Алтынбек Ұтысханұлы сайлау туралы пікір білдірді

Сайлауға қатысып, таңдауын жасаған Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы сайлау арқылы елімізде үлкен өзгеріс болады деген сенімі барын айтты.

«Халықтың талап-тілектері орындалады деген үмітім бар. Өзгеріс болғаны жақсы. Алла Тағала қасиетті Құранда «Қайсы бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» дейді. Демек, қауым өзгеру үшін әр адам, әр отбасы өздерінен бастаса ғана өзгере алады.

Ал, осы өзгеріске бірден-бір септігін тигізетін құрал – заң деп ойлаймын. Заң шығару үшін лайықты адамдар сайлануы қажет. Өзінің жеке мүддесін ғана ойламай, елдің, халықтың пайдасын ойлайтын, шынайы жанашыр азаматтар қажет. Қазіргі сайлауға түсуге бел буған партиялық тізім бойынша және өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған кандидаттар келеңсіздіктердің алдын алуға, атап айтқанда, парақорлық, жемқорлық, жалқаулық секілді жағымсыз қасиеттерді жоюға күш салатынын айтып жатыр. Сондықтан да сенім білдіріп, дауысымызды беріп жатырмыз. Пайғамбарымыз бір сөзінде «жамандық көрсеңдер қолмен өзгертіңдер, оған шамаларың жетпесе тілмен өзгертіңдер», деп сөз қалдырған.

Бұл жерде қолмен өзгерту дегені – заң арқылы ғой. Заң арқылы елде болып жатқан қателіктерді түзей аламыз. Бұл заңның орындалуының тағы бір жолы тілмен жеткізу. Халық тілекші болса, депутаттар олардың орындалуына атсалысуы қажет. Осылайша ел ретінде үлкен армандарымыздың орындалар күні де жақын екеніне сенгіміз келеді» – деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы журналистерге берген сұхбатында.