Валюта (ақша) айырбастау шариғатта «сарф» деп аталады. Яғни бір жынысты немесе түрлі жыныстағы нақты ақшаны нақты ақшаға сату дегені. Тарап кетуден бұрын екі тарап ақшаны қолма-қол бір-біріне табыстауы шарт етіледі. Қолма-қол табысталған бөлігіндегі сарф (ақша саудасы) дұрыс болып есептеледі («Фатху бабил ғиная», 2/729).
Бұрынғы заманда негізінде алтын (динар) мен күміс (дирхам) арасында айырбастау жүргізілген, ал бүгінде түрлі мемлекеттердің валюталары арасындағы айырбастау операциялары кең көлемде қолданылады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алтынға алтынды, күміске күмісті, бидайға бидайды, арпаға арпаны, құрмаға құрманы, тұзға тұзды сайма-сай, теңбе-тең, қолма-қол (етіп айырбастаңдар). Бұлардың жынысы бірдей болмаса, қолма-қол алу шартымен оны қалағанша сата беріңдер», – деген (Мүслим).
Демек бір жыныстағы ақшаны, яғни теңгені теңгеге немесе долларды долларға айырбастағанда артығымен алуға болмайды және айырбастау операциясы бір жерде қолма-қол жүзеге асуы шарт. Әдетте мұндай айырбастау ақшаны ұсақтау немесе ірілеу үшін қолданылады.
Әбу Минһәлдан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Бәра ибн Ғазибтен сарф (ақша айырбастау) туралы сұрадым. «Зайд ибн Арқамнан сұра, ол жақсырақ біледі», – деді. Зайдтан сұрағанымда: «Бәрадан сұра, ол жақсырақ біледі», – деді. Сосын екеуі: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күмісті алтынға қарызға сатуға тыйым салды», – деді. Алайда қолма-қол болса, ештеме етпейді. Бірақ несие болса, дұрыс емес», – делінген (Бұхари, Мүслим). Хадистің мазмұнына қарағанда, екі түрлі валютаны айырбастау қолма-қол болуы тиіс, сондай-ақ мұнда несиеден үзілді-кесілді бас тарту шарт. Бұған амал етпеген жағдайда, риба (өсімқорлық) кіреді.
Малик ибн Әустан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Мен жүз динарды сарф етпек (айырбастамақ) болдым. Сонда мені Талха ибн Убайдолла қасына шақырып алды, екеуміз келістік, ол маған ақшамды айырбастап беретін болды. Алтынды алып, қолында айналдырып: «Қазынашым орманнан келсін», – деді. Мұны естіп тұрған Омар: «Аллаға ант етемін, одан (ақшаңды толық) алмай тұрып, тарқама (қасынан кетпе). Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алтынды алтынға (айырбастау) – риба. Бірақ, «міне, міне» болса, онда оның жайы бөлек», – деді (Бұхари).
Демек алдымен келісіп, қолма-қол алмай немесе бірі алып, екіншісі алмай тұрып тарап кетсе, келісім жойылады. Себебі екі жағдайда да қолма-қол алу шарты орындалмай тұр. Мұндағы айырбастау рибаға ұқсап қалуда. Ең бастысы, тарқамаса болды, уақыттың өтуі есепке алынбайды. Бірге ұйықтаса да, бірге жүрсе де жарайды. Бірақ тарқап кеткен кезде сауда (келісімдер) бұзылады. «Міне» деп бірі алтынды беру керек, екіншісі де сол мәжілісте (орында) тарқамай бұрын «міне» деп, күмісті қолына қайтару керек.
Бұл үкім болашақтағы келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін шариғатқа енгізілді. Әйтпесе кейбір алаяқтарға жол ашылуы мүмкін. Мысалы, бір жақ ақшаны алып, «қазір немесе ертең алып келіп беремін» дейді де, алған ақшаны дереу «айналдыра» бастайды. Немесе екінші жақтың ақшасын беруді кешіктіруі мүмкін. Сөйтіп арада жанжал шығады. Екі жақтың бірі ақшасын уақытылы алмай зиян шегеді. Ал екінші жақ ақшадан пайда көрген болады. Зиян шеккен жақ ақысын сұрай бастайды. Ақысын алса – риба, алмаса – іштей қинала береді.
Хасан АМАНҚҰЛ,
«Мұнара» газеті, №5, 2023 жыл