Жамағатпен бір болудың артықшылығы

Мұсылман адамның жамағатпен бір болуының мынадай артықшылықтары бар.

Бірінші. Жамағатпен атқарылған құлшылық жеке атқарылған құлшылықтан сауап тұрғысынан артық.

Құлшылықтарды жамағатпен бірге атқарудың берекесі мен сауабы өте мол. Алла Тағала құдыси хадисте:

«Егер пендем Мені іштей есіне алса, Мен де
оны іштей есіме аламын. Ал Мені жамағаттың арасында есіне
алса, Мен оны олардан қайырлы болған жамағаттың (яғни періштелердің) арасында есіме аламын»
, – деген (имам Бұхари, имам Мүслим).

Дініміздің тірегі болған намаз құлшылығын да жеке оқығаннан гөрі, жамағатпен оқудың сауабы әлдеқайда артық. Жалпы, ханафи мәзһабында ер кісілердің бес уақыт парыз намазды жамағатпен оқулары бекітілген сүннет деп танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Жамағатпен оқыған намаздың сауабы жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық», – деп айтқан (имам Бұхари).

Осы себепті де, мұсылман адам шамасы келгенінше намаздарын жамағатпен бірге оқуға тырысуы қажет. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі әрдайым намаздарын жамағатпен бірге оқитын еді. Тіпті, дүниеден өтер алдында да сыртқаттанып тұрып, мешітке жамағат намазына келіп, Әбу Бәкрды (Алла оған разы болсын) имамдыққа шығарып, оның артынан ұйып намаз оқыған.

Намазды жамағатпен оқудың сауабына байланысты ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

«Кімде-кім құптан намазын жамағатпен оқыса, түннің жартысын намаз оқып өткізгеніндей сауап алады. Ал, егерде таң намазын да жамағатпен оқыса, түннің барлығын намаз оқып өткізгеніндей сауап алады», – деген (имам Мүслим).

Екінші. Жамағатпен құлшылық ету – өзара бірлікте болуға ықпал етеді.

Дініміз Ислам барша мұсылмандардың бірлік мәселесінде бір дене іспеттес екендігін айтып, оларды өзара бөлінуден тыйған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Ғымран» сүресі, 103-аятында:

«Барлығың да Алланың дінінен мықтап ұстаныңдар да және өзара бөлінбеңдер», – деп бұйырады. Аятқа мән беретін болсақ, діннен мықтап ұстану туралы бұйрық: «Ұстаныңдар», – деп көпше түрде келген. Яғни, бұл дін адамның жеке өзі ұстанатын дін емес. Ислам – көпшілікпен, яғни жамағатпен бірге ұстанатын дін. Ал көпшілік болған жерде бірлік ауадай қажет. Сол себепті де, аяттың жалғасында: «өзара бөлінбеңдер», – деп айтылған.

«Көзден таса, көңілден жат» немесе, «Ай көрмесең туысың жат, жыл көрмесең жолдасың жат» делінгеніндей, ұзақ уақыт адамды көрмеу – өзара жақындықтың жоғалуына алып келеді. Осы орайда мұсылмандардың өзара сүйіспеншілікте болулары үшін жамағатпен атқарылатын құлшылықтардың мәнісі зор. Өйткені құлшылықтарды жамағатпен бірге атқару өзге мұсылмандарды жиі көруге, жақыннан тануға, етене араласуға ықпал етіп, бұл олардың арасында бірлік пен сүйіспеншіліктің орнауына себеп болады.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Медине қаласына қоныс аударғаннан кейін ең бірінші болып қолға алған істерінің бірі – мешіт салу болды. Өйткені, мешіт – мұсылмандардың Алла Тағалаға көпшілік болып құлшылық ететін, олардың арасында бірлік пен берекенің орнауына себепші болатын қасиетті орын. Мешітте жамағат болып құлшылық ету, Құран оқу, Алла Тағаланы еске алу сияқты ғибадаттар мұсылмандардың өзара бірлігіне әсер етіп қана қоймай, Жаратушымыздың мейіріміне бөленуімізге алып келеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

 «Адамдар Алланың кітабын өзара бірге оқып-үйрену үшін Алланың үйлерінің біріне жиналса, оларға міндетті түрде тыныштық түседі және оларды мейірім-шапағат орап алады. Періштелер оларды қоршап алады.  Алла Тағала оларды Өзінің құзырындағыларға айтып еске алады», – деп айтқан.

Үшінші. Жамағатпен бірге болған адам, шайтанның азғыруынан аман болады.  

Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресі, 28-аятында сүйікті Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет», – деп бұйырған. Бұл аяттан мұсылман қауым үшін алатын ғибрат өте үлкен. Амалдары ізгілікке негізделген көпшілік ортамен тығыз қарым-қатынаста болу – адамның дінінде берік, құлшылығында бекем, шайтанның азғыруынан алыс болуына себепші болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Жамағатпен бірге болып, бөлінуден сақтаныңдар! Расында шайтан жалғыз адаммен бірге, ал екі адамнан алыс болады», – деп өсиет айтқан.

«Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, ізгі ортадан жырақ, жалғыз жүрген адамның шайтанның азғыруына алданып, нәпсісінің жетегінде кетуі оңай. Осы себепті де Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Бір ауылдағы немесе шөлдегі үш адам жамағат болып намаз оқымаса, шайтан оларға билік жүргізеді. Сондықтан да, намазда жамағатпен болыңыздар, қасқыр да отардан бөлінген қойды жейді», – деп ескерткен (имам Әбу Дәуіт).

Төртінші. Мұсылмандарды тәртіп пен жүйеге тәрбиелейді.

Дінімізде мұсылман адамның құлшылығы, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мінез-құлқы сыңды барлық істері жүйеден тұрады. Мысалға, жамағат намазын алайық. Намаздың өзі арнайы белгіленген уақытта,  белгіленген ракағаттарымен оқылады. Парыз намазындағы саптардың біркелкі болуына аса мән беріледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Саптарыңды түзеңдер, өйткені, расында, сапты түзеу намаздың кәмілдігінің белгілерінің бірі болады», – деп айтқан (имам Бұхари, имам Мүслим).Жамағаттың намаздағы сабы аяқ ұштарымен бірқатар түзу болуы шарт. Намазда ең бірінші болып имам, ал оның артынан ер адамдар, кейін балалар, соңында әйел адамдар тұрады. Имамға ұйып оқылатын намаздарда жамағат іс қимылдарында имамнан озып кетулеріне қатаң тыйым салынады.

         Демек, жамағатпен құлшылық ету біздерді бірлесіп құлшылық атқаруға, әрбір істі уақытылы істеуге, бір имамның артынан ұюға, бойұсынудан тысқары кетпеуге тәрбиелейді. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Ислам жамағатсыз болмайды, ал жамағат басшысыз болмайды. Ал басшы болса, оған бойұсынусыз болмайды», – деген.

Махсат АЛПЫСБАЙ,

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.