Атырауда Әт-Тақуа мешіті мұқтаж отбасыларына азық-түлік үлестірді

amin.kz/ 30 мамыр, 2020 жыл. Атырау қаласындағы Әт-Тақуа мешітінің ерікті жастары әлеуметтік жағдайы төмен бірнеше отбасына азық-түлік жеткізіп берді.

Қайырымдылық акциясы жалғыз басты, көп балалы, мұқтаж отбасыларын қамтыды.

Еске сала кетелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыттарының бірі – қайырымдылық. Осы ретте мүфтияттан бастау алған «Жүрек жылуы», «Қайырымдылық керуені» жобалары аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіттерде түрлі формада ізгілік шаралары атқарылып жатқанын атап өткеніміз жөн.

«Жақсы істердің қайырсыз кетпейтіндігі жайында Қасиетті Құранда: «Алланың жолында не жұмсасаңдарда, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» деп баяндалады. Қайырымдылық бағытындағы шараларымыз жалғасады» дейді Әт-Тақуа мешітінің имамы Өсімхан Аманбайұлы.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.