Алла Тағала «Ағраф» сүресінде «Мейірімім барлық жаратылысты қамтиды» деген екен. Расымен де Раббымыз өзінің құлдарына үміт сәулесін төгіп тұрады.
Жүрегінде иман дәні бар мұсылман келешектен жақсылық күтеді, өткенге сабыр етеді. Бес уақыт намазын оқитын мүмін «Фатиха» сүресін сансыз қайталап оқитыны мәлім. Сол кезде Хаққа «Әр-Рахман», «Әр-Рахим» деп жалбарынамыз. «Ерекше мейірімді, өте қамқор, аса рақымды» дегенді білдіреді Алланың есімдері.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болғай) Аллаға әлсіз мұсылманнан күшті мұсылман әлдеқайда жақын екенін жеткізеді. Дана қазақ халқы «Үмітсіз – шайтан» деп әуелден анық-қанығын айтқан екен. Адамзатты азғыратын ібіліс пен оның соңынан ерген қауым ғана Раббының мейірімінен үміт етпейді. Сондықтан олар күнә істеуге, тозақ жолына бастары сөзсіз. Алла Тағаланың ізгілік шарапаты күллі дүниені, күллі жаратылысты қамтып түрады. Жүрек көзі ашылған адам Хақтың жолын таниды. Имани сәуле туралыққа алып барады.
Күнә істеген пенде тәубе етуі тиіс. Тәубеден соң күнә-қателікке бастар жолдан аулақ болғаны жөн. Жүрекке егіліп, өкінішпен жасалынған тәубе Алла алдында қабыл болатыны риуаяттарда айтылған. Әрдайым сауапты істерді атқарып, иненің жасуындай болса да жақсылық қылуға ұмтылу керек. Сонда ізгілік бастауындағы хикмет сырын сезінеміз.
Құдси хадисте: «Әй, адам баласы! Расында, сен маған жалбарынуың мен үмітті артуыңды тоқтатқаныңа дейін қандай күнәлар жасаған бослаң да, оған назар аудармай, сені кешіремін» дейді екен Алла тағала. Біз ананың мейіріміне теңесер ештеңе жоқ деп санаймыз. Ал Хақтың шарапаты бірнеше есе күшті болады. Иман келтірген адамдардың адаспауын тілейді. Сынақ береді. Шыңдайды. Мына пәниде пенде жүрек хикметін сезініп, амал етіп, шүкіршілік етіп, сабыр сақтап, ылғи дұға етуі тиіс.
«Құлым мен жайында қалай ойласа, мен соған солай қараймын» дейді екен Әр-Рахман. Сондықтан бәрі де өзімізге байланысты. Қазақ халқы әманда орта жолды таңдаған. Дана бабаларымыз «барға шүкір, жоққа сабыр» деп тәубе етіп отырған. Яғни үміт пен үрейдің ортасындағы сара жолды таңдаған. «Аяз би, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл» деген тәмсілдің сыры осы түйінде.
Мұсылман бақ-дәулет келсе, тасымауы керек, қайғы бұлты төнсе, жасымауы керек. Ең соңғы демі үзілгенше, ізгілікке ұмтылып, Алланың мейірімін күдер үзбей, Құран мен хадисті, дәстүр мен дінді шамшырақ қылып, адами қасиеттерімен көпке үлгі болып өтуі керек.
Есенболат АБДУҒАЛИЕВ, дінтанушы