Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ, Атырау облысының Бас имамы: ХАЛАЛ ДЕГЕН НЕМЕНЕ, ХАРАМ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

Бүгінде халал өнімдерге деген сұраныс​ артып келеді. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлымен арадағы сұхбат осы тақырыпқа арналды.

– Алдымен, халал мен харам ұғымына анықтама беріп кеңінен түсіндіріп өтсеңіз…

– Халал – барша мұсылмандардың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты шариғат тыйым салмаған іс-әрекеттер шеңберін қамтитын тек Ислам дініне тән ұғым. Сондай-ақ «халал» – «шариғат бойынша жасауға болады» деген нақты діни үкімнің атауы. «Халал» сөзі араб тілінен аударғанда қазақ тіліндегі «адал» деген сөзге саяды және ислам шариғаты бойынша дұрыс, рұқсат етілген дегенді білдіреді. Әрбір мұсылман және діннен сәл де болса хабары бар адам халал мен харамның орнын біледі.

Бұл үкімдер Алланың әмірлерінен туындаған және оны өзгертуге ешкімнің хақысы жоқ. Ал «харам» сөзі араб тілінен аударғанда «тиым салынған» деген мағынаны білдіреді. Яғни ислам дініндегі тиым салынған істер мен әрекеттер.


Дініміз тыйым салғаны үшін кейбір жануарлардың еттерін жеуге болмайды. Әрине бұл тыйымдарда көптеген хикметтер бар. Мұсылмандар бұл хикметтерді біле бермесе де діннің тыйым салған нәрселерін жасамау керек. Алла Тағала «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді. Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандары басқа», – деп үкім ете отырып, жейтін етіміздің қайсысы адал, қайсысы арам екенін атап көрсетеді.

Жалпы, иісі мұсылман үшін халал мен харамға мән берудің маңызы неде?

– Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен. Сондай-ақ, харам нәрселерді пайдалануда адамның ақиреті мен дүниесіне тиетін зияны мен қаупі барын ескертіп, харамнан бойын сақтаған адамның екі дүние нығметіне кенелетінін сүйіншілеген.​ Екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) бұл жайлы:
«Намыспен халал ризық іздегендер шәһидтердің дәрежесінде болады», – деген. Тағы бір өсиетінде: «Халал рызық іздеу – мұсылмандарға парыз», – дей келе: «Бір кісі қырық күн халалдан жесе, Алла Тағала ол кісінің жүрегін нұрландырады, жүрегіндегі хикметті тілінен ағызады», – деп адал астың рухани тұрғыдан тазаруға қаншалықты пайдалы екенін айтады.
Халалдың қоғам үшін атқаратын қызметтері көп. Экономикалық салада да, денсаулық сақтау саласында да, әр адамның жеке гигиенасының сақталуы мен рухани тазалықтың себепшісі ретінде халал өнім көп рөл атқарады. Қазақ «тәні саудың жаны сау» немесе «ас – адамның арқауы» деп бекер айтпаған.
Мұсылмандардың харам астан бас тартуын, Алла әміріне бой ұсына отырып, өз денсаулығына жасаған қамқорлығы деп пайымдаған жөн.
Медицина ғалымдарының жазбаларына сүйенсек, доңыз өте лас хайуан. Әрі етінің құрамында барлық минералдық заттар мен витаминдер салыстырмалы түрде өте аз мөлшерде ғана кездеседі.

-Бұл тақырыпта ата-бабамыз не айтқан, бабалар тәрбиесі не дейді?


– Өте орынды сұрақ қойдыңыз. Жалпы қазақ халқы адал мәселесіне ерекше қараған. Адал еңбек, адал ас, адал жар ұғымдары халыққа ежелден етене жақын. Ұрпағының санасына адалдық ұғымын жастайынан сіңірген. Бұл турасында ұлт зиялыларының шығармаларында кездесетін дүниелер аз емес. Шәкәрім бабамыз малды адал бауыздау туралы өзінің «Мұсылмандық шарты» еңбегінде былай деген: «Мал бауыздағанда бисмил-лаһи Аллаһу акбару деп, өңдіршек пен жұтқынның екі арасын бауыздайды. Бауыздығында өңеш, кеңірдек, екі күре – төртеуін қияды. Үшеуі қиылса адал, екеуі қиылса арам болады. Жұлынды жаны бар күнінде қимайды. Онда мәкүрік болады. Жұтқын кеуде жақта қалса да мәкүрік болады. Бауыздаудың шарты бисмил-лаһи айтпақ, күре тамырды қимақ, өңдіршек пенен жұтқын арасынан бауыздамақ. Соны білсе, ұрғашының, баланың бауыздағаны бәрі адал. Бауыздауын құбылаға қаратқан жақсы. Бірақ қаратпаса да адал болады. Бір хайуан құдықта, яки бір қиын жерде болып, бауыздауға қолы жетпей, яки бауыздауы табылмаса – қай жерінен болса да найза, яки балта сықылды бір нәрсемен жара алғанда бисмил-лаһи Аллаһу акбару деп жара алса, сол жарадан өлерлік қылса, ол мал адал болады» дейді.

Халал сертификатын алудың талаптары

Кәсіпкер алдымен «Халал Даму» ЖШС директорының атына өтінішін, заңды құжаттары мен өнім үлгілерін (проба) жолдайды;

Тараптар арасында «Халал» өнім өндіру және қызмет көрсету бойынша консалтинг өткізу туралы келісім шарт жасалады;

Кәсіпорынның құжаттары бекітіледі, сертификаттау тәсілі анықталады;

Сарапшылар комиссиясы кәсіпорынның жұмыс барысымен, өндіріс тәсілдерімен, шариғат талаптарына сай болу деңгейін анықтайды.

Өнім үлгілерінің құрамы анықталады. Ол үшін біз Қазақстан-Жапон инновациялық генетикалық модификацияланған зертханамен келісімге отырып, бірлесіп жұмыс жасаймыз. Бұл зертхананың технологиясы заманымыздың ең мықты деген зертханалардан кем емес. Өнімнің құрамында өте аз мөлшерде де доңыздың ДНҚ-сын анықтап бере алатын мүмкіндікке ие.

Кәсіпорынға тұрақты бақылаушы жауапты тұлға бекітіледі;

Акт жасалады;

Сертификат табысталады.​ ​

Кез-келген өндіріс орындарын арнайы тексерістен өткізбей, халал стандартына сай жұмыс атқарып жатқандығына көз жеткізбей ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның «Халал сертификаты» берілмейді.

Көрдіңіз бе, бұлайша мал бауыздау ислам шариғатымен түсіндірілуде. Осыған қатысты бір қызық әңгімені де келтіре кетейін. Баяғыда тақуа кісілердің бірі Әбу Бәкір Уаррақ бір әңгімесінде: «Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін маңайымдағы кісілерге қарап, кімнің адал ас, кімнің арам ас жегенін ажырата алам, – депті.​ Жанындағылар: «Ұстаз, оны қалай ажыратасыз?» – деп сұрағанда, былай деп түсіндіріпті: «Кімде кім таң ата бос сөз, бөстекі әңгімеге салынса, әркімдерді сырттай жамандап, былапыт сөз айта бастаса, демек оның бұл әрекеті арам ас жегендігінен туындауда деп түсінем. Ал егер кімде-кім таңертең тұрғаннан кейін әуелі Алла Тағаланы көп зікір етіп, тәухид кәлимасын айтып, өзіне кешірім-истиғфар тілесе, оның бұл әрекеті адал ас жегендігінен. Өйткені адал да, арам да адамның күнделікті іс-әрекетіне міндетті түрде әсер етеді» деген екен.

-Қазақстанда халал өндірісі қалай дамуда? Бұл​ тұрғыда қандай ұйымдар жұмыс жасауда?

– Қазіргі уақытта тағамның құрамына түрлі белгісіз қоспалардың араласуына орай, шетелдік және отандық өнімдердің құрамын анықтау үшін заманауи зертхананың көмегі қажет. ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» ЖШС-ы Алматы қаласында орналасқан «TreeGene» молекулалық-генетикалық зертханасы мен «КазНИВИ» Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты зертханасымен тығыз байланыста жұмыстар атқарылып жатыр. Зертхана техника жағынан соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған және білікті, білімді мамандарды қамтиды. Алайда ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің халал сертификатын жалған иемденіп, «Халал Даму» логотипі бар тамақтанатын орындар анықталып жатады. Оның себептері көп. Анықталған кезде дереу заң шеңберінде шара қолданамыз.


Біз мұндай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстарды жүргізіп келеміз. Мәселен, БАҚ арқылы халыққа «халал және харам» турасында көптеп түсіндіріп, ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Бұрынғыға қарағанда халықтың «халал, харам» жөнінде мәліметі артып, тұтынатын өнімдерінің халал немесе харамдығына аса ұқыптылық танытуда. Сондай-ақ халал асқа сұраныстың артқанын байқаған тамақтану орындары халал стандартқа сай жұмыс істеп, сараптамадан өтуге өтініш білдіруде. Бұл атқарылып жатқан жұмысымыздың нәтижелі көрінісі деп ойлаймыз.

-Оқырмандарға тағы да айтарыңыз?

– Халал, харам мәселесі тек аспен ғана шектелмейді. Өмірде адамды өкінішке салатын нашар істер де жоқ емес. Дініміз ондай істерге тыйым салған. Харамға үйір адамның тілегі де қабыл болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) арам мен адалға мән бермеген адам жайында: «Ішкені харам, жегені харам, табысы харам, бұның дұғасы қайдан қабыл болады», – деген. Шын мәнісінде бұл баршаға айтылған ескерту. Ендеше, дұрыс өмір сүруде, салауатты өмір салтын ұстануда халал мен харамға көңіл бөлудің мәні зор. Харам істерге арақ ішу, есірткі қолдану, кісі ақысын жеу, өтірік, өсек айту, алдау, арбау, зинақорлық секілді көптеген жаман істер де жатады. Дініміз бұндай жаман қылықтардан алыс болуға шақырады. Тыйым салу мәні де сонда. Ондай харам істерге әдеттенген адамның осы дүниесі жақсы болмағандай ақыреті де жақсы болмайды. Бір рет берілген ғұмырды осылай өткізу қандай өкінішті?! Ендеше таза жүріп, адалынан еңбек етіп, ұрпақты адалдыққа баулып, Алланың жақсы көретін құлы болғанға не жетсін?!

-Сұхбатыңызға бек рахмет!


Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА