Арал хазірет туралы не білеміз?

Халық аузынан тарап бізге жеткен ауыз екі әңгіме аңыздарда, ел билеген билер мен елін – жерін қорғаған батырлар, ақын – абыздар,  сал – серілерге де шешен мен көсемге де, ұрпағын имандылық жолына бағыттап, діни сауаттылығын ашуда бар өмірін арнаған жандарға кенде болмаған. Солардың ішінде Арал хазірет атамыз ел -жұрт есінде мәңгіге сақталып қалған.

Үдерұлы Сұлтануәйс (Арал хазірет) – (1785 – 1795 жылдарда туған делінеді) ХІХ ғасырда өмір сүрген, діни сауатты, жоғары білім алған адам. Стерлитамақта дін оқуын бітіріп, елге 1813 жылы Арал «Хазірет» дәрежесімен оралған.

Туған жері Тумада«Көк мешітті» салдырып, екі бөлмелі жатақхана асханасымен медрессе ашып, ауыл балаларының сауатын ашуға аянбай еңбек еткен, Атырау өңірінің алғашқы қарлығаштарының бірі. 1840 жылы хан Жәңгірдің бұйрығымен указной молда болып бекітіледі. Жақсы сөзімен, дуалы ауыздың құдыретімен талайлардың жан дүниесін тазартқан, адасқандарды тура жолға түсіріп, Аллаға серік қосудан сақтанған, өзгелерді де осы бағытта тәрбиелепті.

Исламның тура жолына өз өмірін бүтіндей арнаған мұндай жанның аңыз болып ұрпақтан-ұрпаққа таралуы тегін емес. Елінің ыстық ықыласына бөленіп, сый құрметін көруі, ұрпақтарына ұмытылмас ұлағат, өміршең өнеге, пайымды парасат, азбас ақыл, тозбас тағылым болғаны ақиқат.

ҚР білім беру ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз Зәки Ахметжанұлының айтуынша Арал хазіреттің аты ғасырларға кетері аян. Ұлы Ғұбайдолла Уфада оқып, елге келгесін медресседе дәріс оқыған, Меккеге төрт рет барған көрінеді. Аралдан тараған ұрпақтары оқып, білім алып, ел игілігі үшін қызметкен, әлі күнге хазірет әулеті деп құрметтеледі. Аралдың қауымы Тумада, әлі күнге халық басына түнейді. Индер ауданы, Өрлік ауылының  оңтүстік – батысына қарай 70 шақырым жерде, Нарын құмында қауымдық қорымы бар. Сол қорымнан 800  м жерде Аралұлы Хисметолла  ахун хазірет салдырған мешіт құландысы  сақталыпты. 

Бүгінде туған  жері Өрлік ауылындағы мешітке Арал хазіреттің аты беріліп,  ел – жұртының ықыласына бөленді. Арал атамыз туралы дерек көп. Тарихшылар мен өлкетанушылар, бабамыздың ұрпақтарының аузынан еститін мәліметтер жетерлік. Оны келесі бөлімдегі жазбамызға қалдырдық.

Жалғасы бар…

Нұркен Мағриденұлы

Атырау қаласы