АТЫРАУ ИМАМДАРЫ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында атқарылған жұмыстарды қорытындылау жиыны өтті.

Жиын Құран аяттарымен басталып, қасиетті Құранды оқу мәртебесі «Иманғали» орталық мешітінің ұстазы Еркебұлан қариға берілді

Жиынның ашылуында бас имам Болатбек Ұласқанұлы имамдарға жүрекжарды тілегін жеткізді:

«Қадірлі әріптестер, Алла Тағала әрбір қадамымызға береке дарытып, халқымыздың бірлігі мен тыныштығы үшін еткен еңбегімізді қабыл етсін. “Ислам және отбасы құндылығы жылы” аясында атқарылған жұмыстар – ел ішіндегі имани ахуалды нығайтуға қосылған үлкен үлес. Алла разылығы үшін жасалған әрбір ісіміз сауаптан жазылсын. Алдағы жылда да татулықпен, ынтымақпен, ғылым мен амалдың үйлесімінде қызмет етуді нәсіп етсін. Жаратушы Жаббар Иеміз отбасыларымызға амандық, өңірімізге бейбітшілік, қызметімізге жеңілдіктер берсін. Әмин!»

Бұдан соң қала мен аудан бас имамдары 2025 жылы атқарылған жұмыстардың жылдық есебін баяндады. Есеп барысында ҚМДБ-ның негізгі төрт бағыты бойынша жасалған жұмыстар кеңінен талқыланды:

  • Дін мен дәстүр бағыты бойынша халықты рухани-ұлттық құндылыққа шақыру шаралары;
  • Уағыз-насихат жұмыстары, әлеуметтік желідегі ақпараттық-ағартушылық мазмұн және мешіт жамағатымен кездесулер;
  • Діни оқу-ағарту бағыты, медреселер, курстар және тұрақты сабақтардың жұмысы;
  • Жат ағымдардан сақтандыру, қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту мақсатындағы түсіндіру кездесулері.

Сонымен қатар әйел-қыздар секторы, жастар ісі, халал, қайырымдылық, мешіт шаруашылығы және басқа да бөлімге жауапты мамандар өз бағыттарының есебін ұсынды.

Жиынға Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қахарман Рахметұлы да арнайы қатысып, өңірдегі рухани бағыттағы серіктестік байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде:

«Дін саласы – қоғамның тұрақтылығы мен рухани тірегі. Облыстық дін істері басқармасы алдағы уақытта да ҚМДБ Атырау өкілдігімен бірлесе отырып, түсіндіру, алдын алу және ағарту бағыттарындағы жұмысты жалғастыра береді», — деп атап өтті.

Жиын соңында облыстық бас имам Болатбек Ұласқанұлы имамдардың еңбегін оң бағалап, алдағы жылы жұмысты жүйелі жүргізу, кемшін тұстарды жетілдіру және бірлік пен жауапкершілікпен қызмет ету қажеттігін тапсырды.