Абайдың Алланы тану хақындағы көзқарасы

         Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда қазақтың бас ақыны Абайды, бұл күндері дүйім жұрт: «Хәкім Абай» деп қасиет тұтып жүр.

         Бүгінде Абайтанушылар, зерттеушілердің саны молайып келеді. Әрине, қуанарлық, құптарлық жәйт. Абайдың ақындығын, философялық көзқарастарын әркімдер-ақ әлі жеткенінше айтып жатыр. Ал, хәкімдігі, даналығы бір сөзбен айтқанда, діндәрлығын жетесіне жеткізбесек те, жүйелі түрде зерттеу – кезек күттірмейтін келелі іс.

Ең әуелі Абай Алланы қалай таныды? Ендеше өз аузынан естелік: «қашан бір бала ғылым, білімді махабатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәбіл мәнфағат (пайда келтіру) дәфғы мұзаррат- ларны (зиянды қайтару) айырмашылық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала». (38-қара сөз)

         Мінеки, Абайдың айтуынша, адамдықтың алғы шарты – ғылым-білімге деген құштарлық болса, осы шарттың үддесінен шыға алған адамның, иман негізі болған Алланы тану, өзінтану сынды таным, сенімінде ақау болмасы анық. Білім атты рухани ұғымның қасиеті Алланы танумен басталып, Оның әміріне құлдық ұруға ұласатыны Құранда былайша баяндалған: «шын мәнінде құлдарынан білім иелері Алладан қорқады» (Фатыр сүресі 28-аят). Аталмыш аяттың мағынасына үңілер болсақ, пенде ең әуелі өзінің құл екенін білсе,  жаратушы иесін табуға ұмтылады. Жаратқан иені табу үшін  Оны жыға тануға барынша құлшыныс жасайды. Қаншалықты жақыннан таныған сайын соншалықты беріле бойұсынып даналыққа жетеді. Абай білімді адамдықтың өлшемі етіп айтумен қатар жақсы мен жаманды айыра білетін пайдалы білімді үйренуді мұрат етеді. Өйткені Ібіліс ләғнәттың хайрсыз білімі оны такаппарлықтан тоса алмағаны белгілі.

Сондықтанда сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : «пайдалы ғылым бер…» деп тілеген. Ал, адамның ақыл ойын әрлендірмей, руханиятын ізгілендірмейтін пайдасыз ғылымның ақыл иелерін айтып тауысқысыз қасіреттің құйына батыратындығы дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бұл турасында Әл-Фараби: «Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы» – деп тамаша қорытындылаған.

«Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз – бір ғана инанмақтық емес, сен Алла тағаланың бірлігіне, уә құранның Оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалаиһи уә сәлләм Оның тарапынан елші екендігіне инандың. Жә, не бітті? Сен Алла тағалаға,Алла тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, Алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Өзің үшін иман келтіресің, жә инандың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпенен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың, пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалай алуды білмек керек» (38- қара сөз) .

Жәйшылықта мұсылманбыз дейтіндер, өздерін ислам дінінің өкіліненбіз деп санайды. Алайда, ислам деген не? Мұсылман деген кім? Деген жауапкершілігі мол сұрақтың төңірегінде ой жүгіртетіндер шамалы-ақ. Құдай бір, Құран шын, Пайғамбар хақ, жүрегім түзу, көңілім ақ деп, өз-өзіне анықтама беріп, иманның шарттарымен санасып та жатпайтындар қаншама?

Ақыл иесінің екі әлемдегі тағдырын шешетін бірден-бір баға жетпес байлық болған иман мәселесіне біреу үшін сенетіндей селқостық танытпауды ескерткен Абай ғақылясы қасиетті Құранның: « (Мұхаммед Ғ.С) расында саған Құранды адам баласы үшін шындық бойынша түсірдік. Сонда кім тура жолға түссе, өзі үшін. Ал кім адасса, ол өз зиянына. Сен оларға кепіл емессің» (Зумәр сүресі 41-аят) деген аятынан қуат алып тұрғандай.

Ат үсті қарауға келмейтін иманның ләззәтін тату, құр иландыммен қолға келуі мүмкін еместігін және бір аятта «Бәдәуилер: иман келтірдік деді. (Мұхаммед Ғ.С) оларға: сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: мұсылман болдық деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді…» (Хужрат сүресі 14-аят) деп ескертеді. Ал Хәкім Абайдың қара сөзіндегі бұл ой-түйіні, мынадай өлең жолдарынан -да көрініс тауып жатады:

 «Әмәнту» оқымаған кісі барма?

«Уа кутубиһи» дегенмен ісі барма?

«Әмәнту» дың сөздік мағынасы, сендім. Ал, шариғи мағынасы Аллаға иман келтірдім дегенді білдіреді. Осы бір тілге жеңіл сөзді әркімнің-ақ айтып жүргеніне бәріміз де куәміз. Пенденің бұл сырына әуелден қанық ұлы Алла: «Адамдар: сендік деумен сыналмай қойып қойылатындықтарын ойлай ма?» – деп ескерту ретінде хабар береді. «Уа кутубиһиге»  келер болсақ адам баласына ақ пен қараны, шындық пен жалғанды ажыратып, тура жолға бастайтын иләһи кітаптар меңзеледі. Тілімен Аллаға сендім деп айтқан пенделер, «ұлы жаратушы қасиетті кітабында өзін қалай таныстырды, қандай сипаттарға ие? Қайткенде Оған деген құлдық міндетімізді атқара аламыз? Кітапта көрсетілген үкімге лайық бола алдық па?» сынды сұрақтар төңірегінде тоқталып, толғанып көрді ме екен? Олай болмағанда әркімнің өз бетінше болған танымы пайда бермесі ақиқат.

«Сіз әмәнту биллаһи кәмә һуә би әсмәиһи уә сифатиһи» дедіңіз. Ол есім Алланың аттары һәмма ол Алла Тағаланың пиғылғазимларының аттары. Олардың мағынасын біл. Һәм сегіз сипат затилары не деген сөз кәміл үйрен. Өзіңді оның құлы біліп, өзіңе мүслим ат қойып, таслим болғаныңа раст боласың да, өз пиғылдарыңды  соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай аламба деп, надандық пен ол сөзден жиренбе. Ұқсамақ дәл бірдейлік дағуасымен емес. Оның соңында болмақ. Оның үшін Алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдырат, Басар, Самиғ, Ирада, Калам, Такуйн. Бұл сегізіне Алла тағаладағыдай камалат-ғазамат бірлан болмасада пендесінің әрбірінен өз халінше қылып жаратыпты және біз өзіміздің бойымыздағы сегіз зәррә аттас сипатымызды ол Алла тағаланың сегіз ұлық сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақтықпен біздің атымыз мұслим бола алама? Болмаса керек» (38-қара сөз) .

Хәкім Абай «Алладан басқа тәнір жоқ, Мұхаммад Оның құлы әрі елшісі» деп иман келтірген мұсылман. Алла Тағаланың көркем есімдері мен ұлық сипаттарын білуге міндетті екенін ескертеді. Әсіресе, ұлы жаратушының ісіне байланысты болған сегіз сипатын терең түсініп, қанық біліуді қадап айтады. Сонымен қатар, өз бойыңда болған іс сипатыңды, Алла Тағаланың ісіне байланысты сипаттарына шартты түрде ұқсатып, еліктеп бақ деп нәсихат береді де, Аллаға қайтып ұқсай аламын деп, надандарша сөзді айтылуы бойынша түсінбестен астарына үңілуге жетелейді. Пенденің Аллаға ұқсамақтығы, Онымен бірдей, тең дәрежеде болуға ұрыну емес. Қайта Құдайдың қауқарсыз құлы екенін жете түсініп, мойынсұну. Оның жолында өзін қалтқысыз түрде арнау керек екенін түсіндіреді. Алла Тағаланың ісіне байланысты аталмыш сегіз сипатының жаратылыстардан, әсіресе, адамзаттың бойынан түгелдей кездеседі. Ал, енді мен мұсылманмын деген пенденің өз бойындағы осы сипаттарды ұлы жаратушының сипаттарына салыстырмалы түрде ұқсату арқылы иманның қаншалықты кәмілдік деңгейге көтерілетінін ашып көрсетуге әрекет етелік.

Ұлы Алла тағаланың ісіне байланысты сегіз сипаттары:

ХАЯТ (тірі болу) Хақ Тағаланың әзәли сипатының бірі.

Оның тірі болуының басталуы жоқ һәм ақырласуы да жоқ мәңгі тірі. Бұл турасында қасиетті Құранда көптеген дәлелдер бар. Мысалы: «Сондай еш өлмейтін тірі Аллаға тәуекел ет» (Фұрқан сүресі, 58-аят). Мінеки, Ұлы жаратушы бастаусыз, аяқталусыз, үздіксіз тірі болса, жаратылыстарға да тән болған «тірі» сипаттың басталуы мен  аяқталуы бар. Алладан өзге барлық нәрсенің бастауы бар жаратылыс екендігі Құранда: «Раббыларың Алла сондай! Одан басқа құдай жоқ. Ол әрбір нәрсенің жаратушысы…»  (Әнғам сүресі, 102-аят) деп баяндалса, тағы бір аяти кәрімде «Оның өзінен басқа бүкіл нәрсе жоқ болады» (Қасас сүресі, 88-аят)  деу арқылы Алладан өзге күллі жаратылыстың өткінші екенін ұғындырады.

ҒЫЛЫМ (білу) Хақ Тағаланың әзәли сипатының бірі.

Қамтымайтын еш нәрсесі жоқ теңдессіз ғылым иесі болған Ұлы жаратушы өз білімі турасында «Ғайб әлемінің (көместің) кілттері тек оның құзырында. Оны өзінен басқа ешкім білмейді. Және Ол жердегі, теңіздегі барлық нәрсені біледі. Тіпті, бір жапырақ түссе де міндетті түрде одан хабардар. Жердің қараңғы қабатындағы бір тал дән де, құрғақ және дымқыл барлық нәрсе де ашық кітапта бар» (Әнғам сүресі  59-аят) – деп, жаратылыс атаулының білуі мүлдем мүмкін болмаған жағдайларды толық білетіндігін паш етеді. Ал, жаратылыстарға да нәсіп болған «ғылым» сипатының шектеулі екені қасиетті Құранда былайша баяндалады «Періштелер: «Сен пәксің! Біздің сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине Сен толық біліуші, өте данасың» деді. (Бақара сүресі 32-аят)

БАСАР (көру) Хақ Тағаланың әзәли сипатының бірі.

Ешбір нәрсені қағыс қалдырмастан толық көруші екендігін қасиетті Құран «…Сөзсіз Ол, әр нәрсені толық көруші» (Мүлік сүресі 19-аят)  – деп, хабар берсе, тағы бір аятта «көздер Оны көре алмайды, Ол көздерді көреді…» (Әнғам сүресі 103-аят) деп жаратылыс біткеннің жанарының шектеулі екенін дәлелдейді. Яғни жаратылыста болған «көру» сипатының Раббысын көрмек түгіл, белгілі аралық пен аумақтағыдан өзге заттың өзін көруге дәрменсіздік танытады. Айтар ойымыздың жарқын мысалы ретінде Мұса (ғ.с) ның басынан өткен мыны бір жағдайды айта кетуді жөн көрдік: «Мұса (ғ.с) белгілі уәдемізде келіп, Раббы оған сөйлескенде (Мұса Ғ.С): «Раббым маған өзіңді көрсет, Сені көрейін» деді. (Алла): «Мені, әсте көре алмайсың; бірақ тауға қара, сонда егер ол орнында тұра алса, сен де мені көресің» деді. Сонда Раббы тауға елестеген сәтте, оны быт-шыт қылды. Мұса (Ғ.С) да талып түсті. Есі кіре сала: «Сен пәксің, Саған тәубе еттім, әрі мен сенушілердің алғашқысымын» деді.

ҚҰДІРЕТ (күш, құдіреттілік) Хақ Тағаланың әзәли сипатының бірі.

Ешқандай дәрменсіздік танытпайтын, бүкіл жаралмышты меңгеретін ұлы күш. Бұл жөнінде қасиетті Құранда: «Алла барлық нәрсеге құдіретті» – деп Құдай Тағаланың құдіретенің қамтымайтын ешнәрсесі жоқ екенінен хабар берсе және бір аяти кәрімде: «негізінде Алла сендерге жеңілдік қалайды. Өйткені адам баласы әлсіз жаратылған» – деу арқылы адам баласының тым қауқарсыз әрі құдіретті жартушыға мұқтаж екенін пәш етеді.

СӘМИҒ (естуші) Хақ Тағаланың әзәли сипатының бірі.

Сыбр еткен дыбыс атаулыны қағыс қалдырмай естуші. Ұлы жаратушының теңдессіз есту сипатқа ие екендігі қасиетті Құранның көптеген аяттарында баяндалған. Мысалы: «Шындығында Алла бәрін естуші һәм білуші»  (Хаж сүресі 75-аят). Ал, адам баласының естуі өзіне лайықты ғана деңгейде шектелген.

Абай «Алладан басқа тәнір жоқ, Мұхаммад Оның құлы әрі елшісі» деп иман келтірген мұсылман.

ИРАДА (қалау) Хақ Тағаланың әзәли сипатының бірі.

Іске асуы күмәнсіз әрі еш қиндықсыз болған шексіз қалау. Мінеи бұл ұлы жаратушының қалауы болса, ал, жаратылыстың қалауы шектеулі немесе жаратылыс қалауы жаратқанның қалауына дөп келегенде ғана жүзеге асады. Айтпақшы, ойымыздың тамаша дәлелі ретінде Құрандағы мына бір аятты ұсына кетуді жөн көрдік: «Еш нәрсені» “Осыны ертең істеймін” деп айтпа. Бірақ “Алла қаласа (жасаймын)” (де).

Ұмытқан заман “Рабыңды есіңе ал да туралыққа жақынырақ жолға салуынан үміткермін” де (Кәһф сүресі 23-24 аят). Мінеки бұл аяттың түсу себебі: Мұхаммад(с.ғ.с) ға, Яһудилердің нұсқауы бойынша, Араптардың, рух, үңгірдегілер және Зұлқарнайын туралы сұрағанда: “Алла қаласа”деместен; “ертең жауап берейін” дегендіктен уахидың кешіккенін ескерткен. Бұдан біздің алар тәліміміз жаратылыстың таңдаулысы болған сүйкті досы Мұхаммед(с.ғ.с) ның да қалауы Ұлы жаратушы иенің қалауына сай келген де ғана іске асатынын терең тсіне білу.

КӘЛӘМ (сөйлеу) Хақ Тағаланың әзәли сипатының бірі.

Бұған жарылқаушы Жаппар иемізден түскен иләһи кітаптар мен уахи парақтары дәлел. Құранның кейіннен қағазға жазылуы, дыбысталып оқылуы болса, ол Алла Тағаланың кәләм сипатының кемелділігіне кері әсерін тигізбеі. Қасиетті құранда: «Біз (кей мәселелерде) елшілердің кейбірін басқаларынан артық, дәреже жағынан жоғары қылдық. Олардың арасында Алланың(уахимыз, перде сыртынан) тікелей тілдескені бар» (Бақара сүресі, 253-аят) «Сондай-ақ бұдан бұрын өзің ызғаызға айтып бергент пайғамбарларымызға уахи тұсіргеніміздей, жай күйлерін саған баяндамаған басқа  да көптеген пайғамбарларымзға да уахи түсірдік.

Және  Алла Мұсамен арнайы тілдесті» (Ниса сүресі 164-аят). Имам Матуриди: «Алла Тағаланың кәләм және фиғл сипаттары да, басқа сипаттары да қадим. Алла Тағала затында, сипатында ұқсасы жоқ. Оның сипаттарына жаратылысқа тән өзгеру, жоқ болу сынды кемшілікті телу дұрыс емес. Алла Тағаланың кәләм сипаты адам баласының кәләмынан өзгеше. Оған дәлел: Құранның мұғжизалығы. Сондай -ақ, адам баласы құранда баяндалған құмырсқа, Һуд-һуд сөзін және таулардың Алланы пәктеген тәсбихатын түсіне алмайды. Демек, бұлардың тілі адамның тіліне ұқсамайды. Алла Тағаланың кәләмін қалай адам баласының сөзіне ұқсатпақ. Адам баласы оқыған құран Алла Тағаланың зәти кәләм сипатына ишарат ететін дәлел» деген.

ТӘКУИН (болдырту) Хақ Тағаланың әзәли сипатының бірі.

Ешқандай амал-әрекетсіз- ақ ,«бол» деген әмір арқылы кез-келген нәрсе бірден болады. Ұлы жаратушының бұл сипаты туралы құраннан көптеген аяттар кездеседі. Соның біреуіне тоқталсақ: «біз бір нәрсені жарыққа шығаруды қаласақ оған тек «бол!» десек-ақ, ол пайда бола қалады.» (Нахл сүресі 40-аят).

Ал, осы бір сипаттыың адамда да бар екені белгігі. Сүйтседе  қалай салысымен немесе айта салумен жүзге аспақ емес. Тек қана жаратушы иенің қалауымен болдыруына дөп келген жағдай астында жүзеге асады. Ұлы Алла Тағалада болған аталмыш сипаттардың адам баласының бойынан да табылатындығы алайда салыстыруға келмейтін орасан зор деңгейдегі алшақтық бар екенін құран аяттарынан көріп білдік. Хәкім Абайдыңда: «өз пиғылдарыңды  соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай аламба деп, надандық пен ол сөзден жиркенбе. Ұқсастық – дәл бірдейлік дағуасы бірлән  емес, соның соңында болмақ» – дегені осы еді. Ашығырақ айтсақ; Ұлы жаратушының пендеге силаған сипаттарының шектеулі, Ал Өзінің сипаттары санаға сыймайтын теңдессіз әрі мүлтіксіз екенін тереңнен түсінген де ғана Оған деген құлдық сенімінде кінәрат болмасы ақиқат. 

Қызырғазы МӘЛІКҰЛЫ,  имам.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: