Әскер азаматтық болмысты  қалыптастырады

Азамат болу – тек жасыңның өсіп, бойыңның биіктеуі емес, рухани толысу мен жауапкершілік жүгін сезіну. Ал нағыз азаматтық болмыстың қалыптасуы – тәртіппен, шыдаммен, Отан алдындағы борышпен тығыз байланысты. Осы жолда ер жігіттің ерлік мектебі саналатын – әскер тұтас бір өмірлік сабақ, азаматтық тәрбиенің ұлағатты ошағы.

Әскерге барған адам бірінші кезекте тәртіпке үйренеді. Таң ата ұйқыдан оянып, белгіленген уақытпен жүру, бұйрықты орындау, көппен бірге болу – бұл ерік пен өзін-өзі басқару қабілетін қалыптастырады. Бұлар азаматтық болмыстың іргетасы. Тәртіп бар жерде жауапкершілік бар. Жауапкершілік бар жерде сенім артуға болады. Ал сенімді адам – қоғам үшін тірек.

Әскерде ұлт пен ұлысқа бөлінбестен, бір тудың астында, бір елдің мүддесі үшін қызмет етесің. Бұл орта – бауырмалдық пен бірлікті терең сезінуге мүмкіндік береді. Қатардағы сарбаз өзінің жеке басының емес, елдің амандығы үшін әрекет етуі керек екенін түсінеді. Бұл – азаматтық көзқарастың биік деңгейі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадисінде:

«Сендердің әрбірің – бақташысыңдар. Жауапкершілік жүктелгендерің үшін Алла алдында есеп бересіңдер» – деген. Бұл хадис бүгінгі сарбаздарға да, барша азаматтарға да арналып айтылғандай.

Отанды көру – бір бөлек, ал Отан үшін жан аямай қызмет ету – нағыз азаматтық парыз. Әскердегі әрбір күн жігіт баланың бойына еліне деген сүйіспеншілікті сіңіреді. Ата-ана мен туған жердің қадірін түсінеді. Шаңырақтың иесі болуға, қоғамның сенімді мүшесі атануға іштей дайындала бастайды.

Әскер – сынақ алаңы. Шыдамдылық, сабыр, төзім, батылдық сынды қасиеттер дәл осы ортада қалыптасады. Осындай қасиеттер өмірдің кез келген қиын сәтінде ер азаматқа бағыт-бағдар бола алады. Сарбаздық міндетті өтеп келген азаматтың сөзінен де, жүріс-тұрысынан да, көзқарасынан да жауапкершілік пен байыптылық сезіліп тұрады. Бұл – азаматтық болмыстың айқын көрінісі.  «Әскер – ердің мектебі» деп тегін айтылмаған. Бұл мектептен өткен әрбір азамат – елге қорған, отбасына тірек, қоғамға сенімді тұлға болуға қадам басады.

Әскерде болған жігіт – тек физикалық тұрғыдан шыңдалмайды, рухани жағынан да өседі. Онда елге, жерге, ата-анаға деген құрмет, жауапкершілік, тәртіп пен бірлік сезімі қалыптасады. Бұл – нағыз азаматтық болмыстың көрінісі.

Бүгінгі ел тыныштығы мен Тәуелсіздіктің тұғыры – осындай азаматтардың арқасында берік болуда.


            Алла Тағала елімізге тыныштық, сарбаздарымызға амандық, ұрпағымызға иман мен ұлтжандылық нәсіп етсін!

НҰРКЕН МАҒРИДЕНҰЛЫ