Ұстаз Сансызбай қажы Құрбанұлы Тарауық намазында насихат айтты (+ ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы Атырау өңіріне сапары барысында орталық “Иманғали” мешітінде тарауих намазына қатысып жамағатқа насихат айтты.

Діни басқарма бекіткен рамазан насихаты аясында намаз оқудың сауабы мен дәрежесі туралы сөз қозғады.

«Бесінші тілек тілеңіз, бес уақытта бес намаз, бірі қаза болмасқа» деген Бұқар жырау бастаған асыл ата-бабаларымыз да біздерге намаз оқуды көптеп өсиет еткен.

Шортанбай Қанайұлы бабамыз:
Құбылаға бас қоймақ,
Мұсылманның тарығы.
Ораза, намаз қаза қылмасаң,
Көңіліңде Құдай барлығы, – деп айтқан. Хакім Абай атамыз: «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – деп, Исламның бес тірегі саналатын ғибадат-құлшылықтарды түгелімен орындауды өсиет еткен.
Ендеше, намаз – ең маңызды, мағынасы мен мәні терең құлшылық. Оның ішінде Алланы мадақтау, ұлықтау, Оған шүкіршілік білдіру, тәубеге келіп кешірім сұрау, Одан жәрдем тілеу, дуға ету сияқты зікірлер де бар,-деп атады Сансызбай Құрбанұлы.

Еске сала кетсек өңірде 25 мешітте отандық 34 қари хатым түсіруде.