Қазақстандықтар Республика күнін қалай атап өтеді?

Қазақстанда Республика күнін атап өтуге белсенді дайындық жүріп жатыр.

Мерекелік іс-шаралар шеңберінде республикалық және өңірлік деңгейде ауқымды бағдарлама жоспарланған. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтетін ең ірі және маңызды оқиғалар туралы осы материалдан біле аласыздар.

17-21 қазан аралығында Қазақ ұлттық өнер университетінде XXV халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар байқауы өтіп жатыр.

18-23 қазан аралығында Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қабырғасында Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалі өткізіліп жатыр.

21 қазанда «Бозоқ» Ұлттық саябағының аумағында ежелгі Бозоқ қалашығын қайта құрудың басталғаны туралы тарихи еске алу капсуласын салу рәсімі өтеді.

21 қазанда Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық орта мамандандырылған музыка мектеп-интернатының ұйымдастыруымен «Республика күніне арнау» концерті өтеді.

21 қазанда Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі «Қазақстан – балалар көзімен» балалар шығармашылығына арналған көрмені өткізеді.

Алматыдағы орталық мемлекеттік музейде 22 қазанда «Тәуелсіз Қазақстан» залы реэкспозициясының тұсаукесері өтеді.

24 қазанда Ұлттық академиялық кітапханада «Менің Республикам» ақындар сайысы өтеді.

Сондай-ақ, 24 қазанда Абай облысында орналасқан «Жидебай-Бөрілі» Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық – мұражайы «Республика күні – ұлттық мереке» атты кітап көрмесін ұйымдастырады.

25 қазанда «Қазақстан камератасы» классикалық музыка ансамблі ұйымдастырған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының камералық залында «Мерекелік шашу» концерті өтеді.

25 қазанда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының қолдауымен «Өнеріміз саған – Қазақстан!» концерті өтеді.

Сондай-ақ, 25 қазанда Ұлттық музейде «Ұлттың ұлы ұстындары» республикалық шығармашылық байқауы өтеді.

Сонымен қатар, 25 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында 2rar, Yenlik және Қайрат Нұртас концерті өтеді.

Сол сияқты 25 қазанда  Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» спектаклі көрсетіледі, ал «Қазақстан» орталық концерт залында қазақстандық танымал әнші Роза Рымбаеваның концерті өтеді.

26-28 қазан аралығында «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.