Атырауда «Мәулімберген» мешітінде көп балалы отбасыларға көмек көрсетілді

Атырауда «Мәулімберген» мешітінде қайырымдылық шарасы өтті.

Ізгілік шарасы аясында көп балалы 20 отбасына азық-түлік пакеттері табыс етілді.

Қасиетті «Мәуліт» айының құрметіне орай өткен шарада мешіт имамы Мақсот Бағытжанов уағыз-насихат айтты.

«Әрбіріміз өзіміздің ата-анамыздың, балаларымыздың, туыс-жақындарымыздың, құрбы-құрдастарымыздың және басқа да қаншама адамдардың туған күндерін қуанышпен атап өтеміз.

Ал қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнін атап өту бәрінен гөрі лайықтырақ емес пе?!

Қазіргі біздің жағдайымызда Мәулітті атап өту тіпті міндетті десек те болады. Себебі, басқаны қойғанда мұсылмандардың өзінің арасында өміріндегі басты идеалы болуы тиіс Пайғамбардың аты-жөнін де жөнді білмейтін, діни ұстанымдарын дұрыс түсінбейтін жандар бүгінде жетерлік.

Сондықтан, Мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар туралы, Оның алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтау жайында мешіттерімізде, іс-шараларымызда, жиындарымызда жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары жайлы  үгіт-насихат жүргіземіз» деп атап өтті шара аясында «Мәулімберген» мешітінің имамы Мақсот Бағытжанов.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.