Бүгін Атырау облысы тарихи-мұраны зерттеу орталығы жуырда ғана жарық көрген «XІX-XX ғасырдың басындағы Атырау өңіріндегі мешіт, медреселер мен мектептер» атты кітап-альбомының таныстырылымын өткізді.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің мәжіліс залында өткен шараға зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар мен тарихшылар, мәдениет саласының қызметкерлері мен әр өңірден келген елді-мекен тұрғындар қатысты.
Жиында Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов алғашқы болып сөз алып, көпшілікке ұсынылып отырған кітап-альбомның құндылығын, оны дайындау барысында атқарылған жұмыстар туралы айтты.
Атырау облысы тарихи-мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев басылым материалдарын жинақтау барысында орталық мамандары еліміздің және Ресейдің бірқатар қалаларында археографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Атырау облысының барлық аудандарының аумағында далалық зерттеу экспедициясын ұйымдастырғанын және мешіттер туралы ақпараттарды Ресейдің Санкт-Петербург, Татарстанның Қазан, Башқұртстанның Уфа қалалары мен Алматы, Атырау қалаларындағы мемлекеттік архивтерінен алғандығын, ал аталмыш кітаптың жобасы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының бұрынғы басшысы Мұхамбетқали Кипиевтың бастамасымен жасалып, кітап-альбомды Атырау облысы тарихи-мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары Фархад Байдаулетов жинақтап құрастырғанын жұртшылыққа жеткізді.
Басқосуда сондай-ақ үздік өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев, «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Серік Қуаныш, өлкетанушы Есенбай Нұровтар өз ой-пікірлерін білдіріп, кітаптың ел тарихын түгендеуге қосар үлесі мол болатынын жеткізді.
Тарихымыздың ақтаңдақ беттерін толықтыратын мәліметке бай осынау кітап-альбомның тұсаукесер лентасын кесу құрметі үздік өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев, Көбен қажының ұрпағы Бөкенбай Ағаша мен Меңетай қажының ұрпағына берілді.