Жалған ақпарат таратудың діндегі үкімі қандай?

Жалған ақпарат – шындыққа сай келмейтін не қамтылған фактілер бұрмаланған, дәйексіз, негізсіз және қоғам арасында жалған түсінік қалыптастыратын ақпараттар.

Шариғатымызда жалған ақпарат тарату адамгершілікке жат әрі үлкен күнә болып табылады. Өйткені жалған ақпарат тарату адамдар арасындағы сенім мен достықты бұзып, қоғамда дау-дамай мен араздық тудырып, бүлікке жол ашады.

Жалған ақпарат таратудың күнә әрі арам екені Құранда да, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де анық айтылған. Алла Тағала Құранда: «Сонда сендер оны тілдеріңмен таратып, ауыздарыңмен өздерің еш білмейтін нәрсені айттыңдар да, оны жеңіл деп есептедіңдер, ал ол – Алланың алдында аса зор (күнә)», – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Әрбір естігенін айту кісіге күнә ретінде жеткілікті», – деген. Сол себепті кез келген хабарды аныққанығына жетпей тұрып таратуға тыйым салынады.

Алла Тағала Құранда: «Өзің нақты білмейтін нәрсенің (мәліметтің) соңына түспе (яғни білмегенді білдім, көрмегенді көрдім, естімегенді естідім деп айтпа). Шындығында адам баласы құлақ, көз және жүрек сынды дене мүшелерін қалай басқарыпқолданғанына қатысты (Алланың алдында) жауапқа тартылады», – деген. Демек жалған ақпарат тарату – адамгершілікке жат әрі үлкен күнә. Шариғатымызда жалған ақпарат таратуға қатаң түрде тыйым салынады. Сол себепті мұсылман адам
естіген хабарының шындығына көз жеткізбестен оны біреуге айтудан тыйылуы тиіс.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №11, 2024 жыл