Мәуліт айы – сүйікті Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген құрметімізді арттырып, өнегелі өмірін жақын тануға тағы бір мүмкіндік берері сөзсіз. Адамзатың сәруары Мұхаммед пайғамбарымыздың өмірін қарасақ, адамзатқа тән бүкіл қасиетке ие екенін көреміз. Қандай ғажап!
Мешіттерде күн сайын шақырылатын азан даусында «Мұхаммед» есімінің айтылуы бекер емес. Яғни Алла Тағала өзінің есімімен бірге ардақты пайғамбарының есімін қатар атауында таңғажайып сыр жатыр. Тәулік бойы «Мұхаммед» есімінің ұлықталып тұруы – оған деген құрметтің жоғары болатынын еске салып тұрғандай. Мұсылманның куәлік сөзі болған «Кәлима таухид» және «Кәлима-и шәһадат» сөздерінде де «Мұхаммед» есімі ерекше ардақталады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сондай қарапайым болған. Қасында отырып ең соңынан сөйлеген кісілерді де бірінші кісіні тыңдағандай мұқият тыңдайтын. Адамзат баласының ең мәртебелісі болса да сахабаларына: «Мені Алланың құлы әрі елшісі деп атаңыздар», – деген. Сахабалар да ешқашан есімін атамай «Я, Расулуллаһ», «Я, Нәбиуллаһ», «Уа, Алланың елшісі», «Уа, Алланың пайғамбары» деп құрметтеп өткен.
Адамзаттың асылы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 571 жылы, рәбиул-әууәл айының он екінші түні, дүйсенбі күні Меккеде дүниеге келген. Ол уақытта «Мұхаммед» есімі ел арасында кең таралмаған болатын. Елдің қадірлі ақсақалдары атасы Абдулмутталибтен немересіне қандай ат қойғанын сұрайды. Сонда Абдулмутталиб: «Немеремнің атын «Мұхаммед» деп қойдым дейді. Ру ақсақалдары мұның себебін сұрағанда атасы: «Алланың да, халықтың да мақтауына ие болғанын қаладым», – деп түсіндірген екен. Атасы айтқандай-ақ, Алла бұл есімді өз есіміне қатар қойып ардақтады. Атасы ерекшелеп қойған бұл есім күні бүгінгі дейін адамзат арасында ардақтаулы. Қияметке дейін дәл осылай пайғамбар есімі ауыздан-ауызға таралып, ардақтала бермек. Мақтаулы есімді әлем ойшылдары да ардақтаған. Даналығымен өз елін ғана емес, айдай әлемді бағындырған біршама Батыс ойшылдары да бұл ардақты есімді естен кетпес естелік етіп қалдырған. Соның бірі – ағылшын жазушысы Бернард Шоу. Бірде оған кезекті шығарма жазуға ұсыныс түседі. Бұл ұсыныс Ислам пайғамбарының бейнесін бұрмалау жайлы еді. Адамгершіліктен аттамаған жазушы Бернард өз қарсылығын білдіріп: «Ислам пайғамбарының өмірбаянын егжей-тегжейлі оқып шықтым. Ол туралы қайта-қайта оқыдым. Менің түйгенім, оның өмірі асқақ мінез-құлықтан құралған. Мұнан кейін Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) биік деңгейге қоятын болдым. Тіпті адамзат үлгі тұтуы керек болған әлемдік тұлғалардан биік қоятын болдым», – деген ол: «Алдағы жүз жылдықта Англияны, жожоқ, бүкіл әлемді жайлайтын бір дін болса, ол Ислам болуы мүмкін. Кісі таңғаларлық шапшаңдығы үшін мен Мұхаммедтің дінін өте жоғары бағалаймын. Бұл дін тұрмыстың барлық жағдайына бейімделе алатын, қай ғасырға да сай дін ретінде көзге түсуде. Ол ғажап кісіні мен зерттедім. Оны адамзаттың құтқарушысы деп білген жөн. Дәл сондай бір адам қазір әлемді басқарса, бейбітшілік пен татулықты орнықтыра отырып, барлық мәселелерді шешер еді. Мен былай топшылаймын: Мұхаммедтің сенімін ертеңгі Еуропа қабылдайды, оны тіпті бүгінгі Еуропаның өзі қабылдай бастағаны белгілі», – деп сөзін түйген екен. Қалайша ақылды адам демессіз?!
Әлемге аты әйгілі осындай тұлғалар асыл пайғамбардың есімін ардақтап, өшпестей ойлы сөз қалдырды. Немістің мемлекет қайраткері Отто фон Бисмарк былай деген: «Мен мынаны мойындаймын: Мұхаммед – ғажап бір күш. Жаратушы мұндай кісіні екінші рет жарата қоймас. Уа, Мұхаммед, сенің замандасың бола алмағаныма қатты өкінемін. Өзің таратқан мына кітап сенікі емес. Ол – Құдайдікі. Бұл кітаптың Алладан екенін мойындамау – ғылымды түгелдей жоққа шығарғанмен бірдей күлкілі нәрсе. Адамзат баласы сен секілді ғажап адамды бір-ақ рет көрді, ендігәрі көре алмас. Мен сенің алдыңда құрметпен бас ием». Бисмарктің осы сөзі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға деген бар құрметін көрсетіп тұр.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түрлі есімі бар. Атап айтар болсақ, олардың қатарындағы «Мұхаммед» есімі Құранның бірнеше аятында айтылады («Әли Имран» сүресі, 144-аят, «Аһзаб» сүресі, 40-аят, «Мұхаммед» сүресі, 2-аят, «Фәтх» сүресі, 29-аят). Ал Құранның 47-сүресі «Мұхаммед» есімімен аталған.
Кейбір есімдер ежелгі кітаптарда да кездеседі. Мысалы, хазірет Исаның «Ахмед» деген есіммен сүйіншілегенін Құраннан білеміз (Саф» сүресі, 6-аят). «Мұхаммед» сөзі «мақталуға лайық, мақталушы» дегенді білдіреді. Ал «Ахмет» сөзі «Аллаға ең көп шүкір етуші» деген сөз. Пайғамбарымыз көбіне көп Мұхаммед есімімен аталып, бұған қоса Хадиша анамыздан туған Қасым атты тұңғыш ұлына байланысты «Әбул-Қасым» (Қасымның әкесі) деген лақап есімі болған. Бір хадисінде: «Менің бес есімім бар. Мен Мұхаммедпін, Ахметпін, Махимін – Алла күпірді мен арқылы жояды, Хаширмін – адамдар Қиямет күні менен кейін тіріледі, Ақибпін – менен кейін пайғамбар келмейді», – деп айтқаны бар (Бұхари).
Ғалымдар Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімдері мұнымен ғана шектелмейтінін айтады. Олардың айтуынша, Құранда Пайғамбарымыздың сипаттары ретінде расул, нәби, шаһид, мубәшшир, бәшир, мунзир, сиражун-нур, муддәссир, муззәммил, хатамун-нәбииун сияқты есімдері айтылады. Алла Тағала бұдан бөлек Хақ елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне тән Рауф және Рахим атты екі есіммен марапаттап, қадірін айшықтай түскен («Тәубе» сүресі, 128-аят). Олай болса, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімінің көптігі, оның қадірі мен мәртебесінің биіктігін көрсетеді.
Нұрсұлтан АҚЖОЛ
«Иман» журналы, №9, 2024 жыл