Атырау қаласы, Тасқала ауылында орналасқан «Мәулімберген» мешітінде 20 түп көшет отырғызылды.
Көшеттер мешіт аты берілген Мәулімберген атаның ұрпақтарының бастамасымен ауыл жастарының қолдауымен отырғызылды.
Жас көшеттер бұдан-былай «Мәулімберген» мешіті ұжымының тұрақты қамқорлығына алынады.
«Ислам – адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, содан соң сол иман аясында игі амал істеуге шақыратын дін. Құран Кәрімнің көп аятында еңбек ету әрдайым иманмен бірге қосарланып келіп, екеуі бір-бірінен ажырамас ұғымдар екендігі баса айтылған.
Еңбек етудің артықшылығы туралы Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадисінде айрықша атап өткен. «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, Қиямет басталып кетсе де қолындағы көшеттi (үлгеретiн шама болса) дереу отырғызсын» деп бұйырған (Бұхари). Біздің мақсатымыз – айналаны көгалдандыру, қоршаған ортаны аялау арқылы, жастарға экологиялық тәрбие беру» дейді «Мәулімберген» мешітінің имамы Мақсот Бағытжанов.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.