Тылсым дүниелерге елігу, сол нәрсенің құпиясын ашып көру, зерттеу – адамдарға тән дүние. Көбіне бұл арқылы тағдырларға болжау жасап, болашақты білу не болмаса мінез-құлық ерекшеліктерді анықтау көзделеді.
Сондай бір қолдан жасалған айлакерлік лас істердің бірі – қазір қоғамда кейбір адамдар имандай сенім артып, тіптен бәзбіреулер өмірлік тәртібі ретінде қарап жүрген нумерология түсінігі.
Нумерология – табиғат болмыстарына, адамдарға сандардың жағымды немесе жағымсыз әсер ете алатыны жайындағы жалған сенімнен пайда болған, ғылым атты қасиетті атауға мүлде тоғыспайтын дәлелсіз дүние.
Асыл дініміз исламдағы Жаратушыға деген сенімізде әлемдердегі барлық құбылыстар, өзгерістер, әрекеттер, тағдырлар, көзімізге көрініп не көрінбейтін дүниелердің барлығы да Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асып, оның қалауымен өзгеріп отырады. Сондай ақ, тағдырды да болашақты да Алладан басқа ешкім білмейді және ол мүмкін емес дүние. Осы туралы «Ағраф» сүресінің 188-аятында Жаратушы иеміз Хақ Тағала былай деп ескертеді: قُل لَّآ أَمْلِكُ لِنَفْسِى نَفْعًا وَلَا ضَرًّا إِلَّا مَا شَآءَ ٱللَّهُ ۚ وَلَوْ كُنتُ أَعْلَمُ ٱلْغَيْبَ لَٱسْتَكْثَرْتُ مِنَ ٱلْخَيْرِ وَمَا مَسَّنِىَ ٱلسُّوٓءُ ۚ إِنْ أَنَا۠ إِلَّا نَذِيرٌ وَبَشِيرٌ لِّقَوْمٍ يُؤْمِنُونَ
Оларға: «Мен, Алла қаламайынша, өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын. Егер ғайыпты (болашақты) білетін болсам, (еш уақытта шығынға ұшырамай) әрдайым мол табысқа кенеліп отырар едім һәм (алдағы қауіп-қатерден алдын-ала сақтанар едім де) басыма ешқандай жамандық та, бәле-жала да келмес еді. Мен бар болғаны иман етуге ниетті қауым үшін (оларды әртүрлі теріс жолдардан сақтандыратын) ескертуші әрі (иман мен игілікті істердің қарымы Алланың кеңшілігі һәм жұмағы екенін жеткізетін) сүйіншілеушімін», – деп айт.
Ал Ибн Халдун өзінің әйгілі Муқаддима атты кітабында былай дейді: «Сиқыр: қабілеттіліктердің мән-жайы туралы ілім. Адамзат сол ілім арқылы аспаннан келген күштердің көмегімен немесе көмегінсіз тылсым әлемге әсер ету күшіне ие бола алады. Сиқыр үш деңгейде болады: Біріншісі: көмекші аспапсыз, жәрдемшісіз тек өзіндік күші арқылы әсер ету.
Философтар осы түрді сиқыр деп атаған. Екіншісі: аспан денелері не элементтердің немесе арнайы сандардың көмегі арқылы жасалатын түрі. Мұны тылсым күштер деп те атайды. Бұл сиқырдың әлсіз түрі. Үшінші: елес күштерінің әсерінен болатын түрі.
Сиқыршы сол күштері игеріп, сосын жағдайға байланысты оларға қосымша қияли әсерлер мен бейнелер қосады. Содан кейін өзінің әсерлі ептілігін пайдаланып, сол күштерді көрермендерге көрсетеді. Сонда ол әрекет көрермендерге әдеттен тыс құбылыс болып көрінеді. Ал расында ол жерде әдеттен тыс ештеңе жоқ. Философтар мұндай әрекетті фокус, айлакерлік деп атаған».
Сөзімізді түйіндей келе Бұқар жырау Қалқаманұлы бабамыздың «Тілек» атты жырымен аяқтар болсақ:
«Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Әзәзіл, пасық, залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Алла Тағала барша мұсылман жұртын адасудан сақтасын
Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,
“Сұлтан Бейбарыс” мешітінің бас имамы,
Атырау қаласы.