Атырауда 30-шы параны жатқа оқудан Құран сайысы өтті

Атырау өкілдігіне қарасты Ихсан мешітінде жамағат арасында қасиетті Құранның 30-шы парасын жатқа оқудан сайыс ұйымдастырылды. Рухани шараға облыс көлемінен 30 қари қатысып, Құран жарысында бақ сынады.

Сайыстың басты шарты – қатысушылардың 30-шы параны толық жаттап, алдын ала іріктеуден өтуі болды. Қатысушылар Құранды мәнерлеп, тәжуидпен оқуы, кідіріс жасау тәртібі, сондай-ақ киім үлгісі мен әдебі де қазылар алқасының назарында болды.

Сайысты Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы ашып, жамағат алдында арнайы сөз сөйледі:

«Қасиетті Құран – жүрекке тыныштық, жанға шипа. Біз бұл жарыс арқылы жастардың Құранға деген махаббатын оятып, имандылыққа бет бұруына ықпал етудеміз. Бүгінгі шара – жамағаттың, демеушілердің, ұстаздардың ортақ еңбегінің жемісі. Қатысушы әр қари – елдің ертеңі. Алла Тағала жүректеріңе Құран нұрын тұрақты етсін. Осындай ізгі амалдар ел руханиятына серпін береді,» – деді бас имам өз сөзінде.

Сонымен қатар, ол сайыстың өтуіне демеушілік еткен азаматтар мен мешіт жанашырларына алғыс хаттар табыстады. Сайыс қорытындысында:

•   🥇 Бірінші орын – Қадырбай Әбілхасан
•   🥈 Екінші орын – Ғасыр Байдолла
•   🥉 Үшінші орын – Бекзат Бауыржанұлы жеңіп алды.

Жеңімпаздарға қаржылай жүлделер табысталды.

🌟 Арнайы номинациялар бойынша:
Көрермен көзайымы:
– Аманат Жалғасбекұлы
– Абдулазиз Әміржанұлы
• Ең жас қари:
– 10 жасар Диас Шарафатұлы арнайы марапатталды.

Бұл Құран сайысы өңірдегі дін жанашырлары – Сымбат Қорабайқызы мен Медет Мұратоллаұлының рухына бағышталып, сауапты іс ретінде ұйымдастырылды.

Атырау өңірінде осындай игі бастамалардың жиі өтуі – жастардың діни сауатын арттырып, Құран жолына бет бұруына үлкен серпін береді. Ұйымдастырушылар болашақта бұл сайысты дәстүрге айналдырып, ауқымын кеңейтуге ниетті.