жеткізу процесі жүзеге асады. Осы себепті яғни, адамдарға өз заманының тілімен қарым-қатынас жасай білу үшін Құран зерттеулері осы бағытқа ойысты деуге болады.
Мына мәселеге назар аударуымыз керек, Батыс ориенталистерінің Ислам мен оның қайнарлары турасында жасаған зерттеулерінде кейбір мәселелер туындаған. Себебі, қайсыбір шығыстанушы Құрандағы қандайда бір тақырыпты зерттегісі келгенде, Құранның өзіне тән методикасы (услуб) мен реттілік өлшемімен бетпе-бет келеді. Ислам әлемінде бұған дейін бұл мәселеде ешқандай зерттеу жасалмаған еді, француз шығыстанушысы Жуль Ла Бом (Jules La Beaume) жасаған 1878 жылы Парижде басылып шыққан «La Coran Analyse» атты индексті еңбек жарық көрді. Бұл Құранды алғаш рет тақырыптарға жіктеп бөліп көрсеткен еңбек [2]. Модерн кезең тәпсіршілеріне жататын Мұхаммад Абдуһ өзінің тәпсірін жазғанда француз шығыстанушысының осы еңбегін қолданғандығы, Абдуһтың шәкірті Рашит Рызаның қолқа салуымен Мұхаммед Фуад Абдулбақи мұны арабшаға аударғандығы айтылады [2].
Енді «тақырыптық тәпсір жазу тәсілінің өзге тәпсірлердің жалпы тәсілі саналатын Тәжзии/бөлшектік тәпсір түрлерінен қандай айырмашылығы не?» деген сұраққа келсек.
Ең алдымен мына нәрсеге көңіл аударайық. Тақырыптық тәпсір Құранды бастан-аяқ тәпсірлеуді мұрат етпейді. Сонымен қатар Құрандағы барлық ұғымдар мен тақырыптарды тәпсірлемейді. Себебі, әр тақырыпты сол тақырыптың маманына қалдырады.
Тақырыптық тәпсірден өзге тәпсірлердің бәрі де Құранды бастан-аяқ сүрелердің реттілігіне қарай, аяттарды қысқаша тәпсірлеп шығады. Сондықтан да тақырыптық тәпсірден өзге тәпсірлердің бәрін де бір топқа жатқызуға болады. Осыған орай тәпсірлер «Тақырыпқа қарай (маудуғи)», және «Реттілігіне қарай (маудиғи)» болып бөлінеді [3]. Бірқатар зерттеушілердің айтуынша, аяттарды жеке-жеке қарастырып, оларға қысқа-нұсқа мағына беріп, кең түсіндірме беріп созбастан тәпсірлеуді «Реттілігіне қарай (маудиғи)» деп немесе «Тажзии/бөлшектік тәпсір» деп атаған [4].
Тақырыптық тәпсір қаншалықты қажет деген сауалды қойған ғалымдар да болған. Құран аяттарын нақты тақырыптарға бөліп, жіктеу мүмкін бе? Мүмкін болса, оны тақырыптарға жіктеудің оң ықпалы мен кері нәтижелері бар ма? Немесе белгілі бір аятты арнайы бір тақырыпқа қатысы бар немесе қатысы жоқ деп кесіп айтудың өлшемі қандай? Егер бар болса мұны кім белгілейді? Бірнеше тақырыпқа қатысы бар аятты тек бір тақырып аясында тәпсірлеу аяттың мағынасын тарылтпай ма? Мәселен Пайғамбар (с.ғ.с) қиссалары Құранның бірнеше жерінде келеді. Бір қисса әр жерде әртүрлі қырынан ашылады.
Міне, мұндай жағдайда Құранның қандайда бір тақырыбы аясында тақырыптық тәпсір жазатын зерттеуші тақырыпты таңдаудан бастап, оған қатысты өзінің жинаған білімі мен дайындығы, тақырыпқа қатысты өзге де аяттарды жинақтауы, тақырыпқа деген өзінің көзқарасы секілді мәселелер тәпсіршінің ижтиһади қасиеттері болып саналады. Сондықтан да, жазылған тақырыптық тәпсірдің қаншалықты Құранға сай болғандығы оны жазған тәпсіршінің сол тақырыпта қаншалықты маман екендігіне тікелей байланысты.
Тақырыптық тәпсірді құптамайтын ғалымдар тағы мынадай да аргумент келтіреді: Тақырыптық тәпсір модернизмнен әсерленген кей мұсылмандардың шығарған бағыты. Модернизмнің бір ерекшелігі адамдар бір салада тереңдеп, маман болып қалыптасады. Мұның пайдасымен қатар зияны да бар. Пайдасы өз саласын өте жетік меңгерген. Зияны өзге тақырыптарда білімі шала болады. Белгілі бір тақырыпта маманданған адам Құранды өз тақырыбына қарай тәпсірлегенде өз тақырыбын жақсы түсіндіріп бергенімен, Құрандағы кейбір мәселелерді қате жеткізуі ықтимал. Себебі, Құрандағы тақырыптар қарапайым тәсілмен бөліне салмайды. Ондағы тақырыптар бірімен-бірі тығыз байланысты, онда тым нәзік мәселелер бар [5]. Былайша айтқанда бірімен-бірін ажырату мүмкін емес тақырыптарды қалайша бөлек қарастыруға болады дейді.
Бұл сұраққа мынадай жауап берілген: Құран әр кезеңде ижтиһадқа (аяттан мағына шығарып жорамалдауға) ашық болғандықтан, модерн кезеңде де оны осы кезеңге сай түсіндіруге ашық болуы тиіс. Тәпсіршілердің пайғамбар емес адам екендігін, олар аяттарды білім деңгейі мен тәжірибелеріне орай тәпсірлейтінін ескеру керек. Өткен ғасырлардағы тәпсіршілер қалайша өзі дүниетанымы мен тәжірибелеріне сүйеніп тәпсір жазса, дәл солай жаңа замандағы тәпсіршілер де өз білімдері деңгейінде Құранды тәпсірлесе несі айып? Біз ешкімнен абсолютті/иләһи тәпсір күтпеуіміз керек.
Мына нәрсені де ұмытпауға тиіспіз, тәпсірші бейтарап адам бола алмайды. Оның бұған дейінгі жинаған білімі мен дүниетанымы бар. Оған өзі өмір сүрген ортаның әсері бәрібір болады. Өзі ғұмыр кешкен орта мен кеңістіктен әсерленбейтін адам болмайды. Нәтижеде өзге адамдар секілді тәпсірші де әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, тіпті географиялық шарттарға тәуелді адам. Былайша айтқанда адам өзі өмір сүрген ғасырдың перзенті. Міне, осы себепті модернизм кезеңінде Құран тәпсірлейтін адамның осы кезеңнің шарттарына сай тәпсір жазуы табиғи жағдай. Өткен ғасырдағы тәпсіршілер де өз ғасырының перзенті екенін ескеру керек.
Егер бұл кезеңдегі адамдар әрбір тақырыпты терең білуге ден қоятын, соны егжей-тегжейлі зерттеуге құмбыл болса, модерн кезеңдегі Құран тәпсіршілері де осы ғасырдың адамдары түсінетін методика мен әдісті қолдану арқылы Құран ақиқаттарын жеткізуіне тура келеді. Былайша айтқанда тақырыптық тәпсір арқылы қоғамның саяси, экономикалық, құқықтық, дүниетанымдық (ақидалық), моральдық және әлеуметтік жағдайлардың ішінде астасып жатқан бұлыңғыр кезеңінде Құранның әр салада бағыт-бағдар беретін ең биік, өміршең принциптерін адамдардың оңай түсінуіне ықпал етуі керек. Осылайша адамзат қоғамы Құранның әмбебаптығы мен мұғжизалығына тағы бір мәрте көз жеткізеді.
Бірақ тақырыптық тәпсір тәсілі бойынша Құранның қандайда бір тақырыбын зерттейтін адам мына нәрсені еш ұмытпауы тиіс. Тақырыптық тәпсір жазатын адам өз зерттеулері нәтижесінде қол жеткізген тұжырымдарын Құранның басты принциптерінің елегінен өткізіп алуы тиіс және қол жеткізген тұжырымдары мен ой-пікірлерін жалғыз ақиқат осы деп кесіп айтпауы керек.
Нұрбол ҚАЛДЫБЕКОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері, PhD докторант, исламтанушы
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Мұхаммед Мутәуәлли Шағрауи. Куран мужизеси. Ауд: Саид Шимшек, Стамбул, 1993. 156-бет.
- Мұхаммед Бессам Рушди Зейн, Муғжаму әл-муфаһрас ли мағани әл-Қуран әл-Азыйм, Шам, 1995, 9-10 бет.
- Саид Ибраһим Мурси әл-Бәюми, Манаһижу әт-тәфсир бәйнал қадим уәл-хадис, 100-бет.
- Мұхаммед Бакыр Садр, Куран Окулу, Анкара, 1995, 13-16 беттер.
- Меһди Базерган, Куранын Нузул сурежи (ауд: Иасин Демиркыран, Мұхаммед Фейзуллаһ), Анкара, 1998, 161-бет.