Үкілі үміт үзілмесін!

          Жан жүрегімізбен қалаған істі болашақта болсын деп күтуді және Алла Тағаланың Ұлы құдіретіне арқа сүйеп, күткен жақсылығымыздың орындалатынына барынша сенім артуды бір сөзбен «үміт» дейміз. Жас өсемін, жалғыз көбейем, жарлы байимын, сырқат жазылам деп үміттенеді.

          Үміт – адамның тас түнек қараңғыда қалып, алған бағытынан ажырап, құрдымға бататындай сезініп, қайғыға батқанда, алыстан жақсылықтың нышанындай көрінген жарық сәуле.

          Асыл дінімізде «үміт» жасаған жақсылықтарымыздың қабыл болуын немесе біліп-білмей жасап қойған күнәлі істерімізге кешірім тілегенде тәубеміздің қабыл болуына жетелейтін жанның тыныштығы. Сондықтан адам баласы қаншалықты күнәхар болса да, ешқашан Алланың рақымынан күдерін үзбеуге тиіс. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде:

          «(Уа Мұхаммед) Былай де: «Уа, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген пенделерім! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым жарылқаушы, әрі өте мейірімді»                        (Зүмәр сүресі, 53 аят)

Өмірінде орны толмас қателік жасап, өкініштен өзегі өртенген жандарға осы бір аят үкілі үміт сыйлап, бақытқа жетелейді. Өйткені Алла Тағала уәдесінен таймайды.

          Үміт сенімнен, иманнан туындайды. Иманды жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Ал үмітсіздік адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалап, бұл дүниеде өмір сүруге деген құлшынысын құрықтап тастайды. Қазіргі қоғамдағы аса қауіпті дерттің бірі – «суицид» өз өзіне қол жұмсау, өмірін қиюдың артында да осы үмітсіздік тұрғаны баршамызға белгілі. Үмітсіздікке салыну – Алланың аса Рақымды, өте Мейірімді, тым Кешірімді сипаттарын жоққа шығару деген сөз. Алла Тағала Хижр сүресінің 56 аятында:

          «Раббыңның рақымынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?» – дейді.

          Алайда бұл дүние уақытша сынақ, бұл дүниеде амал бар, есеп жоқ, ақыретте есеп бар, амал ету жоқ екенін ескеретін болсақ, үміт пен үрейдің арасында тепе-теңдік сақтауымыз керек. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда күнәларды қорықпастан мейлінше көп жасап, «Алла кешіруші, өзі кешірер немесе «Құдай өзі кешірсін» деп тек тілдің ұшымен айта салу ақымақтың ісі. Кез келгеніміз сапарға шығарда жолға керекті жабдықтарымызды дайындаймыз, сол сияқты Алланың алдына бармастан бұрын, Алланың әмірлеріне құлақ асып, жақсылығымызды көбейтіп, сауапты істерімізді жасап, Алланың рақымынан үміт күткеніміз ләзім. Құранда Алла Тағала бұл жайлы арнайы бұйрық бар:

          «Үрей мен үміт арасында Аллаға жалбарыныңдар! Шын мәнінде, Алланың рақымы жақын»

                                                                     (Ағраф сүресі 56 аят)

Сондықтан бұл дүниеде тепе теңдік сақтауда адам баласына үміт пен үрейдің екеуі де аса қажет. Үміт етем деп ақыреттен қорықпай қоюға, үрейленем деп жақсылықтан күдер үзуге жол жоқ.

          Пайғамбарымыздың бауыры, Алланың арыстаны Хамзаны шейіт қылған Уахшидың өзін Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірнеше рет Құраннан аяттар жолдап, Исламды қабылдауға шақырды. Уахши сол кезеңдерде көңілін зіл батпан басқан үмітсіздіктен арыла қою қиынға соқты. Уахши Хамзаны шейіт қылғаннан кейін «мен кешірімге лайық емеспін» дегенге өзін сендірген еді. Пайғамбарымыз үшінші рет Алланың барлық күнәні кешіретіні жайлы аятты жолдағанда ғана Уахшидың бойындағы күдік-күмән сейіліп, көкірегіне үміт оты маздап, мұсылманшылықты қабылдады.

          Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

          «Мүминдер Алланың жазасын білсе, ешбірі жұмақтан үміт ете алмас еді. Кәпірлер Алланың рақымын білсе, ешбірі жұмақтан үміт үзбес еді» дегенін жеткізген.

          Қазақта «Үмітсіз – шайтан» деген. Бұл сөздің мағынасының өзі айтып отырғандай Алланың қарғысына ұшыраған ібіліс Алланың рақымынан үмітін үзген. Ал адам баласына Алла Тағала күнәсінің кешірілуіне түрлі мүмкіншіліктер беріп қойған. Егер Алла Тағала біздің жасаған қателіктеріміздің жазасын лезде беріп отырған болса, онда жағдайымыз мүшкіл болатын еді. Күніне 99 бәле көрсекте Алланың рақымына күдерімізді үзбейік, ағайын!

Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы.

Атырау қаласы.