ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры Түркиядағы табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек ретінде арнайы есепшот ашқан болатын. Бірнеше күннің ішінде қорға халықтан 83 млн 565 мың теңге жиналды.
Аталған қаражат Астанадағы Түркия Республикасының Елшілігінде ашылған арнайы есепшотқа толық аударылды. Қор директоры Мақсатбек Мақсотұлы Түркия елшісінің Дін істері жөніндегі кеңесші Нешет Бодурмен кездесу барысында көңіл айтып, ел тұрғындарының қолдауы жайлы баяндап берді. Өз кезегінде Нешет Бодур мырза қиын уақытта қолдау білдірген Қазақстан халқына алғысын білдірді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Түркиядағы «Талаба» қауымдастығы жанынан еріктілер тобы құрылып, жер сілкінісі болған аймаққа көмек көрсетуге аттанды. Сондай-ақ «Зекет және қайырымдылық» қорының Түркия көмек ретінде ашылған есепшоты жабылып, енді Сирия тұрғындарына қаржы жиналады дейді Мақсатбек Мақсотұлы.