АҚШ-та атышулы 11 қыркүйек оқиғасы орын алуымен әлем елдері дүрлігіп, Самюэль Хантингтон секілді болжағыш саясаткерлер алда түрлі өркениеттердің қақтығысуы мүмкін екенін алға тартты.
Дегенмен Дүниежүзілік соғыстың бір емес екеуін бастан кешкен әрі одан орасан зардап шеккен дүниежүзі халықтары бұндай күрделі жағдайда ешбір қақтығыс түрлеріне жол бермей, бейбітшілікке үмітті еселеу қажеттігін жақсы түсінді.
Ол үшін текетірестердің жаңа түрлерін болдырмауда жаңашыл лайықты бастаманы алға тарту қажеттігі туындады. Әлемнің ендігі бейнесінде плюрализмге (көптүрлілік) оң көзқарас, өзгешеліктерді дұрыс қабылдауды білдіретін толеранттылық, әрқандай ерекшеліктерді сыйлау, рухани келісім мен түсіністік тұжырымдары алға шығуы тиіс еді.
Монологтан гөрі диалог ортақ әңгімеге көп адамдардың араластығын білдіреді. Ал діни саладағы диалог болса, діни көшбасшылардың бас қосып, әлемдік не аймақтық проблемаларға ортақ шешім іздеуінен туған бастама екені белгілі.
Осы орайда, Қазақстанда әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастырып, діни жетекшілер үшін пікіралмасудың бірегей дінаралық диалог алаңын құру арқылы әлемге бейбітсүйгіш, рухани келісім жолындағы ел ретінде танылды. Себебі қазіргі маңызды құндылық ол бейбітшілік пен тұрақтылық екенінде дау жоқ.
Дін ғалымдарының пайымынша, дін: сенім мен ғылым, пәни өмір мен ақырет әлемі, табиғат пен құдайылық кітаптар, материалдық пен руханилық, жан мен тән секілді кереғарлықтарды табыстырады және әр дін өз пайғамбары арқылы сүйіспеншілік, өзара сыйластық, сабырлық, кешірімділік, мейірімділік, адам құқығы, бейбітшілік, бауырмашылдық және еркіндікті жақтайды.
Демек, ендігі әлем беталысында материализм емес, руханият және рухани құндылықтар, өзара келісім мәдениеті жоғары тұруы тиіс. Жуырда Қазақстанда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VII съезін де келген қонақтар лайықты бағалады. Кең пікіралмасу өтті, ізгі ойлар сарапқа салынды, өзекті мәселелер қарастырып, тиісті шешімдер айтылды.
Бұндай деңгейі биік жиындарда бірлік пен ынтымаққа шақыру әрбір рухани көшбасшылардың негізгі міндеті. Себебі Жаратушы иенің халифасы ретіндегі биік міндет берілген адам баласы жер бетінде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатып, ортақ дамуға жол ашуға міндетті. Ал бұндай асқақ идеяны жүзеге асыру, оның үдесінен шыға білу бірлік пен ынтымаққа тікелей байланысты.
«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деп халқымыз бекер айтпаған. Әрбір сәмәуи діннің мұраты Жаратушы иені таныту десек, ол Жаратушының бізден қалауы не деген заңды сұрақ туындайды. Жаратушы иенің адам баласынан қалауы өзін тануы, ғаламдағы құдірет шеберліктерін көре біліп, соған таңдана бас июі, құлшылық жасауы, адамдар арасында достық орнатып, татулық пен келісім мұратын жүзеге асыруы. Адамдар ұлты, тілі, сеніміне қарай бөлінбеуі керек.
Адамзаттың бұл тұрғыда бәрі тең. Абай атамыз айтқандай, «Тегінде адам баласы басқалардан ақыл, мінез, біліммен ғана озса керек». Кез келген елдің тілегі мен арманы халқының бейбітшілігін, береке бірлігін сақтау екені сөзсіз.
«Бетеге кетсе, бел қалар. Бектер кетсе, ел қалар. Берекең кетсе, нең қалар?!» деген дана халқымыз, бірлігі жоқ елді берекесіздікке жатқызған. Сондықтан бата бергенде «елдің береке, бірлігін сақта» деп тілеген. Татулықта ғұмыр кешіп, соғыс отын тұтатпауды жоғары бағалап, уақыттың ең өзекті мәселесі ретінде қараған. Қазір көрші елдерде орын алып жатқан соғыстарды көргенде, жанымыз түршігеді. Қаншама адам жазықсыз қыршыннан қиылып, жауқазын гүлдер солуда. Ал соғысты болдырмау бейбіт заманның қадірін үғынумен тікелей байланысты.
Дәстүрлі дініміз ислам да тек бейбітшілікті жақтайды. Сондықтан, жас ұрпақ Мұқағали Мақатаевтың «Болмасын соғыс, болмасын!» деген өлеңін тереңірек мән бере оқып, рухани көшбасшылар халықтардың достық пейілін сақтауға, бірлігі мен ынтымағын жарастыруға күш салуы керек.
Әлемдік рухани көшбасшылар барлық нәрсенің негізгі өлшемі адам және адамның бақыты екенін естен шығармауы тиіс. Барлық нәрсе адамды бақытты етуге бағытталуы тиіс. Адамның адамға бауырмашылдық танытуы, жанашырлықпен қарауы, өзара түсінісуге тырысуы маңызды. Адам адамға қасқыр емес, бір ата мен бір анадан тарайтын түбі бір туыс не бауыр. Яссауи бабамыз «Кәпір де болса ешкімге берме азар» десе, Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетін айтуда.
Адамзаттың бәрін сүю өз ұлтыңды ғана сүюден әлдеқайда жоғары екені анық. Әркім өз елін сүйе отырып, адам ретінде өзгелерге құрмет көрсете білу керек. Хазірет Али бұл тұрғыда «Мұсылманды діндес бауырың ретінде жақсы көр, ал өзге сенімдегі адамдарды адам болғаны үшін құрметтей біл» деген тағылымды сөз айтады.
Тарихымызға қарасақ, түркі мұсылмандығының өзегінде кісіге деген құрмет жатқанын көру қиын емес. Бауырды бауыр, туысты туыс, жақынды жақын, көршіні көрші, ағайынды ағайын ретінде ішке тарту ол халқымыз үшін ешқашан жат болмаған. Тіпті құдайы қонақ болып шаңыраққа жолы түскен мүлдем таныс емес бөтен адамға да қазақ жатсынбай, қолынан келгенше көмегін жасаған.
Міне, бұның бәрі елдің тарихи жадында бар кісіге құрметті, адам баласын қадірлеуді, арасын үнемі жарастырып отыруға бағытталған адами қасиеттерді білдіреді. Бүгінгі күні рухани көшбасшылар дінаралық диалог мақсатындағы бас қосуларда әр ел мен әр діндегі осындай адамгершілікке шақыратын, кісіге құрметпен қарауды алдыға шығаратын негіздерге әлем жұртшылығын көбірек ұйыстыра білуі тиіс. Бұл олардың және бір міндеті деуге толық негіз бар.
Ислам тарихына қарасақ, мұсылмандар әрдайым өзге дін өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүріп келгенін көреміз. VII ғасырдан бастап өзімен қатар қоныстанған иудей, христиан, отқа табынушылармен және басқа да діни сенімдегі адамдармен ымыраластықта өмір сүре білді.
Ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) Меккеде әһлі кітап иелері саналған кісілермен жақын достық құрып, олармен көркем қарым-қатынаста болған және Мекке кезеңінде әлі уахи алмаған кезінде кейбір мәселелерде шешім шығару үшін мүшріктерге емес, христиандарға жүгінгені ойлантарлық.
Тарихта мұсылмандар алғашқы көшпен (хижра) пана іздеп христиандар мекені Эфиопияға (Хабашстан) барды. Патша Нәжаши құзырында ислам сенімі туралы диалог өрбіп, алған жауабына Нәжашидің көңілі толып, мұсылмандарға өз жерінде қоныс тебуге рұқсат берген. Мұсылмандар әрдайым Кітап иелерін «әхлі кітап» статусында қарастыра отырып, олармен көркем мәміледе болуға барынша тырысқан.
622 жылы Мекке қаласынан Мәдина қаласына хижрет жасаған Мұхаммед пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қаладағы өзге дін өкілдерінің ортақ келісімімен «Мәдина» келісімшартын жасады. Бұл келісімшарт – исламдағы толеранттылықты, өзге дін өкілдерімен ортақ ымыраластықты, бейбіт қатар өмір сүре білуді, адам құқықтарына деген құрметті, бұған қоса, сенім бостандығы мен ар-ождан еркіндігін қамтыды.
Қасиетті Құранның: «Уа, Кітап иелері! Сіз бен біздің арамызда осы ортақ қағидаға келіңіз: Алладан басқа ешкімге құлшылық етпейміз. Біз одан басқа Жаратушы танымаймыз және Алладан өзгеге сиынбаймыз. Егер олар бас тартса, «өзімізді Аллаға тапсырдық» деп куә болыңыз» [Әли Имран сүресі, 64] деген аяты мұсылмандарға Кітап иелерімен диалог жасауға шақыруда.
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің өмірлік ұстанымдарында өзге дін өкілдеріне құрмет көрсете білді әрі әрдайым соны өсиет етті. Ол туралы мынандай өсиетін айтты: «Кім адамды (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамын) өлтірсе, ол жәннаттың исін де сезбейді.
Әрине, жәннат исі жетпіс жылдық қашықтықтан келіп тұрады». Кейінгі халифалар да мұсылмандардың қоластына кірген елдерде осы ұстаныммен билік жүргізіп, өзге дін өкілдерінің рухани мәдени жәдігерлерін сол қалпында сақтап, наным сенім еркіндігі мен басқа да құқықтарына құрметпен қарауды бұлжымас әдет етті.
Қорыта келгенде, жалпыадамзаттың құндылықтар жүйесін қалыптастыруда рухани көшбасшылардың міндет дегенде, қоғам үшін осындай негіздерді дәріптеудің маңызын тағы бір рет еске алудың өзектілігі айқын екенін айта аламыз.
Алтынбек Ұтысханұлы,
Атырау облысы Бас имамы