«Зекет» сөзінің сөздік мағыналары — тазалау, арту, көбею дегенді білдірсе, діндегі мағынасы — белгілі адамдардың өз мүліктерінің белгілі мөлшерінің, берілуі тиіс жерлерге бөлінуін білдіреді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, зекет — исламның басты бес парызының бірі. Абдуллаһ ибн Омар тарапынан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ислам бес нәрседен тұрады. (Олар:) Иман етіп, кәлима келтіру, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан оразасын ұстау» деп айтқан. Демек, зекет тек материалдық көмек беру емес, ол ең әуелі мұсылманға жүктелген үлкен ғибадат. Оның ерекшелігі сол – намаз, ораза сияқты ғибадаттар адамның денесіне қатысты болса, зекет кісінің дүние-мүлкіне қатысты ғибадат. Және де тек «өтелгені абзал» дейтіндей емес, Құран мен сүннетте нақты бекітілген, сауап пен жазасы бар, міндетті парыз амал.
Зекет кімге беріледі?
Зекеттен түскен қаржы Алла тағала әмір еткен сегіз бағытта ғана жұмсалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Маған зекет бер» – деген адамға былай жауап берген: «Ұлы Алла зекеттің берілетін орындары жайында пайғамбарының да, басқаның да үкіміне разы болмай, өзі берді. Оны сегіз топқа бөлді. Егер сол сегіз топтың ішінде болсаң, саған есеңді беремін» деген.
Зекеттің берілетін орындарын Алла Тағала «Тәуба» сүресінің алпысыншы аятында тағайындап білдіреді: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер): кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Алла жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді».
-Пақырлар мен міскіндер: бұл жерде пақыр деп – нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға, міскін деп – түгі жоқ адамдарға айтылады.
3) Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар: зекеттің жиналуы, сақталуы, есептеліп, лайық адамдарға таратылып, тапсырылуы сияқты жұмыстар үшін тағайындалған адамдар. Бұларға зекеттен белгілі мөлшердегі төлем, еңбектерінің қарымына орай жалақы ретінде берілгендіктен, тағайындалған адамдардың бай болулары зекеттен белгілеген мөлшерін алуларына бөгет емес.
4) Муаллафату-л қулууб: мұсылман болу бақытына әлі кенелмеген кейбір адамдардың жаманшылығынан сақтану үшін және Ислам дінін жаңадан қабылдаған иманы әлсіз адамдардың, тіпті әлі Исламды қабылдамаған кейбір адамдардың көңілін жібіту үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) кедей болсын, ауқатты болсын, оларға зекеттен белгілі мөлшер беріп отырған. Міне, осы аталмыш үш топ Құранда айтылып, зекеттен белгілі бір есе тағайындалған «муалләфатул-қулууб» тобына жатады.
Бірақ Хазіреті Омар дәуірінде бұл топқа берілетін зекет есесі тоқтатылған. Тоқтатылуының басты себебі, Ислам дінінің дүниеге қанат жайып қуаттанғаннан кейін бұлардың көңілін Исламға жібітіп, жаманшылықтарынан сақтанудың қажеті болмай қалуында еді. Алайда, кейбір ғалымдардың фәтуасына сүйенсек, қажет болған жағдайда, қайтадан бұл топқа беруге болады.
5) Құлдар: қожайынынан азат болу үшін белгілі ақшаға келіскен құлдарға зекет беріледі. Міне, бұл Ислам дінінің құлдарды азат ету жолында жұмсаған еңбектерінің бір көрінісі.
6) Қарызға батқандар: Пақырға зекет бергеннен гөрі қарызынан қиыншылық көргендерге зекет беру – абзал. Өйткені, қарызынан құтылу – қарызы бар үшін басты міндет.
7) Алла жолында: бұл топқа Алла ризалығы үшін ілім іздеушілер, Алла Тағаланың дінін қорғау және жастарымызды имандылық, адалдық, адамгершілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін, жалпы қоғам пайдасына шешілетін қайырлы істер кіреді.
8) Қаржылары бітіп, жолда қалғандар: бұларға негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары барлар жатады, яғни, бай болса да оларға зекет беріледі (қажылар, ілім ізденушілер, т.б. сияқты).
Зекет кімге парыз?
Қандай да бір адамның күнделікті тіршілікте қолданылатын қажеттіліктері мен қарызынан тыс, нисап мөлшерінде немесе одан да көп байлығы болса, зекет беру парыз. Мал-мүліктің нисабы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) баяндауымен белгіленген.
Төрт түлік малмен қоса басқа да байлық түрлеріне қатысты нисап мөлшерлерін төменде қысқаша баяндаймыз: Түйеде: бес бас; Сиырда: отыз бас; Қой мен ешкіде: қырық тұяқ; Алтында: жиырма динар, яғни, 85 грамм; Күмісте: екі жүз дирхам, яғни, 595 грамм; Сауда-саттық заттарының ортақ бағасы нисап көлеміндегі алтын немесе күмістің құнына тең болуы қажет; Егістік пен бау-бақшадан әр өнім алған сайын егістікті суғару жағдайына қарай өлшенеді. Егер егіс құдық суымен немесе қандайда бір сутартқыш еңбек күшін жұмсап суарылса 5 пайыз, жаңбыр суы немесе өзен суымен суарылса 10 пайызы беріледі.
4.Толық иелік ету Ханафи мазхабында толық иелігінде болу дегеніміз: а) Қолына тимеген, басқаға берген қарызын қайтарып алу мүмкіндігі аз болса, біреу тартып алған, жоғалған, теңізге түсіп кеткен, сахараға көміліп немесе көмген жерін ұмытып қалған және т.б. жағдайларды дүние-мүлік өз иесінің қолына қайта оралғанға дейін зекеті берілмейді. Өйткені бұл мал оның толық иелігінде болмағандықтан зекет берілмейді.
Зекеттің пайдасы
Зекет алдыменен зекет берушінің өзін барлық күнәларынан арылтып, зекетін берген мал-мүлкінің берекесін асырып, көбейтеді. Зекет бәле-жаладан апат, ауру-сырқаудан, ұрлықтан сақтап, байлығының құрып кетпеуіне үлкен мүмкіншілік жасайды. Алла Тағала Құранда: «Күнәларынан тазарып, малдары көбейіп берекеттенуі үшін олардың (мұсылмандардың) малдарынан садақа (зекет) ал…»[3]–деп үлкен-кіші, ақыл есі дұрыс немесе балиғат жасына жетпегендер деп нақты, бөліп-жарып айтпаған. Сондықтан барлық мұсылман зекет арқылы тазаруға мұқтаж дейді.
Әз Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәріпінде; «Кімде-кім малының зекетін берсе, жамандығы кетіпті», – десе, екінші бір хадисінде: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, бастарыңа келетін бәлелерді тілейтін дұғаларыңмен тойтарыңдар», – деп өсиет еткен.
Зекет қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа, кедей-кепшіктерге мейірімменен қарауға тәрбиелейді.
Мал-дүниесі аз кедейлердің орташа өмір сүруіне ықпал жасап, өзара байланысты нығайта түседі, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды. Пайғамбарымыз Мұхаммад (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Зекет Исламның көпірі»,- деп әлеуметтік өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің мәнін жойып, зекет арқылы бір дастархан басына жиналатындығына ишарат етеді. Өйткені зекет бай мен кедейді жақындастыратын маңызды ғибадат.
Алла Тағала зекет-садақаларыңызды қабыл етіп екі дүние бақытын берсін!
Арман ИСАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.
Атырау қаласы.