Атырау мешіттерінде көшпелі дәрістер жалғасуда.
Осындай іс-шара Атырау қаласының Тасқала ауылындағы «Мәулімберген» мешітінде өтті. Белгілі ұстаз Асылбек Ғұмаров құптан намазынан кейін насихат айтты.
«Адам баласының екі дүниедегі бақыты еңбегіне байлаулы. Сондықтан да атам қазақ: «Еңбек пен бақыт егіз» деген сөзді бекер айтпаса керек.
Ал, Жаратушымыздың бізден талап еткені – адал кәсіп, адал еңбекпен халал нәпақа табу – әрбір мұсылман үшін міндетті іс. Алла Тағала иман келтірген пенделеріне былай бұйырады:
«Әй адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан». Басқа бір аятта: «Және Алланың сендерге берген халал, таза несібесінен жеңдер. Сондай-ақ өздерің иман келтірген Алладан қорқыңдар».
Енді бір аятта: «Ол сондай Алла, сендер үшін жерді көнбіс қылып жаратты. Ендеше оның айналасында жүріңдер. Сондай-ақ Оның ризығынан жеңдер». Яғни, Алла Тағала адам баласына жерді көнбіс етіп жаратты да сол жер бетінде адалынан еңбек қылып нәпақасын табуға бұйырды» деп атап өтті ұстаз Асылбек Ғұмаров.
Насихат соңы сұрақ-жауап форматында жалғасты.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Мәулімберген» мешітіндегі тұрақты жамағат саны 14 мыңнан асқанын хабарлаған болатынбыз.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.