Доссорда мешіт жамағатына арналған рухани шара өтті

Мақат ауданына қарасты Доссор кентіндегі Сатан – Шәмек мешітінде рухани кеш өтті.

Доссор жамағатына арналған рухани кешке Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы, ұстаз Наркес Боханов арнайы келді.

Рухани кеш аясында ұстаз Наркес Боханов кемел адамның сипаты, бірлік тақырыптарында насихат айтты.

«Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар, исламда зорлық жоқ. Бақара сүресінің 256 аятында: «Дінде зорлық жоқ»,- деп Алла Тағала анық түрде баян еткен соң әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.

Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайлықпен қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Құранда бұл жайында былай дейді:

«Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» (Анкабут сүресі, 46 аят)» деп атап өтті ұстаз Наркес Боханов.