Атырауда қасиетті айт күнінде жаңа мешіт ашылды. Облыс орталығындағы Береке ықшамауданында ашылған мешітке ұлт азаттық қозғалыс батыры Амангелді Имановтың есімі берілді.
Мешіттің ашылу салтанатына жергілікті жұртшылық қатысып, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қуанышпен құттықтады.
«Азаны бар ауыл азбайды. Мешіт – руханияттың , тәрбиенің ордасы. Халқымызды бірлікке, ынтымаққа балу жолында еңбек етуге, ағартушылық саласын басты назарда ұстауға шақырамын» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
300 орындық мешіт бір қабатты. Заманауи стильде салынған мешітте Құран оқитын бөлме, намаз залы, неке қию бөлмесі, бас имам бөлмесі, наиб имамдар бөлмесі, қызметтік асхана бар.
Амангелді Иманов мешітіне дін саласының білікті маманы Назарбай Абдураманов имам болып тағайындалды.
Абдураманов Назарбай Базарқұлұлы 1989 жылы Түркістан облысы, Шардара ауданы, Шардара ауылында өмірге келген.
2007-2010 жылдары Шымкент медресесінде білім алған.
2010-2011 жылдары Көкшетау облысы, Есіл ауданындағы Есіл мешітінде ұстаз болып еңбек еткен.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Дінтану бакалавры» мамандығы бойынша бітірген.
Кейін жеке кәсіппен айналысқан.
2017 жылдан күні бүгінге дейін Атырау қалалық Құспан молла мешітінде наиб имам қызметін атқарып келді.