Туысқандық қарым-қатынас кезінде нені ескеру керек?

Әуелі, күллі мадақ-мақтаулар, шексіз шүкірліктер туысқандық қарым-қатынасты үзбей, оны нығайтуды жәннәтқа кіргізер сауапты амалдардан еткен Ұлы Жаратушы Иеміз Алла Тағалаға болғай!

Алланың игілігі мен ізгілігі, салауаты мен сәлемі, туысқандық қарым-қатынасты үзбеген жандарды ризық-несібелерінің көбеюі және өмірлерінің ұзаруымен  сүйіншілеген ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ға, әрі оның отбасы мен сахабаларына, сонымен қатар, жақын-жуық, ағайын-туысқандарымен көркем мәміледе болған барша иман жүзді жандарға болғай!

Қазіргі таңда қоғамымызда дұрыс тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалған кей адамдардың арасындағы туысқандық қарым-қатынас үзіліп, тіпті, өзара дауласып жатқан, бауыр еті бір ағайын туысқандарды кезіктіреміз. Ендеше, уақытымыздың бір бөлігін туысқандық қарым-қатынасқа арнап, оның қаншалықты маңыздылығы мен киелілігіне, сонымен қатар, шайтанның және нәпсіміздің кесірінен бұл киелі байланысты үзудің жазасы осы өмірде берілетін ауыр күнә екендігіне тоқталуды жөн санадық.

Біле білсек, жақын-жуық, ағайын-туысқандармен жақсы қарым-қатынас пен көркем мәміледе болып, туысқандық байланысты нығайту – бізді Жаратушы Раббымызға жақындататын ең ұлы ғибадаттың бірі. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде тума-туысқандарымен жақсы қарым-қатынаста болған мүміндерді мадақтап:

«Олар, Алланың уәдесін орындағандар, әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғастыруды әмір еткенін (туысқандық байланысты) жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер», – деп дәріптеген.

Майқы би: «Ауыр жүкті бөлісу – ақ атанның парызы» демекші, аса қамқор ерекше мейірімді Раббымыз да ағайын-туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қалталары жұқарып, қажеттілік туындағанда оларға қол үшін беруді Құран Кәрімде бұйырып:

«(Мұхаммад с.ғ.с) олар сенен Алла жолында не беретіндерін сұрайды. Оларға: нендей хайыр  сарып қылсаңдар; Әке-шеше, туысқан жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Хайырдан не істесеңдер күдіксіз  Алла оны біледі» деп айт», -деген.

Осы тәрізді аяттарға құлақ асқан дана халқымыз: «Өле жегенше, ағайынмен бөле же», «Бауыр шырын, бас тәтті. Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір» деп ұл-қыздарына ақыл айтып отырған. Сонымен қатар, Жаббар Иеміз:

«Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақирет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және туысқан жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат етуге жақсы көре отырып, мал сарып қылса, әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар», – деп баян еткен.

Осы бір аяттан Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтіргеннен кейінгі, игілікті істі және Құдай жолында малды сарып ету жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат етуден бұрын, туысқан жақындарға жасау алдыңғы орында екендігін аңғарамыз. Өйткені, жоғарыдағы аятта туысқан жақындар, реттік жағынан жетімдердің, міскіндердің, жолда қалғандардың, сұраушылардың және құлды азат етудің алдында айтылып, сонымен қатар, шыншылдар мен тақуа жандардың іс-әрекетінен екендігі баяндалған. Осы айтылғанды ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-нің мына хадисі де қуаттай түссе керек: Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді:

«Шынында, міскінге берген садақа, бір ғана садақаға ғана жатса, ал, туысқан адамға беру екі сауапты амалға, әрі садақаға, әрі туыстық байланысқа жатады». Сонымен қатар, ата-ана, нағашы-жиен, аға-іні, әпке-қарындас секілді басқа да ағайын-туыстармен араласып, хабарласып, қажеттілік туындағанда жәрдем беру арқылы туысқандар арасында сүйіспеншілік пен ризық-несібемізді молайтып, өмірімізді ұзартумен өзімізге өзіміз үлкен пайда келтіретіндігіміз жөнінде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) асыл хадисінде сүйіншілеп хабарлаған:

Анас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) Алланың елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді:

«Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туған-туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін»

Абу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

«Расында туысқандық қарым-қатынас – отбасындағы махаббат, мал-дүниенің көбеюі, өмірдің ұзаруы», – деген. Сол сияқты, туысқандық байланыста болу – Аллаға және қиямет күніне иман келтіруіміздің белгісінен.

Абу Һурайра (Алла оған разы болсын) Алланың елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген:

«Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін».

Жақын-жуық туысқанмен жақсы байланыста болу – тәубеміздің қабыл болуына, күнәларымыздан арылып, тазаруымызға үлкен септігін тигізеді. Бұған дәлел:

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) алдына бір жігіт келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен бір ауыр күнә істеп қойдым. Енді маған тәубеге келу жолы бар ма?», деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Анаң бар ма?» деп сұрады.

– Жоқ, – деп жауап берді жігіт. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Анаңның сіңілісі бар ма?» -деді.

– Иә, – деп жауап берді жігіт.

– Олай болса, нағашы апайыңа жақсылық жаса, батасын аласың және Алла  күнәларыңды кешіреді»,-деп айтты.

Ағайын-туысқандармен қарым-қатынасты үзбей, көркем мәміледе, тату-тәтті байланыста болу – жұмақ-пейішке кіруімізге жетелейтін ұлы амал. Сүйікті Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

«Уа адамзат! Өзара сәлемді жайыңдар, ашмұқтаждарды тамақтандырыңдар, туысқандармен болған байланысты үзбеңдер, адамдар түнде ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқыңдар. Міне, сонда аман-есен жәннәтқа кіресіңдер», – деп айтқан. Ал, Әбу Айюб әл-Ансариден (Алла оған разы болсын) жеткен тағы бір хадисте:

Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Маған, мені жаннатқа кіргізетін амалды хабар етіңізші», – дегенде, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға ғана құлшылық етіп, Оған еш нәрсені ортақ қоспа, намаз оқып, зекет бер. Сондай-ақ, туысқанмен байланысыңды үзбе» деп айтты», – делінген.

Мақсат АЛПЫСБАЙ,

Атырау облыстық «Иманғали»  орталық мешітінің наиб имамы.